Қоғам

ЭКСПО адамзатқа не берді?

ЭКСПО адамзатқа не берді?


Бүгінде күнделікті тұрмыс жабдығына айналған техникалық жетістіктердің көбі өмірге жолдаманы осынау бүкіләлемдік көрмеден алған болатын. Біз солардың ең танымал дегендеріне тоқталуды жөн көрдік.

Телефон

Алғашқы көрме 1851 жылы Лондонда өтті. Мұнда факс аппаратының қарабайыр нұсқасы таныстырылды. Сол кездегі өнертабыс ізденістеріне қарап «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу» ең өзекті мәселе болғанын аңғаруға болады. Ақыры сол ізденістер 1876 жылғы көрмеде Александр Белдің телефон аппаратын ұсынуына түрткі болды.

Фонограф

1878 жылғы Париждегі көрмеде таныстырылған фонограф кейін диктофон, магнитофон, граммофон сияқты өнертабыстардың өмірге келуіне жол ашты. Әйгілі Томас Эдисон ұсынған фонографқа сол кездегі адамдар сиқырлы заттай қараған екен. Осы өнертабысы үшін Т.Эдисон «Менло Парктің сиқыршысы» деген лақап атқа ие болады.

Сыдырма

1893 жылғы Чикагодағы ЭКСПО көрмесіне дейін Батыс халқы аяқ киімін түймемен тиектеп келген екен. Бұл көрмеде алғаш рет Уитком Лео Джадсон ойлап тапқан сыдырма (замок) сөрелерге қойылды. Бірақ оның қазіргі механизмі 20 жылдан кейін пайда болды. Ал ол кездегі сыдырманы пайдаланудың қиын болғаны сонша, екі беттік нұсқаулығы бірге сатылған екен.

Рентген аппараты

Рентген аппаратымен алты құрлықтың аузын аштырған 1901 жылғы көрме АҚШ Президенті Уильям Мак-Кинлиге жасалған қастандықпен аяқталыпты. Оның денесіндегі оқты табу үшін жоба авторлары өз аппаратын пайдалануға кеңес береді. Алайда, АҚШ тарапы жаңа құрылғының қызметінен бас тартып, У.Мак-Кинли жарақаттан көз жұмады.

Тікелей эфир

1939 жылы Нью-Йорк қаласында өткен бүкіләлемдік көрмеде тікелей эфирде телехабар таратылды. Ол кезде тікелей эфирді қойып, теледидардың өзі көпшілік үшін таңсық дүние болатын. Осылайша, АҚШ Президенті Франклин Рузвельттің көрмені ашып жатқан сәті қала көшелерінде тікелей эфирден тарайды. Кейбір адамдар мұны иллюзионистік фокус ретінде қабылдаған екен.

Ұялы телефон

Араға 94 жыл салып байланыс саласында тағы да революциялық жаңалық ашылды. Сымсыз байланыс құралдары 1970 жылғы Осака көрмесінде таныстырылған болатын. Алайда, оның жаппай қолданысқа енуі үшін ондаған жылдар қажет болды. Ол кездегі ұялы телефон нұсқалары өте үлкен әрі қолайсыз болған екен. Тіпті, қалтаға да сыймайтын. Кейін бұл революциялық жаңалық компьютер мен ұялы телефонның селбесуіне себепкер болғанын қолымыздағы смартфондар мен гаджеттерден көріп жүрміз. Компьютер демекші, ол да әлемге ЭКСПО көрмелері арқылы танылды. Ең алғашқы ІВМ компьютерлердің көлемі бір үйдің қабырғасын тұтас алғанын сол көрмелердің суреттерінен байқауға болады.

Сенсорлық экран

Бұл тамаша технология өмірімізге соңғы жылдарда ғана енгенімен, алғаш рет 1982 жылы АҚШ-тың Ноксвилл қаласында таныстырылған екен. Бүгінде сенсорлық экрандар төлем терминалдарында, ақпараттық дүңгіршектерде, планшеттер мен ұялы телефондарда орнатылған.

Бұларға қоса ЭКСПО көрмелерінде Singer тігін машинасы, дизель моторы, электр розеткасы, Попов радиосы, Ладыгиннің қыздыру шамы, бытыралы подшипник, резеңке дөңгелек, жазу машинкасы, сериялы теледидар, гидравликалық жеделсаты, алып құлтемірлер, IMAX кинематографиялық жүйесі таныстырылған. Құрылыс саласындағы революциялық табыс саналатын цемент өнімін инженер Вик тағы да осы ЭКСПО көрмесінде әлем назарына паш еткен.

Жиырма бірінші ғасырға дейін ЭКСПО көрмесінің барлық жаңалықтары адам өмірін жеңілдетуге құрылса, соңғы жылдары шараның мақсаты ғаламдық мәселелерді шешуге бағыттала бастады. Испаниядағы көрме су тапшылығын тақырып етсе, соңғы Миландағы көрме «Адамзатты азықтандырамыз» деген ұранға арналды. Астана көрмесі – солардың лайықты жалғасы.

Осы айдарда

Back to top button