Қоғам

Экзотикалық тіршілік иелерін өсіріп жатыр

Экзотикалық тіршілік иелерін өсіріп жатыр


Егер сізді экзотикалық жерлерде мекен ететін жәндіктер мен жануарлардың тыныс-тіршілігі қызықтыратын болса, алысқа сабылмай-ақ Глубокое кентіндегі Балалар шығармашылық үйіндегі «Биоорталыққа» барсаңыз жеткілікті. Бүгінде жас биолог Тілек Дәлетбеков жетекшілік ететін бұл орталықта экзотикалық жәндіктер мен жануарлардың 38 түрі бар.

«Биоорталықтың» ашылғанына биыл небәрі үшінші жыл болыпты. Бәрі де осынау Балалар шығармашылық үйіне Тілек Ерболатұлының келуімен тығыз байланысты. 2013 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің биология факультетін бітірген ол бірден «Биоорталық» ашуды қолға алады.

– Өзім Марқакөл өңірінің тумасы болғандықтан табиғатты ерекше жақсы көремін. Кішкентайымнан жан-жануарлардың тіршілігі, сан алуан өсімдіктердің әдемілігі қызықтыратын. Олармен адамша сөйлесіп, тілдесетін едім. Бүгінде бұл іс менің кәсібіме айналды. Қазіргі 21 ғасыр – ғылымның ғана емес, техниканың, компьютердің ғасыры ғой. Жастардың дені бос уақыты бола қалса ғаламтордан көз алмайды. Бұл орталықты ашудағы негізгі мақсатым да балалардың ойын басқа жаққа бұру, табиғатпен етене жақын болып өсуіне жағдай жасау еді, – дейді Тілек бізбен әңгімесінде. Айтуынша, орталықты алғаш ашқан кезде жануарлар өте аз болыпты. Тек толқынды тотықұстар мен қояндар ғана болыпты. Қазір түрлері көбейіп, саны да әжептәуір артқан. Құстардың саны 13-ке жетіпті. Бауырымен жорғалаушылар мен кеміргіштердің саны да онға жетіп жығылады. Сондай-ақ орталықта 35 экзотикалық өрмекші бар. Балықтардың саны көбейіп, түрленіп келеді. Негізі экзотикалық жәндіктер мен жануарлар кез келген адам үшін қызық қой. Оларды теледидардан тамашалағанша, балалардың оны өз көзімен көріп, қолымен ұстағандары әлдеқайда пайдалы әрі есте тез сақталады.

– Сенесіз бе, балалар менің үйірмеме қызығушылықпен келеді. Өрмекшілерді, хамелеондарды көріп, ұстағысы келеді. Менімен бірге тамақ беріп, олардың әрекетін қызыға бақылайды. Сондай сәттерде мен өзімнің ұстаздық арманыма қол жеткізгендей сезімде боламын. Балалардың қызығушылығы бар, демек еңбегімнің зая кетпегені, – дейді Тілек.

Тілек былтырға дейін Белоусовка кентіндегі №1 мектепте биология пәнінен оқушыларға сабақ беріпті. Бірақ кейін бүкіл уақытын тек осы үйірмеге ғана арнауды жөн деп тауыпты. Өйткені, «Биоорталықтағы» жәндіктер мен жануарлардың қатары көбейген сайын, оларға қарайтын уақыт керек.

– Мұндағы тіршілік иелерінің барлығы бала секілді. Ерекше күтімге, жылулыққа мұқтаж. Өз жұмысымды жақсы көргендіктен, орталыққа сенбі, жексенбі күндері де келемін. Оқушыларым да демалыс күндері келеді. Оларға күнде бір қызықты мәлімет айтып, ғаламторда жоқ затты көрсетіп, пайдалы ақпарат беруге тырысамын, – дейді Тілек ұстаз.

Тілек мұндағы әрбір тіршілік иесінің мінезін, көңіл-күйін өте жақсы біледі. Тіпті «патшалығындағы» жәндіктер мен жануарлардың әрқайсысы туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. Қайда өмір сүреді? Ішіп-жейтін қорегі не? Олармен қалай қарым-қатынас жасау керек? Нені жақсы көреді? Нені ұнатпайды? Ол осынау экзотикалық жәндіктер мен жануарлар туралы ақпараттарды мұқият жинайды, зерттейді. Мысалы мына бір игуана дейтін кесіртке негізінде Оңтүстік Америкада тіршілік етеді екен. Қазір шамамен екі жаста. Негізінде бұл тіршілік иесі үш метрге дейін өсетін көрінеді. «Өзі динозаврға ұқсайды екен» деп жатырмын мен таңданысымды жасырмай. «Иә, ұқсайды. Оларды отанында динозаврдың ұрпақтары деп айтады» дейді Тілек. Ал австралиялық «сақалды агама» деп аталатын кесірткенің тұрқы әзірге кішілеу болғанымен, оның да ұзындығы өсе келе 60 сантиметрге дейін жететін көрінеді. Сондай-ақ «иемен хамелеондары» деп аталатын кесірткелердің де өзіндік ерекшелігі бар. Өмірге келгеніне әлі 2-3 ай ғана болған бұл кесірткелердің еркектері ірі, ұрғашылары кішілеу болып келеді. Ал «императорлық айдаһар» деп аталатын жылан қазір небәрі үш айлық. Ұзындығы әзірге 67 сантиметр ғана. Бірақ өсе келе оның ұзындығы 2-2,5 метрге дейін жетеді.

