Қоғам

Ел азаматы

Ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосқан Тарбағатайдың төлтума перзенті Сәумен Жақаевтың өмір жолын қазақ зиялысы деген ұғым тұрғысынан әңгімелесек артық емес. Оның «атаның баласы емес, адамның баласы болып» бар өмірін халқының дәулеті мен сәулетін арттыруға сарп етіп келе жатқан басшы, қайраткер екеніне жұрттың көзі жетіп, көңілі әлдеқашан сенген.

Азаматты ел өсіреді, елдік мектептің тәрбиесін алады. Ол өзінің атадан дарыған сұңғыла ойы, сауатты болса да, білуге құштарлығы арқасында ауданның экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуына атсалыса жүріп, ел азаматы атанды. Сәкеңнің қандай қызметте отырса да, нысапсыздыққа жоламағаны, өз мүддесіне келгенде қанағатшыл дағдысы – көпке үлгі.

Бүгінде еңбегінің зейнетін көретін уақытқа жеткен Сәумен Әшіржанұлы Тарбағатай ауданындағы Жалғызтал ауылында дүниеге келген. «Ласты» совхозының орталығы Жетіарал ауылындағы Ленин мектебін 1973 жылы бітіріп, 1978 жылы Семейдегі малдәрігерлік институтын аяқтап, туған жерге маман болып оралды. 1978 жылдан 1991 жылға дейін Ақжар совхозының №3 фермасында мал дәрігері болып еңбек етті. Жұмысымен совхоз басшыларының назарына ілінген Сәумен Әшіржанұлын совхоз комсомол ұйымының жетекшісі етіп сайлады. Бұл жұмысты абыроймен атқарған Сәумен Әшіржанұлын аудандық партия комитеті ауылшаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, кейін меңгерушісі, одан соң ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. 1987 жылы аудандық партия комитеті бюросының мүшесі болып сайланды. 1991-1993 жылдары аудандық жоспарлау бөлімінің аға экономисі, тексеру комиссиясының төрағасы болды, 1994 жылы аудандық мәслихаттың депутаты және тексеру комиссиясының төрағасы боп сайланды.

SAMSUNG CSC

1995-1996 жылдары аудан әкімі аппараты экономика  комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 1995 жылы аудан әкімі Т.Түсіпбековтің басшылығымен Қытайдың Алтай қаласындағы тері өңдейтін компаниясымен бірлесіп, Ақжар ауылында ерлер мен балалардың аяқ киімін тігетін «Жунго-Толағай» кәсіпорынын құруға қатысты, 1996 жылы осы бірлескен кәсіпорынның атқарушы директоры болып тағайындалды. «Жунго-Толағай» – еліміздің кедендік аймағынан тыс жерде шикізат өңдеуге рұқсат алған облыстағы алғашқы кәсіпорындардың бірі.

Сәумен Әшіржанұлы іскер, білікті, пайым-парасаты мықты, жауапты, өз міндетін адал атқаратын аудандағы санаулы басшылардың бірі болғаны шындық. Сәкеңнің қоғамның даму барысына жіті үңілетіні, ел тарихын түгендеу, мұрасын әспеттеу, дәстүрін жаңғыртудағы ой-пікірлері, көптің көкейіндегіні дөп басатын көргендігі талай игілікті іске бетбұрыс болды.

2006-2009 жылдары аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болғанда тұрғындар арасындағы идеологиялық жұмыс тұжырымдамасын әзірлеп, жүзеге асырды. Идеологиялық жұмыстардың жолға қойылу арқасында аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі қоғамдық іс-шаралар тұрғындар көңілінен шықты. Сәумен Әшіржанұлының  мектебі нәтижесінде ішкі саясат, мәдениет пен спорт, білім және әлеуметтік сала қызметкерлерінде жоғары деңгейде жұмыс істеу дағдысы қалыптасты.

Ауданның әлеуметтік, экономикалық, қаржы-шаруашылық негіздерінің қалануында Сәумен Әшіржанұлының еңбегі зор. Тарбағатайдың даму қарқыны жоғары аудандар қатарына қосылуына үлес қосты. 1997-2016 жылдары аудан әкімінің  көмекшісі, аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары болып қызмет етті.

Сәумен Әшіржанұлы ауыл шаруашылығы маманы ретінде де көшелі іс атқарды. Аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болғанда малды асылдандыру жұмысын жолға қойып, асыл тұқымды шаруашылықтар санын 60-қа жеткізді. Нәтижесінде аудан республикада бірінші орынға шықты.

Ол кісі жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тұрғындарға түсіндіріп, шаруа  қожалықтары мен қаржы институттары арасында байланыс орнатып, ілкімді жұмыстың тетігін тапты. Асылдандыру нәтижесінде мемлекеттен қайтарымсыз субсидия алуға болатынына ағайынның көзін жеткізді. Шағын несие алып, кәсіп ашып жатқан азаматтар жетерлік. Ол сондай-ақ суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың 2015-2020 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырды.

Осының бәрі – Сәумен Әшіржанұлының агробизнесті дамытуға деген жұмысының бір көрінісі.

Тарбағатай спортының жеңісті жолдары облыс жұртына аян. Осы ретте Сәумен Әшіржанұлы аудан спортын облыстағы үздік үштікке жеткізуге үлес қосты. Бұқаралық спорттың дамуына ықпал етіп, демеушілерді тарту Сәкең басқарған жылдары бұлжымас қағидаға айналған еді. Аудан құрама командаларының жаттығуларына қатысып, беталыстарын байқап, жолға қойды.  2007 жылы облыста тұңғыш рет Тарбағатай ауданында ұлттық ат спортымен айналысатын «Тұлпар» кәсіпорнын құрды. Аудан құрамасының облыс спартакиадасында қатарынан жеті рет чемпион болуына негіз қалады.

Сәумен Жақаев 2016 жылдың наурызында алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Мемлекеттік билік сатысындағы жергiлiктi өкiлдi орган – мәслихаттың маңызды істерін жүргізіп отыр.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары, халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмылдырылған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы – депутаттық корпустың тұрақты бақылауында. Бюджеттің басым бөлігі қаралатын ең маңызды мәселелер – білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліпжатыр.

Сайлаушылардың бірде-бір өтініш-арызын қараусыз қалдырмау, депутаттық сұраныс және мекеме басшыларымен жеке кездесулер арқасында маңызды мәселелер шешімін табуда. Сәумен Әшіржанұлы бастаған депутаттар көп сенімінен шығып жүр. Биыл ел мәслихаттарына 25 жыл толуына орай мерейтойды республикада бірінші болып Тарбағатай аудандық мәслихаты атап өтті.

Сәумен Жақаев екі мәрте облыс әкімдігі мен мәслихатының «Құрмет» грамотасымен, «Конституцияға – 10 жыл», «Тәуелсіздікке – 20 жыл», «Тәуелсіздікке – 25 жыл», «Астанаға – 20 жыл» медальдарымен, «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапатталған. 2016 жылы ауданның Құрметті азаматы атанды. Енді «Тарбағатай аудандық мәслихатына – 25 жыл» мерекелік төсбелгісін иеленіп отыр.

Өнегелі ғұмыры бар, қашанда ізгілік жолын ұстанған, халқын шын сүйген, қызметтік жолы іні-қарындастарына үлгі Барқытбелдің бір ұлын «ел азаматы» атына лайық көрдік.

Шәкен Көпшікбаева

 Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button