Экспорт еселеп артып, инвестиция азайды

Облыстың өнеркәсіп саласындағы экспорт көлемі 25 пайызға артып, инвестиция кеміген. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде айтылды.
Өткен 10 айда облыстың жалпы ішкі өнімі екі триллион теңгені құрап, өсім төрт пайызды құраған. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков өңдеу өнеркәсібінің экспорты қарқын алғанын айтады. Мұндай өсім бірінші кезекте түсті металлургия мен тау-кен өнеркәсібі өнімдерінің экспорты еселеп артуымен байланысты.
-Кәсіпкерлікті қолдаудың облыстық картасына енген 79 жобаның жалпы құны – 967,9 млрд. теңге. Соның бәрі толық қуатына енсе, 18 мың жұмыс орны пайда болар еді, – деді Мақсат Мүсәпірбеков.
Жыл басынан бері өнеркәсіпке тартылған инвестиция көлемі біртіндеп кеміп келеді. Мұны басқарма басшысы «Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы», «Толық циклды автомобиль зауыты» сияқты ірі жобалардың аяқталуға жақын қалуымен байланыстырды. Ауқымды ошақтардың іске қосылар сәті жақындаған сайын оған салынған инвестиция да азая түссе керек.
Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған 35 кәсіпорын өзінің 100 пайыздық қуатына еніпті. Ал жеті жоба әлі де болса 50-80 пайыз қуатпен жұмыс істеп тұр. Аталмыш картаға келер жылы тағы үш жоба енуі мүмкін. Зайсан ауданында «Нұр» шаруа қожалығы шағын ет комбинатын іске қосса, «Ostfish» ЖШС бекіренің уылдырығы мен етін өңдемекші. Ал «Қазэлектромаш» ЖШС эмальдалған сым өндіруге кірісуді көздеп отыр.
2010-2014 жылдары іске асқанымен, төрт аяғын тең басып кете алмаған алты жобаның үшеуі ақыры Индустрияландыру картасынан шығарылыпты. Қалған үшеуі біртіндеп толық қуатына еніп келеді. Индустрияландырудың екінші толқынына жоспарланған 34 жобаның үшеуі биыл жыл аяғына дейін өндіріске енуі тиіс. Соның бірі – «ТАГ-ТИН» ЖШС қолға алған рапс және күнбағыс майын өңдейтін зауыт құрылысы. Соңғы технологиялық жетістіктерді қамтитын бұл жобаның құны – 526 млн. теңге. Қазір Қытайдан алынған қондырғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Биыл негізгі цех іске қосылып, 2018 жылдың басында алғашқы өнімін береді деп күтілген.
-Сондай-ақ Глубокое ауданында алтын өндіретін «Алтай кен-байыту» ЖШС өндірістік қуатын арттыруға 16,2 млрд. теңге шығындауды көздеп отыр.
«Өскемен арматура зауыты» роботтандырылған дәнекер қондырғысын орнатуға 439 млн. теңге жұмсамақ. Бұл жоба желтоқсан айында бітеді, – дейді М.Мүсәпірбеков.
Нұрымбет Сақтағанов жергілікті әкімдерді индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған жобалардың толық қуатымен жұмыс істеуіне ықпал етуді тапсырды.
Өңірдегі эпизотикаалық жағдай қандай?
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Шынтеміров 10 айда атқарылған жұмыстармен таныстырды. Ветеринарлар үшін биылғы жылдың ең басты жетістігі облыстың аусылға байланысты буферлік бұғаттан шығуы деуге болады. Мамыр айының аяғында осы мәселе бойынша арнайы тексерумен келген халықаралық эпизотикалық бюро осындай шешім шығарған болатын. Яғни, облыста өндірілген мал өнімдерін республика аумағында еркін тасымалдауға рұқсат беріліп отыр.
-Жыл басынан бері облыс бойынша мал ауруының 14 ошағы анықталыпты. Семей қаласында төрт, Бесқарағай ауданында үш, Ұлан және Бородулиха аудандарында бір-бір құтыру ошақтары белгіленген, – дейді Асқар Шынтеміров.
