ЕЛ-ЖҰРТЫНЫҢ ЕРТЕҢІНЕ АЛАҢДАҒАН АЗАМАТ…
Өз заманында туып-өскен ауданының әдебиеті мен мәдениетіне, спорты мен біліміне, медицинасы мен ауыл шаруашылығы салаларына, жалпы ауданы мен қаласының экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, бұл күндері зейнет жасында болса да, жылдар бойы жинаған еңбек жолындағы мол тәжірибелерімен бөлісіп жүретін абзал жандар аз емес.
Сондай жандардың бірі – ұзақ жылдар бойы Зайсан аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында басшылық етіп, абыроймен зейнет демалысына шыққан ағамыз Айтан Қожасеитов. Айтекең соңғы жылдары сәл сырқаттанып қалғаны болмаса, әлі де тың. Аудандық, облыстық баспасөз беттерінде жарияланып жататын елдік мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, өмірден көрген-білген, жиған-терген тәжірибесімен бүгінгі жас ұрпақ өкілдерімен бөлісіп, реті келген жерде ақыл-кеңесін айтып отырғанды өзінің ақсақалдық парызы санайды. Осыдан біраз уақыт бұрын редакция қосынына келген еңбек ардагері «Мүмкін қажеттеріңе жарап қалар» деп он беттен тұратын естелік-жазбасын қалдырып кеткен. Сөздің шынын айтуымыз керек, ол жазбаны дер кезінде ашып, оқи қоюдың орайы келмеп еді.
«Сабақты ине сәтімен» демей ме, таяуда сол естелік-жазбаны қарап отырып өзіміз білмейтін көп нәрсеге, әсіресе, қой шаруашылығына қатысты бұрын-соңды естіп-көрмеген қызғылықты жайттардың куәсі болдық. Редакция алқасы ақылдаса келе: «Бүгінгі таңда қой шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтарға бір септігі тиіп қалар» деген оймен Айтан Мырзағалиұлының естелігін қысқартып болсын газетімізге жариялауды жөн санадық.
Министрдің тапсырмасы
1989 жылдың сәуір айының соңы. Облыстық басқарманың басшысы Қ.Ахметов телефон соғып: – Айтеке, сен орныңда бол, ертең Республика бойынша халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрі екеуіміз Зайсанға келеміз, – деді.
Жөпелдемеде не дерімді білмей: – Не шаруамен келесіздер, мен не істеуім керек? – дедім сасқалақтап.
Басқарма басшысы: – Ештеңеге әбігерленудің қажеті жоқ, малдарың қайда еді, бара аламыз ба? Евгений Яковлевич сенің шаруашылығыңды көріп, танысқысы келеді, – деді жайбарақат.
Ертеңгісін меймандарды аэропорттан қарсы алып, ешқайда бұрылмастан бірден қыстаққа тарттық. Еділбай қойлары ірі, көрер көзге тартымды келеді ғой. Министр жайылымдағы қойларды, олардың күйін көріп, «Өте тамаша екен» деп оң баға берді.
Қоштасарда: – Мырзағалиевич, мына бастамаң өте пайдалы әрі тиімді, ойланатын шаруа екен. Қырықбай Садуақасұлы екеуіміздің Зайсанға келгендегі мақсатымыз – сенің қойларыңды, шаруашылығыңды көріп, танысу болатын. Өйткені біздің системада сенен басқада мал жоқ. Аудан басшыларында болдық, жер, жайылым, қора туралы қатты айтылды, – деп риза көңілмен аттанып кетті.
Арада жаз өтті. Осы жылдың октябрь айы болатын. Облыстық басқарма басшысы Қ.Ахметов тағы да байланысқа шығып, амандық-саулықтан соң: – Айтеке, сені министр Алматыға шақырып отыр. «Келсін, тапсыратын шаруам бар» дейді. Бірақ, қандай шаруа екендігін маған айтпады. Не де болса, бара көрерсің, – деді.
Ұшақта отырып ап, Алматыға жеткенше: «Қанша дегенмен министр деген аты бар. Неге шақырды екен, мен неге қажет бола қалдым, не айтып, не тапсырмақшы?» деген сауалдар маза бермеді.
Евгений Яковлевич көрген бойда: – Айтан Мырзағалиевич, келіңіз, хозяйка қалай? Саушылықта болар, (үйде қонақ боп, дастарқанымызға риза көңілмен рахметін айтып, ризалығын білдірген болатын) үйге қайтқан соң менен сәлем айтарсың. Аудан басшыларында болдық, дұрыс талап, қатты айттың. «Бұл қой менің меншігім емес, аудан тұрғындарының талап-тілегін, сұраныстарын орындау үшін алдық» дедің. Орынды айтылды. Сені сонда таныдым. Сенің кісі алдында өзіңді тең ұстап, тура сөйлейтініңді көрдім. Ойыңды, талап-тілегіңді жеткізіп дұрыс айттың, – деп алдымен амандық-саулық сұрап алды.
