Ел дамуының маңызды кезеңі
Қаңтар оқиғасынан кейін және әлемде соғыс өртінің тұтануы аясында тұрғындар Президенттің дәстүрлі Жолдауын үмітпен күтті. Көбісі ертеңгі күннен үрейленіп, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алғысы келді. Мемлекет басшысы Жолдауында қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі сипаттап, қандай шаралар қабылданып жатқанын айтып, жоспарлармен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірдегі міндеттерді белгілеп, өмірдің барлық саласындағы жүйелі өзгерістерді жеделдетуге шақырды. Аталған реформалар билік тармақтарын трансформациялауға, оны неғұрлым тиімді етуге бағытталған. Бұл ретте өзгерістер Ата Заңға да енгізілмек. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев президенттік өкілеттіктерді қайта қарап, «супер президенттіктен» бас тартуды да ұсынды.
Жаңа облыстар құру бастамасы өңірлерді қарқынды дамытуға негіз болмақ. Қапшағай қаласына мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың атын беру ұсынысы да қуана қабылданды.
Күрделі геосаяси жағдайға алаңдаушылық білдірген Президент қоғамдағы тұрақтылықты, жалпыұлттық бірлікті сақтаудың маңызын атап өтті. Қаңтар оқиғасында, мемлекет тәуелсіздігіне қауіп төнген кезде әрқайсымыз мұны айқын түсіндік.
«Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ», – деді Президент.
Осы қиын күндері Ұлттық ұлан әскерилері полицейлермен, барлық күш құрылымдарымен тең дәрежеде деструктивті ағымдарға тойтарыс берді. Жолдауда қаза тапқандар мен жараланғандар, келтірілген залал туралы айтылды. Өкінішке қарай, екі әскери қызметкеріміз ерлікпен қаза тапты, 400-ден астам ұлан жарақат алды. Жараланса да біздің әскерилер қатардан шықпай, қоғам мен мемлекет мүддесін қорғады. Сондықтан Отанымыз олардың батылдығын бағалап, жоғары наградалармен марапаттады.
«Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз», – деді Президент.
Ал Тәуелсіздік мықты армия болғанда, шекара күзетіліп, ел азаматтарының қауіпсіздігі қамтылғанда ғана берік болады.
Өз кезегінде Ұлттық ұлан әрқашан қылмысқа тосқауыл қойып, азаматтардың құқықтарын қорғайды, елдегі тәртіп пен қауіпсіздікті сақтайды. Мен әскери қызметшілердің өз міндеттерін адал әрі абыроймен атқарарына сенімдімін.
Еліміздің осы Жолдауды басшылыққа ала отырып, үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз.
Азамат Сейілханов,
Ұлттық ұланның №3477 әскери бөлімі командирі,
подполковник
Өскемен.