Екпіндегі ат спорты мектебіне келушілер көп
Тарбағатай ауданында асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытып, ат спортына айрықша ден қойған азаматтар жетерлік. Солардың бірі – Болат Қойбағаров.
Жастардың бәйге, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын ояту мақсатында Екпін ауылында заманауи ат спорты мектебін ашқан кәсіпкердің айтуынша, қазір мұнда демалыс сайын ат жарысы өтіп тұрады.
– Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз ғой. Бәйге аттарын баптаумен айналысып жүргеніме төрт-бес жылдай болып қалды. Басты мақсат – бүгінде компьютер алдынан шықпайтын жасөспірімдерді атқа мініп, табиғатқа аясында серуендеуге шығарып, оларды ұлттық құндылықтарды бағалай білуге баулу. Жалпы, буын, омыртқа аурулары, жедел және созылмалы құлақ аурулары жиі мазалайтын ересек адамдар мен балалар үшін жылқыға міну пайдалы. Кішкентай кезінен бастап атқа мінген бүлдіршіндердің болашақта денсаулығы мықты, ойы жүйрік азамат ретінде қалыптасатынына сенімім мол, – дейді Болат Қойбағаров.
Қазір Екпін ауылындағы ат спорты мектебінде таза және жартылай қанды ағылшын, араб жылқылары мен Қостанай асыл тұқымды жылқысы өсірілуде. «Ақбақай», «Жұлдыз», «Сұңқар», «Көкторғай», «Ханшайым», «Бақторы», «Қарақат» сынды атауларының өзі жылқы есімінің ға¬жап галереясын түзіп тұрған сыңайлы. Болат Қойбағаровтың айтуынша, атқа міну – артық салмақтан құтылудың таптырмайтын әдісі. Егер, сіз салт атпен аяңдай отырып, бір сағат жүретін болсаңыз, кемі 300 калория жоғалтасыз, ал үзбей желістен 700 калория жойылады екен.
– Бұл нысанды өткен жылы мемлекеттік-жекемен¬шік әріптестігі аясында өз қаражаты¬ма салдым. Жалпы, мектеп құрылысы¬на 5 миллион теңге жұмсалды. Бастысы, шығын ақталды. Біздің мектептің соңғы кезде екпіндік балалардың жиі келетін орнына айналып үлгергеніне қуаныштымын. Болашақта осы мектептің базасында мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу мақсатында иппотерапия орталығын ашуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.
Тарбағатай ауданы.
Ажар МҰРАТҚЫЗЫ