Сосын көп бөгелмей: – Ал енді менің шақырғаным «Известия» газетіндегі Иежиковтың мақаласы. Сен оқыдың ба? Осы мақаланы оқып қоя салғам. Сенің қойларыңды көріп, есіме түсті. Қалай қарайсың, осы шындық па? – деді таңданысын жасырмай.
Мен: «Известия», «Правда» газеттеріне өтірік жазбайтын шығар, шындық болар?!» деп едім, сөзімді іліп әкеткен министр: – Бізде жүз саулықтан жүз он қозы алсаң, герой атағын береді. Ал Ярослав қаласының фермері Иежиков бір аналықтан жылына үш, үш жарым қозы алады. Осы менің миыма сыймай отыр. Маған осы мақала маза бермей жүр. Ойым, осы «Романов» қойын сатып ап, өзіміздің шаруашылықтарға таратып өсірсек, материалдық жағдайымызды көтеріп кетер еді. Біздің системада мал ұстап отырған жалғыз сенсің. Ярославльге барып, фермерлерімен кездесіп, шаруашылықтарын көріп, пайда-зиянды жақтарын елеп-екшеп қорытындылауға сенің ғана түсінігің жетеді. Сені сөзіңнен де, ісіңнен де Зайсанда таныдым. Осы шаруаны орындайтын сенен басқа кісі таппадым. Жолға қашан шығасың? – деп өз ойын сұрақпен аяқтады.
Біраз шаруаларымды ыңғайлап, ноябрьдің ортасында жолға шығатын болдым. Сондай-ақ ол жақтан естіген, көрген-білгенімнің барлығын Алматыға келіп баяндап беретін боп келістік.
Жер түбіне тентіреткен мақала
Ноябрдің 16-сы күні самолеттен түсіп, Москваның аэровокзалындағы қонақүйге түнеп шықтым. Ярославльге немен баратынымды сұрастырып едім, сол күні сағат төртте поезд бар екен, соған міндім. Алты сағаттық жол екен.
Ертеңгісін анықтама бюросынан М.Иежиковтың телефон номерін алып хабарлассам, үйінде екен. Аты-жөнімді, келген шаруамды айтып едім, көп сөйлескен жоқ. – Сіз қайдасыз, мен біраздан соң барамын. Шаруашылыққа барайық, бәрін өз көзіңізбен көресіз, – деді.
Шаруашылығы алыс емес екен, тез жеттік. Жері тегіс, аралас орманды. 35-40 шақты ересек қозылар, науашықтарына тартылған жем, бір жақ оттығына ұсақтап шөп салып қойыпты. Екі пәтерлі үй, әр жағы төрт бөлмеден. Монша, гараж, шаруашылық үй, жас туған қозылар тұратын қозы қора, пеш салынған кәдімгі үй. Төбесі шатырлы қой қора, 20-25 басқа арналған сиыр қора, ұзындығы 40 метрдей төбесі шатырланған шөп қоймасы. Алды сеткамен қоршалған, бордақылайтын (сатуға арналған) қозы қора, мөлшері 120-130 басқа арналған. Трактор, оның барлық тіркемелері тұратын шатырлы, біздіңше лапасы бар екен. Осы дүниелердің барлығы орын-орнымен орналасқан, не деген ұқыптылық. Мал бағып, шаруа істеуге барлық жағдай жасалған. Барлығы есептеліп салынған шаруашылық екен. Михаил соның барлығын, ненің не екендігін айтып, көрсетіп жүр.
– Орман арасындағы шөп шабатын, егін егетін жерлерді түгел өзіміз, бала-шағамызбен керексіз ағаштарды отап, қопарып тегістедік. Бізге осының бәрін ешкім дайындап берген жоқ, – дейді кәсіпкер жігіт.
Іскерлігіне іштей сүйсініп, қызығып тұрдым.
Шайдан соң Михаил екеуіміз бөлек бөлмеде отырып әңгімелестік.
