ҚоғамТОП

Ел ақысын арқалаған еріктілер

Биыл Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы болып жарияланды. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бішкекте өткен Достастық мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қолдайтынын айтқан. Ал волонтерлік қозғалысты жандандыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде БҰҰ Қазақстанның бастамасымен 2026 жылды халықаралық Волонтерлер жылы деп жариялады.

Волонтер –  eшкімнің нұсқауынсыз өз еркімен қоғамдық іс-қимылға белсенді әрі ақысыз қызмет қылатын адам. Төтенше жағдай кездерінде алғашқылардың бірі болып халыққа гуманитарлық көмек ұсынатын, адал ниетімен өзге жандарға қол ұшын созатын, панасыз қалған жануарларға көмек көрсетіп, табиғаттың тазалығына басты жанашыр болған және ол еңбегі үшін ешқандай ақы алмайтын еріктілердің еңбегі ешқашан ескерусіз қалған емес.

– 2024 жылды ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялау бастамасын құптаймыз. Қазақстан 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өтті. Еріктілердің ізгі амалдары қоғамымызда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына елеулі үлес қосады. Мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды, –  деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол Достастық елдерінің волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударып, еріктілердің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді де ұсынған. Осылайша еріктілер ұйымдары мен қозғалысының жаһандық деңгейде дамуына тың серпін берілмек.

Қайырымдылық қанымызда бар

Кейінгі 3 жылда елдегі еріктілер ұйымдарының саны үш есеге, яғни 224-тен 680-ге дейін өсіп, белсенді волонтерлер саны бес есеге дейін артқан. Бүгінде еліміз бойынша 700-ге жуық волонтерлік ұйым, мыңнан астам бастамашы топ, мыңнан астам «Күміс волонтер» және еліміздің түкпір-түкпірінде 20 өңірлік волонтерлер фронт-офисі жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Өскемен қаласында 14 волонтерлік ұйым бар. Ал ерік-жігері тасыған ерікті жастардың санында есеп жоқ. Осыдан-ақ мемлекетімізде волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады.

– Шығыстың бас шаһарында 400 мыңдай тұрғын бар. Соның ішінде жастар саны 97 мыңға жуықтайды. Бұл жалпы халықтың шамамен 27 пайызына тең. Дәл қазір қалада 30-дан астам жастар ұйымы жұмыс істейді. Өздеріңіз білетіндей, волонтерлік фронт-офистердің барлығы Жастар орталықтарының базасында жұмыс істейді, әлеуметтік осал топтарға көп көмек көрсетеді. Ал орталық волонтерлердің жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасап, тың бастамаларына үнемі қолдау көрсетеді. Қазір облыс орталығында 14 волонтерлік ұйым мен мыңнан астам ерікті бар, –  деді облыстық қоғамдық кеңес жанындағы жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Айдос Әділбекұлы.

Шын мәнінде ерікті түрде жұмыс істеу, өзгеге көмектесу ғасырлар бойы қазақ халқының қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін қазақ қоғамы үшін, еріктілер қозғалысы тіпті жат дүние емес. Қазір облыстың бас шаhарында еріктілерді қолдау мақсатында республикалық жоспарға сәйкес жеті бағыт бойынша «Birgemiz» жол картасы іске асып жатыр. «Qamqor» және «TazaAlem» бағыты бойынша бірқатар акция ұйымдастырылып, нәтижесінде сегіз әлеуметтік мекеме қамтылған.

– Мен волонтермін. Өзімнің «Мейірім» деп аталатын ұйымым бар. Бәріміз бірлесіп жұмыс атқарып келеміз Балалар үйіне, қарттар үйіне барып қолғабыс қыламыз. Жастар орталығымен бірлесіп көптеген іс-шараға бастамашы болдық. Түрлі марафондарға қатысамыз. Еріктілер өз ойларын жүзеге асырған сайын халықтың билікке деген сенімі нығая түскендей. Екі тараптың байланысы бекиді. Соның арқасында еріктілердің де беделі артып келеді. Біз, жастар осы бір кішкентай ғана жұмысымыз арқылы елдік істерге қадам басамыз. Болашақ бүгіннен және батыл қадамнан басталады, –  дейді ерікті Азизбек Нурполат.

Қашан да алғы шепте

Шығыста қыс қаhарына мінген кезде өңір тұрғындарына бірінші болып көмекке еріктілер келеді. Биыл облыста ақ түтек боран соғып, сарышұнақ аяз қысқан сәтте жылдағы дәстүрді бұзбай еріктілер халыққа «Жылылық сыйла» акциясын өткізді. Қалың қар жауып, елді мекендерде қозғалыс қиындағанда коммуналдық қызметтер күні-түні тынбай жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ал еріктілер қала тазалығына жауапты жандарға ыстық шай мен бауырсақ таратып, «Жылылық сыйла» атты акция өткізді.

