Экономика

Ел игілігін көретін инновациялық жаңа жобалар қажет

Мемлекет тарапынан кәсіпорындарға, кәсіпкерлікті дамытуға тиімді түрлі бағдарламалар жасалып, жүзеге асырылып жатқанымен аудан, қала әкімдіктері, осы мәселелерге жауапты тұлғалар сол тиімді шаралардың шапағатын елге толық тигізе алмай отыр. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісінде «Агробизнес – 2020» бағдарламасының мәні мен маңызы да шаруаларға жетпей жатқандығы айтылды.

Ел игілігін көретін инновациялық жаңа жобалар қажетАймақтық үйлестіру кеңесінің осы жолғы отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге мемлекеттік грант бөлу жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы қаралды.

Конкурстық комиссия төрағасының баяндағанындай, комиссия қарауына барлығы 11 бизнес жоба келіп түскен. Алтауы қайтарылып, бесеуі аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына жіберіліпті.

Олар: кәдесый өнімдерін жасайтын «Нұрбану» ЖК, Өскеменде «ақылды аялдамалар» орнатуды көздеп отырған «Инновация Бизнес Групп» ЖШС, Зырянда жеміс, көкөніс шырындарын, кептірілген көкөніс түрлерін өндіруді жоспарлаған «Онищенко Н.» ЖК, өскемендіктерді жолаушылар көлігінің келу, кету уақытымен хабарландырып отыратын ақпараттық жүйе жасауға бекінген «Микс решений» ЖШС және арболитті блоктар шығаруды қолға алуды ұйғарған зыряндық «Успех» ЖК жобалары.

Ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, басқасын айтпағанда, болашақта туристік өлкенің біріне айналғалы отырған облыс үшін керек-ақ дүниелер. Шеберлер кәдесыйлардың басым бөлігін киізден жасамақ көрінеді. Қолөнер түрінің қай-қайсысын да сапалы етіп жасауға ісмерлердің тәжірибелері жетеді. Шикізат та бар.

Сол сияқты Зырян ауданында арболитті блоктар шығаруға да барлық мүмкіндіктер бар. Оған қажетті ағаш ұнтағы қала маңындағы «Фаворит» сынды ағаш өңдеу кәсіпорындарында жетерліктей. Аудан әкімі Ермак Сәлімов өнімдерге деген сұраныс та болатынын айтты.

«Ақылды аялдамалар» мен жолаушыларды көліктер қозғалысымен ақпараттандырулар жүйесі туралы айтпаса да түсінікті. Облыс Әкімі болашақта олардың қызметін жетілдіріп, мемлекеттік өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметтерінде де пайдалану қажеттігін баса айтты.

– Биыл кәсіпкерлерге грант беруге облысқа 30 млн. теңге бөлінді. Бірінші жартыжылдыққа 15 млн. теңге, екінші жартыжылдыққа да осындай көлемде бөлінбек. Бұл біздің облыс үшін өте маңызды, кәсіпкерлікке, инновациялық жобаларды жасауға жастарды көптеп тарту керек. Бүкіл облыстан 11 жоба, бұл өте аз. Конкурсқа бар-жоғы екі қала мен бір ауданның кәсіпкерлері қатысқан. Осыны кәсіпкерлерге жеткізіп, ұғындыру керек. Жобаларды жүзеге асыруды жеделдету қажет, нәтижесі қандай болмақ. Келесі жолы хабарландыруды облыс әкімдігінің «Инвестор» деп аталатын арнайы сайтына беріп, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау керек. Қайтарылған жобалардың не үшін қайтарылғанын кәсіпкерлерге түсіндіріп, қорытынды нәтижесін конкурсқа қатысушылардың барлығының көзінше жариялау қажет, – деген облыс Әкімі келесі конкурстың жұмысында айтылған ескертулерді орындауды тапсырды.

Аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында облыстың индустрияландыру картасына енген жобалардың жүзеге асырылу барысы да қаралды. Бүгінгі күні облыстың индустрияландыру картасында жалпы құны 634 млрд. теңгені құрайтын 43 инвестициялық жоба бар. 2010-2012 жылдар аралығында солардың 29-ы жүзеге асқан. Іске қосылған сол жаңа нысандардың жұмысының нәтижесінде қазір 281,9 млрд. теңгенің (өнеркәсіп өнімдерінің 30 пайызы) өнімі өндіріліп, 5 мың жұмыс орны ашылған.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Мағайша Сәйдуақасованың баяндағанындай, өткен жылы іске қосылған кәсіпорындардың төртеуі жоспарланған өндірістік қуатының 90 пайызынан төмен деңгейде жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, «Қазақцемент» ЖШС, «EAST INDUSTRY COMPANY Ltd», «Семей азық-түлік өнімдері» ЖШС, «Триумф Агро» ЖШС. Ал «Титан-магний комбинаты» АҚ мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өз жобалары бойынша жұмысын бастаған кәсіпорындарының қазіргі өндірісі туралы дерек бермеген көрінеді.

Қазіргі уақытта Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде біздің облыстан 32 инвестициялық жоба қаралып жатыр. Осы уақытқа дейін индустрияландыру картасына енгізуге алты жоба мақұлданып отыр. Аймақ бойынша жобалар саны айтарлықтай болғанымен Бесқарағай, Бородулиха, Катонқарағай, Көкпекті аудандары индустрияландыру картасына бірде-бір жоба ұсынбай келеді.

Көп бағдарламаның нәтижесі шамалы болып тұр

Аудандардың ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасынан шет қалып отырғандары да бар. Бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттары бойынша Өскеменнен 129 өтінім түссе, Семейден бар болғаны 37 өтінім ұсынылған. Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарынан мүлде түспеген.

Бағдарламаның екінші бағыты аясында көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауды тек Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Бесқарағай, Глубокое, Шемонайха аудандарының кәсіпкерлері ғана көріп келеді. Қалған 13 өңірден ешқандай өтінім түспеген.

Жетіспейтін өндірістік инфрақұрылымдарды орнату шаралары Өскемен, Семей қалалары мен Абай, Бесқарағай, Зайсан, Ұлан, Шемонайха аудандарында ғана жүргізілуде.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының төртінші – кәсіпкерлерді «Іскерлік байланыс», «Шағын және орта бизнестің менеджменті» тәрізді оқыту бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан оқу курстарына Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Зырян, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары кәсіпкерлерінен басқа аудандардың кәсіпкерлері қатыспаған.

«Өнімділік – 2020» бағдарламасы да үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың басты тетіктерінің бірі. Бірақ, облыста бұл бағдарламаның шапағатын көріп жатқан кәсіпорын жоқтың қасында. 2012 жылы тек үш кәсіпорын мемлекеттен өтемақы ретінде беріліп жатқан қаржылай көмекке қол жеткізген. «Азия Автоға», «Өскемен арматура зауыты» және «Өскемен конденсатор зауытына» барлығы 17,5 млн. теңге қаржы берілген. Бұл республика бойынша бөлінген қаржының небәрі алты пайызын ғана құрайды.

«Өнімділік – 2020» бағдарламасының операторы «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ болса, оның аймақтағы өкілі – «Ертіс» ӘКК. Облыста кәсіпорындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, оларды бағдарламаға қатысуға тартушы бұл тұлға қажетті құжаттарды жинастырып, «Қазақстан индустрияны дамыту институтына» өткізіп отыруы тиіс. Облыстан 50 млрд. теңгенің 21 өтінімі өткізілгенімен, бүгінгі күнге дейін бар-жоғы төрт жоба оңды қорытынды алған.

Екі жыл бұрын жасалған аталмыш бағдарламаның лизингтік қаржыландыру сияқты біраз бағыттарының шарттары бағдарламаға қатысуға ниеттенушілерге кедергі келтіруде. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары алдағы уақытта бағдарламаның жаңа тұжырымдамасы жасалып, оған ірі кәсіпорындармен қатар шағын және орта бизнес субъектілері де қатыса алатындай өзгерістер енгізілетінін айтты.