– Совминнің фермерлік шаруашылық құру жөнінде қаулысы шыққан соң інімнің семьясы бар, екі семья ақылдасып шаруашылық құруға тоқталдық. Құжаттарын жасап 250 га жерге отвод жасатып, құрылыс жұмысына кірістік. Сонымен екі семьяға арнап үй, монша, гараж, кішкене қой қора салдық. Совхоздан 50 тұсақ, 10 қошқар қайтарымымен алып, шаруаны бастағандай болдық. Үкіметтің кеңшілігін пайдаланып екі жылдық льготпен несие алып (қайтарымы екі жылдан кейін басталады) трактор, Костромадан он құнажын, бұқа алып және өзіңіз көріп отырған қора-жұртты салып алдық. Бәрін болашаққа есептеп салдық. Қазір 110 аналық, 15 қошқар, 20 сиыр бар. Аналық қойды 120-дан асырып бағу ауыр болады екен. Биыл ерте туған 155 тоқтыны совхоздарға (мемлекетке) өткіздік. 120 тоқтыны (арасында пішілгені бар) декабрьдің аяғына дейін бағып, аналықтарын сатамыз, – деп Михаил шаруашылықтарын қалай, неден бастағанына біраз тоқталып өтті.
Мен «Романов» қой тұқымының бір аналығынан жылына үш, үш жарым қозы алу табиғи құбылыс па әлде ғылыми жұмыстың нәтижесі ме? Осының анық-қанығын білсем деп едім», деп көкейімдегі сауалымды жолдадым.
– Мен «Романов» қой тұқымының қашан, қалай пайда болғанын білмеймін. Селекциялық жұмыс жүргізу де ғалымдардың еңбегі екенін естігенмін. Мал мамандарының бірінің айтқаны – аналық қойды сұрыптау керек деген. Сондықтан мен де аналық қойларды сұрыптап, өз білгенімді істеп жатырмын. Осы үш-төрт күнде үш қой төрт қозыдан тауыпты, төрт қой үштен тапқан. Оларға жұмыртқаның ағын сүтке тоғалап еміземіз, тез көтеріледі және қозыларға беретін сүттің жылылығы, қой денесіндегі сүттің жылылығындай болу керек екен. Төрттен, үштен туған қозылардың жартысы қойды емсе, жартысы сүт ішеді, кешкісін ауыстырып отырамыз. Осыны ерінбей, ұқыпты істейміз. Жылдың аяғына дейін әлі 20 қой қоздайды. Үштен-төрттен туылған қозыларға ен салып, болашақ аналықтарды толықтырамыз. Менің жазғаным дәлелді болу үшін сіз екеуіміз есеп шығарып көрейік. 150 қозыны мемлекетке өткіздік, 130 тоқты сатылады, 35 жас қозы, 24 қозы кешелі-бүгін туғандар. Жиыны 339, әлі жыл аяғына дейін 15-20 қой қоздайды. Қалай, көзіңіз жетті ме? Біз әр туған қозыны балаша күтіп, қараймыз. «Қандай мал болмасын, оның өнімділігі – дұрыс қаралып, күтілуінде» деп ойлаймын.
Михаилдың шаруашылығында «менікі, сенікі» деген жоқ. Бәрі ортақ, еңбекақы бәріне бірдей тең бөлінеді. Есеп шоттары ашылған жерге әлеуметтік салықты төлеп, жыл аяғында облыстық ауыл шаруашылығына жазбаша мәлімет беріп отырады, болды.
Сөз арасында Михаил: – Сіздің мұнда келудегі мақсатыңыз не? – деп сұрады.
Мен өз мақсатымның, біріншіден, «Романов» қой тұқымының ерекшелігін, селекция жұмысының жүргізілуін және өзінің жазғанының анығына жетіп, көзбен көру екендігін, сондай-ақ болашақта «Романов» қойын сатып ап, Қазақстанда өсіру жоспарымыздың бар екендігін жеткіздім. Біздің жердің табиғаты олардікінен мүлдем бөлек және шөптерінің сілбілеу екендігін, біздің шөп өте құнарлы болып келетіндігін де айтып өттім.
Шаруашылықты аралай жүріп, бір қоймада тоннаға жуық сәбіздің жатқанын көріп: – Мынаны не істейсіңдер, жейсіңдер ме? – деп сұраған едім. – Жо-оға-а, – дейді Михаил күліп.
– Мұны біз дробилкамен ұсақтап қошқарларға, артығын жеммен араластырып қойларға береміз, витамин ғой. Жылда 10 гектар егін егеміз, 15 шақты тонна жем тартып аламыз, сол бір жылға жетеді. Сабанды үш-төрт гектар жерге бөлек-бөлек етіп үйіп, қыс түсе шашып жегіземіз. Бірден – малға тамақ, екіншіден – мал қиы тыңайтқыш. Биыл екі-үш сиыр сауатын сауын агрегат сатып алуды жоспарлап отырмыз. Өйткені сиырларды саууға көп уақыт кетеді. Балабақшаға 70-80 литр сүт тұрақты береміз, өзімізге де, қозыларға да жетеді. Бақша егеміз, ішіп-жейтініміздің бәрі өзімізден.