Бұл ретте өңіріміздің өзге қалалары мен аудандарындағы еріктілер де бейжай қалмағанын айта кеткен жөн. Мәселен, Ұлан ауданының жастары бір апта бойы қайырымдылық жасап жарысқан. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен еріктілер апталығы өтті. Волонтерлер ауа райының қолайсыздығына қарамай 46 үйдің ауласын қардан тазартуға көмектескен.

Түтеген боран мен сақылдаған аязға қарамай Қ.Қайсенов кентінің автоволонтерлері 23 мүмкіндігі шектеулі адамды емханаларға тегін тасымалдады. Сондай-ақ ауданның өзге тұрғындары да белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп, тегін такси акциясын ұйымдастырып, адамдарды діттеген жеріне жеткізіп салуға көмектескен.

Ақпан айының екінші онкүндігінде облыс бойынша ақтүтек боран соғып, бірқатар жол учаскелері жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің ескертуін елемей, жолға шыққан көлік жүргізушілері қар құрсауында қалып жатты. Бұл жолы да жанашыр жастар көмекке бірінші болып келді. Алтай ауданының еріктілері жолда қалған көлік жүргізушілеріне ыстық шай мен бауырсақ ұсынды. Мұндай акциялар облысымыздың түкпір-түкпірінде жалғасын тауып жатты.

Алғыс айту күніне орай облыстық Жастар ресурстық  орталығының бастамасымен «Қоржын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Игі бастаманы Тарбағатай мен Самар аудандарының жастары ізін суытпай жалғап, мұқтаж жандарға көмек көрсетті, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратты.

–      Күннің суығына қарамастан аянбай еңбек еткен жандарға жастар ыстық шай беріп, аязды күні көшедегі адамдарға тегін такси қызметін ұсындық. Қариялардың үйіне барып, ауласының қарын күреп бердік. Сонымен қатар Ақжар ауылындағы аз қамтылған екі отбасына,  көпбалалы екі отбасына азық-түлікпен және де киім-кешекпен көмек көрсетілді, –  деп түсіндірді Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Талант Оразаев.

Көліктегілер көмекке келді

Шығыста автоволонтерлік бағыт та қарқынды дамып келе жатыр. Өскемен-АСАР автоеріктілер жобасын қала әкімдігі осыдан бес жыл бұрын қолға алған.

–  Жылдан-жылға жалғасын тауып, көптің көңілінен шығып келе жатқан осындай жобалар бар болғаны қуантады. Бұл жобаның жүзеге асырылып, нәтиже көрсетіп отырғанына, міне, биыл алты жыл болды. Былтыр еріктілер 260 шақырту алып, қызмет көрсеткен, –  дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Автоеріктілердің қызметіне жалғызілікті зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жүгіне алады. Қайырымды автожүргізушілер көмекке мұқтаж жандарды емханаға, базарға, қоғамдық орындар мен басқа да жерлерге тегін жеткізіп тастайды.

Өңірде барлығы 2 мыңнан астам волонтер бар. Жыл басынан бері 300-ден астам волонтердің қатысуымен әртүрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылған.

– Облысымызда автоволонтерлікті қолға алып жатырмыз. Еріктілердің бұл бағыттағы бастамалары кең етек алып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды, әлеуметтік осал топтағы адамдарды бір жерден екінші жерге жеткізу, азық-түлігін әкеліп беру, көшеде сынып тұрған көлікке көмек көрсету сияқты қайырымды істерді автоеріктілер атқарып жүр. Осы орайда барша көлігі бар азаматтарды біздің қатарға қосылуға шақырамын! – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ермек Асқаров.

Алдағы уақытта еріктілердің бастамасымен жүзеге асырылатын қайырымдылық шаралары жалғасын таба бермек. Еріктілікпен айналысып жүргендердің басым бөлігі – жастар екендігі көңіл қуантады рас. Ерікті болу –  жас­тардың қоғамдық істерге бел­­­сене араласуына зор мүмкіндік бере­тіні анық. Күнделікті өмірде, қоғамдық қызметте волонтерлер тарапынан көрсетілетін көмектің маңызы зор екенін есімізден шығармағанымыз абзал. Мемлекет басшысы қолдау білдіріп отырған бұл қызмет түрі алдағы уақытта елімізде қарқыны дами берері сөзсіз.

Осы айдарда

Back to top button