Руханият

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына арналды

 Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен  Жастар жылы аясында облыстық драма театрында «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай жоғары оқу орындары мен коллежд студенттері арасында «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» атты облыстық байқауы өтті.  Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл мәдениетін жетілдіру мақсатында өткен  шараға  бес команда қатысты.

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» ғасырлық мерейтойына арналған бұл байқау  таныстыру, «Тағылымды тарих», «Егемен Қазақстан» – болашақта» және «Ұлттық басылым –ұлттық тіл» атты төрт кезеңнен тұрды. Таныстыру кезеңінде-ақ бұл байқауға бес команданың бесеуінің де тас-түйін дайындалып келгенін байқадық. Әсіресе С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Алтай ақпарат» командасының сөзі мығым, салмақты екені бірден көзге ұрып тұрды. Сөйтсек, команда мүшелерінің барлығы университеттің журналистика факультетінің студенттері екен. Байқауға қатысқан командалардың арасында Семей мемлекеттік медицина университетінің командасы да бар. Арайлым Қайратқызы, Аружан Дастанбек, Арайлым Алдабергенова атты үш арудан құралған команданың атауы – «Достар». Команданың аяқ алысы ә дегеннен-ақ көңілімізді көтеріп тастады.

«Мұңын мұңдап елінің сөз алысқан,

Шындық іздеп алысқан әз арыстан.

Бір ғасырлық мерейтойың құтты болсын,

Құтты болсын, Егемен Қазақстан!

Еңбектерін  аямаған халқынан,

Таймаған еш уәделі антынан.

Құттықтауға біз де келдік сіздерді,

Медицина университеті атынан».

Көрдіңіз бе, медицина саласын таңдағанымен, болашақ дәрігерлер қазақтың қара сөзінен алыс емес екен.  Сондай-ақ таныстыру кезеңінде Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Ұшқын», Семей қаласындағы  М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің «Руханият»,  Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Көк түрік» командалары өздерін таныстырып өтті. Әрине, сахнада қобалжып, айтар сөзін ұмытып қалған команда мүшелері де болды.

Байқаудың «Тағылымды тарих» атты   екінші кезеңінде команда көшбасшылары сахнаға көтеріліп,  тарихы сонау 1919 жылдан бастау алатын «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы, жүріп өткен жолы туралы викториналық сауалдарға жауап берді. Жалпы, қазіргі жастар тұғырлы тәуелсіздігіміздің айшықты белгісіндей болған басылымның тарихынан хабардар  ма?

Команда көшбасшылары «Газеттің алғашқы атауы қалай?», «1920 жылы газет қандай атаумен  шығарылды?»,  «1921 жылы газет атауы қалай өзгерді?», «1937 жылы газет атауы қалай өзгерді?», «1991 жылы қалай өзгерді?», «Кімнің ұсынысымен газет «Егемен Қазақстан» болып қазіргі атауына ие болды?»,  «Егемен Қазақстан» газетінің сайты қай жылы іске қосылды?  «Қай жылы жаңа дизайнмен шығарыла бастады?» деген сынды он сауалға жауап берді. Нәтижесінде  Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің «Руханият»  және С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың  «Алтай ақпарат» командаларының көшбасшылары  он сұрақтың онына да дұрыс жауап берді. Ал «Достар» командасының көшбасшысы он сұрақтың жетеуіне дұрыс жауап берсе,  «Ұшқын» командасы он сұрақтың алтауына,  «Көк түрік» командасы он сұрақтың бесеуіне дұрыс жауап беріпті.

Ал  байқаудың  үшінші кезеңінің тапсырмасы қазіргі қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуімен тығыз байланысты болды. Байқауға қатысушылар «Егемен Қазақстан» -болашақта» атты ой-толғауды латын әрпімен  жазды. Берілген жеті минутта олар газеттің болашағын қалай елестететіндері туралы  ой-толғауларын қағаз бетіне түсірді. Әділқазы алқасының мүшелері ой-толғаудың мазмұндылығына ғана емес, қиял ұшқырлығына да терең мән берді.

-Жалпы, ұлттық тіл мен ұлттық басылым деген ұғым егіз, бір мағынадағы ұғым деп айта аламын. Өйткені кейде біреулер бүгінгі  ақпараттық технология белең алып тұрған заманда газет-журнал кішкене артқа ысырылып қалды деп айтып жатады. Мен ондай пікірмен келіспес едім. Себебі қазіргі ақпараттық технологияның ішінде газет ең сауатты бұқаралық ақпарат құралдарының бірі болып саналады. Себебі интернет басылымдар мен сайттар  жаңалықты бірінен-бірі ерте жеткіземін деп жарысып,  көбіне асығыстық салдарынан сауатсыздыққа  жол беріп жатады. Сондықтан да  қазір болсын, болашақта болсын ұлттық басылымдардың құны түспейді деп ойлаймын. Және алдағы уақытта да газет  өз деңгейінде сауатты ақпарат  таратудың басты құралы болып саналмақ.  Кезіндегі сонау «Қазақ» газетінен басталған баспасөзіміздің  ізін жалғап келе жатқан, алғашқы нөмірі «Ұшқын» деген атпен шыққан «Егемен Қазақстан» газетінің бір ғасырлық тарихы, әрине, өте үлкен, мағыналы, мәнді тарих. Сондықтан  да біз осы облыстағы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып отырған басқарма болғандықтан, бұл   датаны назарымыздан тыс қалдыра алмадық. Бұл шараны студент жастардың арасында өткізіп отырғандығымыздың басты себебі – биыл Президент Жарлығымен Жастар жылы болып жариялануы,    – дейді  облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Алтай ақпарат» командасы жеңіп алса, бірінші орынды ҚАЕУ-дің «Ұшқын» командасы қанжығалады . Екінші орынға ғасырдан астам тарихы бар, кезінде  М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтпаев, Ш.Айманов сынды ұлы тұлғалар білім алған М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің «Руханият» командасы, ал үшінші орынға Семей медициналық университетінің «Достар» командасы ие болды.

Осылайша, «өзекті ақпаратты өз уақытында, бүкіл шындықты бүкпесіз, тың деректі жарықтың жылдамдығынан дереу жеткізетін» ел газеті «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы Шығыста да атаусыз қалмады.  «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Азамат Қасым осынау шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға алғысын айтты.

Байқау жеңімпаздары облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

-«Егемен Қазақстан» газетін біз жақсы білеміз. Өйткені  Көкшетаудағы менің ата-анам бұл газетті үйге жаздырып алатын еді. Өзім де 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінен ҰБТ нәтижесін көріп, грантқа оқуға түскенім туралы қуанышты хабарды оқығанмын. Сондықтан да болар бұл газетті ерекше жақсы көремін, – дейді  Семей медициналық университетінің 3-курс студенті Арайлым Қайратқызы.

Мейрамтай Иманғали

 Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша  әзірленді.

Осы айдарда

Back to top button