Қоғам

Экзотикалық жануарлар мен құстардың көрмесі өтіп жатыр

Экзотикалық жануарлар мен құстардың көрмесі өтіп жатыр


Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Тірі кемпірқосақ» көрмесі өтіп жатыр. Онда қызыл кітапқа енген экзотикалық жануарлар мен құстарды тамашалауға болады.

Жұрт назарына ұсынылған қауырсын қанаттылар көрмеге келушілерді

өздерінің әдемілігімен ғана емес, ән салу, би билеу сынды өнерлерімен де тәнті етті. Өскеменде осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған көрмені ұйымдастырушы Аслан Ақтеміровтің айтуынша, мұндағы тукан токо, какаду сынды Қызыл кітапқа енген құстар мен Боня есімді ақ қолды гиббон көпшіліктің қызығушылығын оятқан.

– Бұл жердегі ең ірі құстардың бірі – жасыл қанатты ара. Оның салмағы бір келіге жуық. Бразилия мен Панама елдерін мекен ететін қанаттылар интеллектуалды қасиетінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Мысалы, бұл құс адам айтқан 10-нан астам сөзді жаттап алып, қайталап айтып бере алады, – дейді Аслан Ақтеміров.

Көрмедегі жануарлар мен құстарға арнайы күтім жасайтын Леонид Логачевтың айтуынша, «Табиғат ғажайыптарын» тамашалаушыларды Ирис есімді кинкажу ерекше қызықтырады екен.

– Бұл жануар кинкажу немесе гүл аюы деп аталады. Ол 30 жылға дейін өмір сүреді. Көбінесе жеміс-жидек, балмен қоректенеді. Күндіз ұйықтағанымен, түнде өте белсенді. Негізінен Орталық және Оңтүстік Америкада өмір сүретін жануардың жүні өте бағалы, – дейді ол.

Көрмеге келген балалардың қуанышында шек жоқ. Олардың арасында экзотикалық құстар мен жануарларды алғаш рет көргендері бар екен. Қытай, Үндістан және Таиландта ғана кездесетін жан-жануарларды өз көзімен көруге мүмкіндік алған бүлдіршіндер құстарды қолға алып, фотосуретке түсіп қайтты.

– Көрмеге немеремді алып келдім. Мұндай жануарларды бұрын-соңды теледидардан ғана көрген Айзере үшін бүгінгі күн ерекше өтті. Балаларға арналған осындай қызықты көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрса екен, – дейді өскемендік зейнеткер Раушан Омарова.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button