Ел егемен болған күн

Егемендікке қол жетіп, ел қуанған күн ешқашан ұмытылмайды. Осыдан отыз екі жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазаны – қазақтың басына бақ қонып, бөркін аспанға атқан күн. Біз сол бір қуанышты сәттерге шегініс жасап, архив ақтарып, «Коммунизм туы» (қазіргі Дидар) газетін шолып шықтық. Өйткені араға жылдар салып, Республика күнін ауқымды түрде тойлау мүмкіндігі туып отыр.
Дүние дүрбелеңге түсіп жатқан шақтағы ақпарат ағыны баяу болса керек-ті. Бәлкім, Кеңес үкіметін қимағандар кешеуілдетті, әлде қуанышты қорқыныш тежеп қалды ма екен. Бұл – «Коммунизм туы» газетінің 1990 жылғы 25 қазанда шыққан номерін парақтағанда туған ой. Өйткені сол бір қуанышты күні шыққан газет номерінен егемендік туралы декларацияны таппадық. Ары қарай сарғайған газет тігіндісін ақтара жөнелдік. Біз іздеген тарихи құжат осыдан отыз екі жыл бұрын шыққан газеттің 30 қазандағы 207-ші санына арада бес күн өткен соң барып басылыпты. Декларация дер кезінде жарияланбағандықтан болар, газеттің бірінші бетіндегі сүйінші тақырыптың астына «Қазақ ССР Жоғарғы Советі 1990 жылғы қазанның 25-інде қабылдаған» деп құжаттың қол қойылған уақытын нақтылап көрсетіпті. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп санай отырып, жалпыға бірдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, ізгілікті демократиялық праволық мемлекет құруды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистің Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы декларацияны қабылдайды» деп басталып, 17 тарауда нақты функциялары көрсетіліпті.
Бір қызығы, қазіргідей үндеу мен жолдауды талқылай жөнелетін қоғам қайраткерлері болмаған ба, декларация туралы ешбір ойталқы жоқ. Тәмам.
Сүйінші жаңалықтан кейін газеттің төменгі бөлігінде «Күдік пен үміт» атты мақала жарық көріпті. Мазмұны абдырап қалған елдің ахуалына, саяси толқынысқа қатысты. Қазақстан Компартиясы Өскемен қалалық комитетінің ІV пленумындағы отырыс жайын баяндаған. Онда: «Қалада оппозициялық күштердің бел алып бара жатқаны тұрғындарды қынжылтпай отырған жоқ. Олардың басты мақсаты да – Лениндік ұлт саясатының негіздерін жоққа шығару. Қашаннан қалыптасқан халықтар достығын аяққа басып, ұлт араздығын қоздыру, «ұлы орыстық шовинизмді» насихаттау арқылы Қазақстанды бөлшектеуге тырысу. Алайда жауырды жаба тоқымай осындай принципті мәселелерге дер кезінде тойтарыс беруге қалалық партия комитетінің жарамай қалғаны қалай?» деп жазыпты мақала авторы С.Оразалиев.
Осыдан-ақ егемендікке қол жеткізген тұстағы саяси ахуалды аңғаруға болатындай. Ары қарай да газет бетінде сол тұстағы әртүрлі тағдыр толқыны, уақыт тынысы өрнектеліпті. Сарғыш тартқан газеттің осы санында «ССРО кәсіптік одақтарының жалпыға бірдей конфедерациясын құру туралы декларация» да жарияланыпты. Бұл да сол бір аумалы-төкпелі шақтағы әрқилы қадамдардың бірі болса керек-ті. Сондай-ақ газет беті жаңа саяси леппен қоса демократияға бет бұрғысы келетінін көрсеткендей. Өйткені өрнекті газеттің соңғы бетіне Американың «Сиэтл» қаласының суретін беріп, оның тарихын сипаттап жазыпты. Жылдар жылнамасындағы жылымық жүре бастаған сәтті шола отырып Тәуелсіздік туралы декларацияны тағы бір мәрте оқып шықтық.
Қалай айтсақ та, 25 қазан – қазақ үшін ел болып тойлауға лайықты тарихи күн. Бұғаудан босап, бөрікті аспанға атқан сәт. Президенттің Жарлығына сай осыған дейін көптеген мерекенің көлеңкесінде қалып келген мерейлі күнді биыл ел болып тойлау бақыты бұйырды. Халыққа қуаныш сыйлаған сәт ешқашан ұмытылмауы керек.
Алтай Ғали-Асқар