COVID-19 

Екпенің қай түрін таңдаған дұрыс?

Қазіргі уақытта 1 миллион 100 мыңға жуық қазақстандық коронавирусқа қарсы егілді. Елімізде қазір үш түрлі вакцина: ресейлік «Спутник V», отандық «QazVac» және арабтар өндірген қытайлық «Hayat-Vax»  салынып жатыр. Осылардың қайсысын таңдаған дұрыс? Вакцинаны бірінші кезекте кімдер алуы тиіс? Осы және басқа да сауалдарымызға облыс орталығындағы «Вита» емханасының директоры Рая Рахимова жауап береді.

       Рая Жанғалиқызы, әңгімемізді сіздің емханадағы вакцина салу жұмыстарынан бастасақ.

     –Біз екпе салуды наурыз айынан бастадық. Емханаға вакцинация науқаны басталғалы 1488 доза препарат бөлінген болатын, негізінен ресейлік «Спутник V» препараты.  Бізге тіркелгендердің ішінде  10 800 адам екпе алуға жатады. Қазір 1463 адам вакцинаның бірінші компонентін алды, бұл шамамен 12 пайызы. Бұлардың ішінде өз қызметкерлерім де бар.  Қолымызда 25 доза вакцина қалған еді, сенбіде 50 доза Hayat-Vax  препаратын алдық. Екпе алғандардың жас ерекшелігіне келсем, 90 пайызы елуден асқандар. Арасында 92, 87, 82, 78 жастағы қариялар бар екенін айтқым келеді. Олар үшін өмірдің әрбір сәті қымбат, сол себепті бірінші кезекте хабарласып, екпелерін салдырып, көңілдері жайланып отыр. Сонымен қатар ковидпен ауырып, өліммен арпалысқан жандар да екпенің қажеттігін түсініп, келіп жатыр. Израиль халқының 85 пайызы вакцина салып үлгерді. Біздің олардан қай жеріміз кем?

  Қазір ресейлік, қазақстандық және арабтар өндірген қытайлық вакцинаны салдыруға болады. Осылардың қайсысы тиімдірек? Қандай кеңес берер едіңіз?

–Әр препараттың өзінің артықшылығы-кемшілігі болады. Бірақ өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, «Hayat-Vax» пен «QazVac» вакциналары жеңіл өтетінін көріп жүрміз. Өйткені бұл екеуінің жасалу технологиясы бірдей, белсенділігін жоғалтқан вирустың өзі пайдаланылады. Ал  ресейлік «Спутник V» препараты генді-инженерлік технологиямен жасалғандықтан, оның созылмалы аурулары бар адамдарға ауырлау тиюі, кері әсері болуы мүмкін. Мен 1 типті қант диабетімен есепте тұрғандарға, жалпы ағзадағы зат алмасу процесі бұзылған науқастарға, буын аурулары барларға  «Hayat-Vax» пен «QazVac» вакциналарын салғызуға кеңес берер едім. Оның үстіне олардың екі компонентінің арасындағы мерзім де 14-21 күн. Бұл өздерін тезірек вакцинамен қорғағысы келетіндер үшін де тиімді. Өзіміздің елде, отандық ғалымдар өндірген өнімді мойындап, оған қолдау танытатын уақыт келді.

Сіз өзіңіз қандай екпе салдырдыңыз?

–Мен коронавируспен ауырғаннан кейін алты ай әлі өткен жоқ. Міндетті түрде «QazVac» вакцинасын салғызам. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар біздің емханада тіркеуде болғасын, бізге келіп салғызды. Отандық вакцинаны таңдады. Кейбіреулері «шын салдырды ма екен, әлде өтірік  пе?» деп күмәндануы да мүмкін. Бірақ менің емханамда ешкімге өтірік вакцина салынбайды. Осыдан кейін бірнеше адам келіп, қазақстандық вакцинаны салдырды.

     Рая Жанғалиқызы, өзіңізді көп жылдар бойы ана мен бала орталығын басқарған білімді басшы, білікті маман ретінде білеміз. Жастар арасында екпе салдырғаннан кейін жігіттер белсіз болып қалады, қыз-келіншектер бала көтере алмайды деген қорқыныш бар. Осыған не айтар едіңіз?

– Бұл – ешқандай негізсіз айтылған лақап сөздер. Менің медицина саласында жүргеніме  қырық бес жылдан асты. Вакцинациялаудың талай дәуірінен өткен буынбыз. Жаңа туған нәрестеге екі тәуліктің ішінде үш екпе салады. Соның нәтижесінде сәбилердің жұқпалы инфекциялармен ауруына тосқауыл қойылды, олардың жаппай шетінеуі тоқтады.  Жылда тұмаудан екпе алып жүргендер осы вакцинадан неге қорқады?  Жоғарыда айттым, отандық және қытайлық вакциналардың жасалу жолы өте қарапайым, ғасырлар бойы қолданылып келген әдіспен әзірленген. Ешқандай жаңашыл технология, гендік-инженерлік тәсіл жоқ бұл жерде, сол себепті ағзаға теріс әсер етеді деген түсінік шындықпен жанаспайды.