Тарбағатайдың газы тұрғындарға қашан жетеді?

Аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында «Сарбұлақ – Майқапшағай» магистральді газ құбырын салу жөніндегі инновациялық жобаның жүзеге асырылу барысы да қаралды.

Жаңа жобаның инвесторы «Тарбағатай Мұнай» ЖШС департаментінің директоры Ербол Құлжановтың айтуынша, бес млрд. текше метр қоры бар Тарбағатайдың газымен Зайсан ауданын 20-30 жыл бойы қамтамасыз етуге болады. Сонымен бірге бір мезгілде газ Қытай еліне де шығарылып отырады. Желтоқсан айында екі ел арасында үкіметаралық келісімге қол қойылған. Қытайда газ өндіретін зауыт салынған. Осы жобаның арқасында аудандағы көптеген елді мекендер табиғи газды пайдалануға қол жеткізетін болып отыр.

Инвестордың осы уақытқа дейін атқарған шаруаларын тыңдаған облыс басшысы белгіленген елді мекендерге алғашқы газды 6-шілдеге дейін жеткізуді тапсырды. Облыс Әкімі сонымен қатар Өскемен қаласының басшыларына қаладағы газ сыйымдылықтарын есепке алып, өскемендіктерді де тасымалды газбен қамтудың жолдарын қарастыруға тапсырма берді.

Кеңесте облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ облыстың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, бюджеттің кірісін толықтыру, көктемгі егіс, ауыл шаруашылығы техникаларын өзіміздің машина жасау зауыттарында өндіру, сенбіліктерге шығу, су тасқынының алдын алу сияқты қадау-қадау мәселелерге тоқталып, оларды орындауға орай тапсырмалар берді.

– Басты мәселенің бірі – жүзеге асырылған жобалардағы нысандардың толықтай өз қуатына көшуі. Бұл мәселе бойынша бізде проблема аз емес. Соның ішінде Семей қаласы бірінші тұр. Өскеменде де солай. Өз қуатында жұмыс істемей тұрған нысандар бар жетерлік. Курчатов қаласында да осындай кәсіпорындар бар. Барлық әкімдер индустрияландыру картасына еніп, жобадағы қуатында жұмыс істемей тұрған нысандарға мұқият қарауы тиіс. Шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты мәселе – белсенді субъектілер саны өсіп келе жатқанымен жұмыс істемей тұрғандары көбейіп барады. Олар қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Бір ай уақыт беріледі. Сонымен қатар, табысты, кірісті көбейту керек. Бұл ең алдымен Өскеменге қатысты. Өткен бірінші тоқсанның қорытындысында Семей қаласының салық бойынша бюджетке кіріс бөлігі Өскеменнен небәрі 400 млн. теңгеге ғана кем болған. Екі қаланың мүмкіндігі екі түрлі бола тұра осылай болып отыр. Бұл Өскеменде салық базасын толықтыру, қосымша резервтерді қарастыру бойынша жұмыс жүргізілмей жатқандығының салдары, масылдықтан арылатын уақыт жетті – деді облыс Әкімі.

Аймақ басшысы Өскемен қаласы әкімінің орынбасарына осы мәселені қолға алуға, өз орынбасары В.Кошелевке Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті, Риддер өңірлерінде талайдан бері тапсырылып келе жатқан ағаш өңдеу өндірістерін ашу мүмкіндіктерін қарастыруға, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен өзге де басқармалар басшыларына даму институттарымен кәсіпкерлік саласы дамыған аудандар мен қалаларда кездесулер ұйымдастыруға, Өскеменде бағаның не себептен көтеріліп кетуін тексеріп, азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуге, ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларына «Агробизнес – 2020» бағдарламасының мән-маңызын шаруашылықтарға жеткізіп, түсіндіруге орай нақты тапсырмалар берді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button