Ел біріншілігіне қатысатындар белгілі болды
Семейде ерлер мен қыздар арасында семсерлесуден ел чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталды. Жарысқа Өскемен мен Семейден ұзын саны 56 спортшы қатысты.
Қыздар арасындағы бәсекеде бірінші орынға Өскемен қаласының атынан қатысқан Владислава Андреева ие болды. Вице-чемпион атағына Семей қаласының өкілі Даяна Мамырбекова қол жеткізсе, үшінші орынға тағы екі семейлік семсерлесуші Камила Шідербаева мен Камила Қисанова тұрақтады.
Ерлер арасындағы жарыс та аса тартысты өтті. Бұл сайысқа барлығы 36 спортшы қатысқанын айта кеткен жөн. Екі күнге созылған бәсеке қорытындысы бойынша семейлік Дмитрий Герасименко турнир жеңімпазы атанса, Өскемен қаласының өкілі Әлібек Сүлейменов екінші орынды қанағат тұтты. Үздік үштікті тағы екі спортшы – Алексей Пеньков (Өскемен) пен Кирилл Павлов (Семей) түйіндеді.
Жоғарыда айтылғандай, жарыста үздік шыққан спортшылар алдағы ел біріншілігінде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.
Нұржан Кенжеұлы