Ол сондай-ақ емдік шараларға ырық бермей, ауылдағы ағайынның малын қынадай қырған қауіпті індеттер екі жыл ішінде сәл саябырсығанын айтады. 2015 жылы қауіпті індет ошақтарының саны 58 болса, биыл 14-ке қысқарған екен. Дегенмен, Зайсан, Тарбағатай аудандарында ветеринарлардың салғырттығы сарып ауруын ауыздықтауға кедергі болған.
-Бұл аудандардағы бірнеше ауылда ветеринарлар аталық малды сарыпқа тексеру шараларын кешіктірген. Осының салдарынан сау малдар індет жұқтырған. Оларға қарсы айыппұл түрінде жаза тағайындалды, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша ауыл әкімдері де ветеринарлық қауіпсіздікке немқұрайлы қарап, шектеу шараларын үш айға кешіктірген. Жалпы, облыстағы эпизотикалық жағдай тұрақты болғанымен, Семей және Курчатов қалаларында, Зайсан және Күршім аудандарында сарып ауруы өрши түскен. Жыл сайын малынан ауру шығып, әбден қажыған халық соңғы кезде төрт түлігін санитарлық сойысқа өткізуден бас тарта бастаса керек. Ұлан ауданының бір тұрғыны малдың көзін жоюдан бас тартып, сот арқылы мәжбүрлеуге тура келіпті.
Облыстағы 231 ветеринарлық бекеттің тек 45 пайызы ғана дербес ғимаратта отыр. Қалғандары әлі күнге өзгенің босағасын сығалауда. Басқарма басшысы аудан әкімдерін осы мәселеге назар аударуға шақырды. Ал Көкпекті, Абай, Бородулиха, Глубокое аудандарындағы кейбір ветеринарлық бекеттердің қыста жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған.
Келер жылы емдік дәрумендерді сақтайтын 318 тоңазытқыш құрылғы сатып алу жоспарланған екен. 400 литрлік бұл құрылғыларды алуға 110 млн. теңгеден астам қаржы қажет. Қазір бұл соманың қанша бөлігін аудандық бюджет шығаратыны есептелуде.
Жиында тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдар арналған бағдарламасы қалай жүзеге асып жатқаны да талқыланды. Басқарма басшысы Айдын Шаймарданов биыл облыс халқының 78 пайызына мемлекеттік тілді меңгерту межеленгенін айтады. Әзірге бұл көрсеткіш 77,6 пайыздан аспай тұр.
-Бұл кемшілік жыл аяғына дейін жойылып, мақсаттық индикатор орындалады, – дейді А.Шаймарданов.
Есесіне ағылшын тілін игеру, үш тілді қатар меңгеру көрсеткіштері 100 пайыз орындалған.
-Биыл облыстық ономастикалық комиссия қайта атауға қатысты 39 мәселе қарап, соның 29-ына оң шешім шығарды. Көрнекі ақпараттардың мемлекеттілікке сәйкестігін анықтауға арналған 104 рейдтің нәтижесінде 220 қателік табылып, оның 169-ы дер кезінде жөнделді, – деген басқарма басшысы аудан және қала әкімдерін осы мәселеге баса мән беруге шақырды.
Жиында бұлардан бөлек, еңбекақы қарызы, суармалы жер қоры, өндірістің жергілікті мазмұнын ұлғайту, әлеуметтік көмектің жаңа форматы сияқты бірнеше мәселе бойынша ақпараттар тыңдалды. Облыс бойынша еңбекақы қарызы 84 млн. теңгені құрап отыр. Оның негізгі бөлігі Семей қаласының жұмыс берушілеріне тиесілі.
Жиынды қорытындылаған Нұрымбет Сақтағанов еңбекақы дауы көбінесе құрылыс компанияларының маңайында өрбитінін айтып, жұмысшыларды келісімшартсыз қабылдаған мердігерлерді конкурсқа қатыстырмау тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Есімжан Нақтыбайұлы