Ағайынды жігіттердің екеуінде екі «Жигули», шаруашылыққа толық жарап тұр.
Таңертең Михаил қонақүйге келіп, мені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына апаратын боп келістік.
Жүзеге аспай қалған жойқын жоба
Қабылдау бөлмесіндегі хатшы әйелге жөнімді айтып едім: – Мен қазір білейін, – деп ішке кіріп шықты да:
– Кіріңіз! – деп есік ашты.
Басқарма басшысы алпамсадай азамат екен, орнынан шапшаң қозғалып кеп қолымды алып, «отырыңыз» деді столына қарсы орындықты жылжытып. Жайғасып отырып алған соң кім екендігімді, қайдан келгенімді, қашан және қандай мақсатпен келгендігімді, қайда қызмет ететіндігіме дейін айтып бердім.
Александр Васильевич: – Сонда сіздің осыншама ұзақтан жол тартып келгендегі мақсатыңыз мақаладағы жазылған көрсеткішті, шаруашылықты көріп, нақтылы шындығын анықтау ғой, иә? – деді таңырқағандай түрмен.
Мен Михаилдың шаруашылығында болып, оның жазғандарына көз жеткізіп әрі таңғалып келе жатқандығымды айттым.
– Бұл сіздер үшін жаңалық екен, біз үшін үйреншікті нәрсе. Сіздің «Романов» қойын көріп, танысудағы мақсатыңыз – сатып алып, Қазақстанда өсіру ғой?
– Дұрыс айтасыз.
– Біз бұрын осы қой терісін сатып, Батыс мемлекеттерінен «валюта» тауып жүруші едік. Кейін оларға қой сатып, валютадан айрылып қалдық. Осы жағдайдан кейін Совмин қой сатуға тыйым салып тастады. Сіздер өзімізсіздер ғой, береміз. Ал енді келгендегі мақсатыңыз «Романов» қойы, оның өсімталдығын көріп, шаруашылықты қалай ұйымдастыру болса, мені тыңдаңыз.
Сіз айтқандай бір табында бес жүз қой бағып өсіру, «Романов» қой шаруашылығында мүмкін емес екендігіне көзіңіз жетті ме?
– Әрине, бес жүз қой бағып, әр жүзінен 70-80 ғана қозы алып азаптанып, шығындалғанша «Романов» қойының жүзін бағып үш жүз қозы алғаным әлдеқайда жеңіл әрі пайдалы емес пе?
– Ендеше, мен сізге осы «Романов» қойының шығу тегін білгенімше айтып берейін. Сізден «не көрдіңіз, не білдіңіз?» деп сұрайтындар болатын шығар? Бұл қойдың тұқымы он сегізінші ғасырдың аяқ шенінде Ярославль губерниясы аудандарындағы крестьян шаруашылықтарында тарай бастаған. Алғашқы таралымы Романова Борисоглебский уезі болған, кейін «Романов қойы» атанған. Ал енді қойдың көрсеткіш жағына келсек, қошқардың салмағы 75-110 кг, аналығы 70-90 кг. Ерте кезден бастап «Романов» қойы сұрыпталып, шаруашылықтар өздері селекциялық жұмыстар жасау нәтижесінде қой тұқымын асылдандырып жетілдірген. Совет кезінде селекциялық жұмыс сапалы жүргізіліп, осы күнгі дәрежеге жетті. «Романов» қой терісі жеңілдігі, әдемілігі, жылылығы, мықтылығы жағынан дүниежүзінде жоғары бағаланады. Тон, тұлыптағы жүні түспейді, терісі жұқа болады. Жылына үш рет, март, июнь және октябрь айларында қырқылады. Өсімталдығы 270%. Жүз аналыққа есептегенде бір қозы табатыны 6-8%, екі қозы табатыны 38-40%, үш қозы табатыны 44-46%, төрт қозы табатыны 8-10%, кейде алты қозы табатыны болады. Жүз күн толғанда қозы салмағы 20-22 кг, 8-9 ай болғанда 35-40 кг болады. Ұрықтану кезеңі ерте 10-12 айда жетіледі.
