Ел бюджетінің жартысына жуығы әлеуметтік салаға бағытталады
Кеше Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік делегация Өскемен қаласында жұртшылықпен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.
– Президенттің Жолдауындағы басты мақсат, әлбетте, халықтың әл-ауқатын жақсарту, ел экономикасын өркендету екені айқын. Мемлекет басшысы осы маңызды құжатта билік пен халық арасындағы қарым-қатынасты жақсарту міндетін қойып отыр. Ол үшін мемлекеттік органдар азаматтардың талап-тілектеріне, ұсыныстарына дер кезінде құлақ асып, қажетті шараларды қолға алуы шарт. Қазір Үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатыр, – деп бастады өз сөзін Бердібек Сапарбаев.
Үкімет басшысының орынбасары Жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру бағытында өз тараптарынан атқарылып жатқан ауқымды шараларға кеңірек тоқталды. Президенттің халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша берген тапсырмалары басты назарға алынып отыр. Мәселен, биылғы ел бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік салаларға арналған. Премьер-министрдің орынбасары қазынадағы қаржының жартысына дерлігін аталмыш бағытқа жұмсап отырған елдер әлемде кемде-кем екенін де атап көрсетті.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыда қолдау аясында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, аталған санаттағы азаматтардың несиелері кешірілді. Ал 1 сәуірден бастап мөлшері өсіп, шарттары өзгерген атаулы әлеуметтік көмекке республикалық бюджеттен 144 миллиард теңге бөлініпті.
Жиын барысында вице-премьер азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Енді халық биліктің жұмысына баға беретін болады. Арнайы әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп, азаматтардың жекелеген мемлекеттік қызметшілердің ісіне деген ой-пікірі сұралады. Көпшіліктің көңілінен шықпай, өз міндетін салғырт атқарған лауазымды тұлғалар орындарын босатуға мәжбүр болмақ.
Жолдауда баса айтылған негізгі салалар – білім мен денсаулық. Осы бойынша да Үкіметте жаңа басталамлар қолға алынған. Педагогтардың мәртебесін белгілейтін заң дайындалып жатыр. Ол мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды, олардың кәсіби шыңдалуына жағдай туғызуды көздейді. Сонымен қатар, Президент алдағы төрт жылда ұстаздар жалақысын кем дегенде екі есеге ұлғайтуды міндеттеп отыр.
Премьер-министрдің орынбасары жоғары білімге қатысты да өз ойын білдірді. Ол елімізде 132 жоғары оқу орны бар екенін айтып, алдағы уақытта олардың оңтайландырылатынын хабарлады. Яғни, әлеуеті әлсіз, білім сапасы кемшін университеттер жабылады.
Ал медицина саласына келер болсақ, Бердібек Сапарбаев ел ауруханаларының құрал-жабдықтармен жарақтандырылу деңгейі сондағы дәрігерлердің біліктілігінен артық екенін растады. Осы орайда мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдаудың кешенді жүйесі жоспарланбақ.
Кездесу барысында келер жылдары елімізде Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы сынды бірқатар айтулы даталардың өтетіні айтылды. Осы мерейтойлар шеңберінде ел бойынша түрлі деңгейдегі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кездесуге келген көпбалалы аналардың қойған сұрақтарына вице-премьер барынша нақты жауап берді. Ол мемлекет тарапынан азаматтардың осы санатын қолдауға бағытталған барлық шараларды атап көрсетті. Оның ішіне атаулы әлеуметтік көмек алу, баспанамен қамту, жеке іс ашуға арналған жеңілдетілген несие беру енеді.
Кәсіпорын жұмысымен танысты
Үкімет басшысының орынбасары Өскемендегі «Силумин Восток» кәсіпорнында болып, өндіріс орнының жұмысымен танысты және сондағы еңбеккерлермен кездесу өткізді.
Аталмыш өндіріс ошағы арматуралардан бастап трансформаторларға дейінгі металл-электрлі бұйымдарды шығарады. Кәсіпорын заман талабына сай бейімделіп, заманауи станоктар сатып алған. Жуырда ІТ-сынып ашып, өз мамандарының біліктілігін арттыруды бастапты. Келешекте жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, олардың студенттерін тәжірибеден өткізіп, кейбірін өздеріне жұмысқа алмақ.
Кәсіпорын басшылығы еліміздің ірі өндіріс орындарынан көптеген тапсырыстардың түсіп жатқанын айтты. Сондай-ақ аймақ басшысы алдағы уақытта «Қарашығанақ» кен орнындағы компаниялардан көлемді тапсырыстар алуға қолдау көрсетінін де жеткізді.
– Алты жыл бұрын мен осы кәсіпорында болғанмын. Ол кезде бұл жерде шағын ғана цех жұмыс істейтін. Ал бүгінде зауыт кеңейіп, шығаратын өнім түрлері көбейе түсіпті, – деген Бердібек Мәшбекұлы жұмысшылармен емен-жарқын әңгімелесті.
Мұндағы еңбеккерлердің орташа жалақысы 250 мың теңгенің шамасында екен. Одан бөлек нәтижелі жұмыстарына сай сыйақы да төленіп тұратын көрінеді.
Жұмысшылардың бірі Жолдауда Президенттің зейнетақы қорындағы қаражатты үй алуға немесе білім алуға беру жағын ойластырыңдар деген тапсырмасын алға тартып, оның қалай жүзеге асатынын сұрады.
– Ол бойынша қазір Үкіметте арнайы жұмыс тобы құрылып, мәселені зерделеп жатыр. Жан-жақты қаралған соң оны берудің механизмдері жасалып, халыққа түсіндіріледі. Бұл ретте айтарым, бәрі де жинаған қаржының көлеміне байланысты. Бүкіл соманы азаматтарға бірден бере салсақ, ертең зейнетке шыққанда не істемек?! Ең бастысы – қордағы ақшаңыз зейнетақыға жетуі тиіс. Үкімет осы мәселеге жауапты, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Ержан Әбіш