Австралиядан әкелген тотықұс

Тілек Ерболатұлы бұлардың әрқайсысын шетелден тапсырыспен алғызған. Бағасы жасына байланысты. Яғни, кішкентайларының құны жиырма мың теңгеден басталады.

«Биоорталықта» экзотикалық құстардың жеті түрі бар. Кейбір түрлері қайталанады. Мысалы, толқынды тотықұс Автралияда мекен еткенімен көп тараған құстардың қатарына жатады. Оны үйде ұстауға да болады. Ерінбей-жалықпай баулысаң, сөйлеп, көңіліңді де көтере алады. Амадина деген құс та сондай әдемі. Ал бриллантты горлица құсы бұл жерге осыдан екі жыл бұрын әкелініпті. Тілек оған әзірге сыңар таппай жүргенін айтты. Оның айтуынша, құстардың да өзінің мінезі бар.

Мысалы, корелла деген құстың мінезі өте жайлы. Өйткені, ол көптеген құстармен тіл табысып, бір торда өмір сүре алады. Бұл құстың қасына бриллиантты горлицаны отырғызып қойсаң да жатырқамайды. Бір-бірімен тез тіл табысып кетеді. Кореллалардың бір ерекшелігі – олар сыңарын өзі таңдағанды қалайды. Яғни, басқа бір корелланы қасына күштеп отырғызып қойсаң, бір тордың ішінде екеуі бірге өмір сүргенімен, жұп болмайды екен.

«Биоорталықтың» «тұрғындары» ауырып қалса, қайтесің деп сұрап жатырмын мен Тілектен. «Ауырса, емдейміз. Бізде жәндіктер мен құстарды емдейтін ветеринар мамандар немесе ориентологтар жоқтың қасы. Сондықтан оларды өзіміз емдеуге тура келеді» дейді ол.

Биыл «Биоорталықта» екі жүз елу литрлік аквариум пайда болыпты. Бұл аквариумның ішінде тек алтын балықтар ғана өмір сүреді екен.
Тілектен мұндағы жәндіктер мен жануарларды немен қоректендіретінін сұрап жатырмыз.

Бұл орталықтағы кесірткелер мен құстардың кейбір түрлерінің негізгі қоректері – чернотелка деп аталатын қоңыздардың дернәсілдері көрінеді. Өйткені, оның құнарлылығы 90 пайызға жоғары.

– Бұл қоңыздардың дернәсілдерін құс фабрикаларында жақсы өсіреді. Тауықтарға, күркетауықтарға осы құртты берсе, тез ет алып, семіреді. Бірақ біз бұл құрттарды кесірткелер мен жыландарға аптасына бір-ақ рет береміз. Құнарлылығы жоғары болған соң, жәй қорытылады. Әрі жиі берсек, семіріп кетеді. Оның үстіне бұлар табиғатта емес, террариумда өмір сүреді ғой. Табиғаттағы сияқты жүгіріп жүрсе, ішкен асы бойына тез тарап кетуші еді. Ал бұларға семірген зиян, – дейді Тілек Дәулетбеков.

Экзотикалық тіршілік иелерін өсіріп жатыр

Тропикариум ашу жоспарда бар

Сондай-ақ Тілек бізге мрам тарақандарын да көрсетті. Айтуынша, бұл тарақандардың біреуі 30 теңге тұрады. Оларды Алматыдағы осындай жәндіктерді өсірумен айналысатын адамдардан сатып алатын көрінеді.

– Тарақандардың көбі «космополит» деп аталады ғой. Тарақандар жер шарының барлық жерін мекен етіп, көбейе береді. Бұл тарақандарды шетелден алып келсе де, Қазақстанның табиғатына тез бейімделіп кетеді, дейді Тілек. Тарақандардың барлығы арнайы қорапта сақталады. Олар шығып кетпес үшін қораптың шетіне жақпа май жағып қояды екен.

Тілектің өрмекшілерін де көрдік. Айтуынша, бұл өрмекшілердің өзі оқушылардың ғылыми жобалары үшін таптырмайтын материал екен. Жалпы, Тілектің өзі о баста осы өрмекшілермен әуестеніпті. «Негізі мен арахнологияға жақынмын» дейді. Осынау өрмекшіге қол жеткізудің өзі де қалтаға кәдімгідей салмақ. Тіпті мұндағы өрмекшілердің кейбір түрін ол 30-40 мың теңгеге сатып алыпты.

Сөз ыңғайына қарасақ, кейіпкеріміз тапқан-таянғанының барлығын осы үйірмеге жұмсайтын сыңайлы. Кейде әріптестері «жануарларың жесін» деп үйлерінен қырыққабат, сәбіз секілді көкөністер әкеліп береді екен. Бірақ әзірге шығыны көп, пайдасы аз жұмыс болса да Тілек бұдан бас тартпақ емес.

– Болашақта көптеген жануарлар мен жәндіктер алып, қорды үлкейтпек ойым бар. Әрине, оған бір менің жалақым жетпейді. Олардың тамақтары бар. Десе де барға қанағат етеміз, – дейді ол.

Демеушілер табылып жатса, болашақта үлкен тропикариум ашу да ойында бар. Айтуынша, ондай тропикариум Ресейде бар. Ішінде жануарлар көбіне емін-еркін жүреді екен. Ішіне кірген адам өзін Амазонкада жүрген секілді сезінетін көрінеді.

Психологтар «Армандар орындалады» деп жатады ғой. Кім біледі, Тілек те осынау биік арманына қол жеткізер. Қалай десек те, орындалатынына сенгіміз келеді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button