Дәмханадағы дастархан басында жалғасын тапқан әңгімеде Александр Васильевич жаңадан ұйымдасып жатқан шаруашылықтардың да бар екендігін, оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау-көмек көрсетіліп жатқандығын айта келе:
– Енді сіздің шаруаңызға кірісейік, – деді. – Биыл сіз мал ала алмайсыз, жай болып кетті. Келесі 90-жылдың ноябрінде 110 тұсақ, 15 қошқар аласыз. Бір тұсақ 200 сомнан, қошқар 280 сомнан. Екі вагон алып берем, вагонға төлемейсіз. Қазір мал таситын спецвагондар жоқ. Жабық вагондарға 60-тан тиейміз, жем, шөп, суыңызды дайындап салып берем. Тек, екі-үш кісі ала келесіз. Станция назначенияны қай жер қолайлы десеңіз, жүрерде айтарсыз. Өсімтал мал ғой, осыдан өсіріп аласыздар. «Сіз биыл қой ала алмайсыз» дегенге ренжімеңіз. Мен себебін түсіндірейін. Қазіргі уақытта әр шаруашылық иелері екіден, үштен, төрттен табатын аналықтарын сұрыптап, толықтырып жатыр. Ал сізге беретін қойларды жинақтасақ, бірден, екіден табатын аналықтар негіз алып кетуі мүмкін. Сондықтан тікелей бақылап, сізге беретін қойды комплектовать етеміз. Берген бізге де, алған сізге де ұят болмас үшін. Ал енді осыған ризасыз ба?
– Ой, Александр Васильевич! Сіздің көмегіңізге, бір көргенде осындай керемет ойыңызбен бөліскен құрметіңізге үлкен рахмет! Қазақтың қонақжайлық, кеңпейілдігімен қоса тағы бір жақсы қасиеті сыйлы қонағына ат мінгізу. Сіз «Романов» қойын, шаруашылықты ұйымдастыруын көруге келдіңіз, аралап көре беріңіз демей, машина мінгізіп, қасыма шаруашылық маманын қосып беріп, құрылған, құрылып жатқан шаруашылықтарды аралатып және облыс орталығындағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемелеріндегі жаңалықтармен таныстырдыңыз. Сіздің жерді, елді, менің жасымды сыйлағаныңыз көргенді, текті ата-бабаларыңыздың ұрпағы екеніңіздің дәлелі, – деп шынайы ризашылығымды білдірдім.
Мен Алматыға оралып, министрге барған жерімдегілердің қалай қарсы алғандарынан бастап, көрген-білгенімді, көңілге түйгенімді, қандай келісімге келгенімді, бәрін баяндап бердім.
1990 жылдың жазында ойламаған жерден Зайсан өңірінде алапат жер сілкініс орын алып, жағдай қиындап кетті. Уағдаласқан ноябрь айы да келіп жеткен.
Сергей Яковлевичке телефон шалып:
– Не істейміз? – деп сұрадым.
Ол кісі: – Мырзағалиевич, жағдай белгілі боп тұр ғой. Ярославльге звондап жағдайды айт, өздері де естіп-біліп отырған шығар. «Биылша қоя тұрайық» де, үндемей қоюға болмайды, сенің еңбегің зая кетпесін. Жалпы, жағдай қиынырақ, не боларын білмеймін, артын тосайық, – деді әлденені жұмбақтағандай.
Мен ұқпадым да, «Мүмкін басқа қызметке ауысқалы жүрген болар» деп өзімше топшылаған болдым. Дереу Ярославльге, Александр Васильевичке звондап, жағдайды айтып, кейінге қалдыра тұрсақ, – деп едім.
Ол кісі баяғы сабырлы қалпын сақтап: – Мырзағалиевич, сіз абыржымаңыз, біздің келісім күшінде, жағдай да дұрысталар, – деп көңілімді орнықтырып қойды.
Бірақ бұл жалғанда адамның қалауы емес, Алланың бұйрығы орындалады екен. Қысқасы, болмайтын нәрсенің, болмайтындығына көзім жетті. Көп ұзамай «Мәңгілік!» деп жүрген Кеңес Одағы ыдырап, құрамындағы Республикалар дербестік алып, өз алдына кетті. Ең соңында Одақтан Қазақстан да бөлініп шықты.
Министрдің: – Жалпы, жағдай қиынырақ, артын тосайық, – дегені осы екен.
P.S. Бұл – осыдан 30 жыл бұрын болған оқиға. Одан бері де талай-талай су ақты. Қазір «Романов» тұқымды қойларды өсіріп, оны саудалаумен еліміздің бірқатар өңірлеріндегі шаруашылықтар айналысатын көрінеді. Бір ғажабы «Романов» тұқымды қойға деген сұраныс жыл өткен сайын арта түспесе, кемімеген.
Серік Құсанбаев