     Сіздің емханада екпе алғандардың арасында  препараттың теріс жанама әсерлері білінгендер болды ма?

–Екпеден кейін үш күн бақылаймыз,  жатып қалғандар болған жоқ. Бірақ температурасы көтеріліп, жедел жәрдем шақырғандар болды. Оны жасырып керегі жоқ, ашық айту керек. Өйткені бұл кез келген вакцинадан кейін болуы мүмкін қалыпты жағдай. Адамның ағзасы машина емес, бәрін қабылдай бермейді. Екпе салдырушының өзі де білмейтін, бүгінге дейін анықталмаған сырқаттары болуы мүмкін. Бұл – бір. Екінші жағынан,  бізге келген адамдарды тексердік дегеннің өзінде, оның денсаулығы туралы толық мәлімет жинай алмаймыз. Сол себепті мен тұрғындар, әсіресе, диспансерлік есепте тұрғандар вакцинаны өзі тіркелген емханаларда салғызғаны абзал деген пікірдемін. Науқастың жағдайын, қандай дәрі ішетінін, қандай препаратқа аллергиясы барын өзінің емдеуші дәрігерінен артық білетін маман жоқ. Қазір тіпті қырыққа толмағандардың ілеуде біреуінде ғана денсаулығы  жүз пайыз  дұрыс кездеседі. Екпе салдыруға келгендерді дәрігерлеріміз тексеріп, сауалнама толтыртамыз. Осы жерде тұрғындардың өз денсаулығына қатысты шындықты толық көрсетуі өте маңызды. Дәрігерлер соған қарап, вакцина жасатуға болатынын не болмайтынын шешеді.

Екпе салдыруға көпшілік асықпайды. Оны қалай жеделдетуге болады деп ойлайсыз?

– Біріншіден, вакцинация туралы түсіндіру жұмыстарын, насихаттауды ширата түсу керек. Жаныма бататыны – екпе салудан қаракөз бауырларымыздың қашқалақтап жүргені. Менің емханамда вакцина салдырғандардың 90 пайызы өзге ұлт өкілдері. Бұл бір жағынан маған тіркелген тұрғындардың басым бөлігі басқа ұлт өкілдері болуынан да шығар. Сонда да, сұрастырып, өзімше сараптама жасап жүрем, екпе салдырудан бас тартатындар өз ұлтымыз және қырық жасқа жетпеген жастар. Отырған жерде вакцинаның маңызы туралы айта бастасам, «неге уағыз айтып отырсыз» деп ренжитіндер де кездеседі. Бүгінгі таңда коронавирусқа төтеп берудің бірден-бір жолы екпе салдыру керектігін түсінетін кез жетті ғой. Айтпақшы, сол ковидті тарататындар осы жастардың өзі. Кинотеатр, мейрамханаларға баратындар да, көпшілік жиын-тойлардан қалмайтындар да солар. Мысалы, бізде ковид  жұқтырған төрт айлық және он бір айлық екі  сәби қатты ауырды. Сол себепті жастарға айтарым: егер үйдегі егде ата-анаңыз, бала-шағаңыз, айналаңыздағылар бұл індетті жұқтырмасын десеңіз, алдымен сіздер вакцинаны салдыруларыңыз керек.

Бәлкім, коронавирусқа қарсы екпені Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізу керек шығар?

–Егер вирус бізбен мәңгілікке қалатынына сенімді болсақ, онда енгізген дұрыс. Оны әлі бақылауымыз керек. Жалпы кейбір инфекциялардың жеті-сегіз жылда қайталанатын заңдылығы бар. Ұлттық екпе күнтізбесі көптеген елдерде бар, мысалы, Германияда. Сол жақтағы әріптестерімнен білем, оған өздерінде жиі кездесетін инфекцияларға қарсы вакциналар кіреді. Халықты қорқытып керегі жоқ, оны өзі алғысы келетіндей насихат жүргізсе болғаны. Жуықта мен облыстағы екі-үш колонияда болып, бас бостандығынан айырылғандармен әңгімелестім. Екпенің қажеттілігін түсіндірдім, олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ештеңені жасырмай айттым. Ертеңінде маған  колонияда отырған жүз адамның  вакцина алуға ниет білдіргендерін жеткізді.

      Қалай ойлайсыз, емханаларда екпе салдыру дұрыс жүріп жатыр ма? Жалған құжат алуға болады деген сөздер де шыққан.

–Менің емханамда ондай заңсыздыққа жол берілмейді, деп бар жауапкершілікпен айта аламын. Өйткені өзімде екпе алғандардың әрқайсысының қасында тұрдым. Менде екі оператор отыр. Олар екпе салдырған сәтте  алушының аты-жөнін, алған күнін, препараттың атауы мен сериясын  жүйеге бірден енгізеді. Алайда бізге телефон шалып,  «egov. kz  жүйесінен вакцинация паспортын ала алмаймыз, біз туралы ақпарат толық енгізілмеген» деп шағымданады. Бұл – біздің  шалағайлығымыздан емес, egov.kz бағдарламасындағы кемшіліктерден, ол алдағы уақытта жойылады деп сенемін.  Екінші қиын жағдай, көптеген егде адамдарда, қарияларда ұялы телефон жоқ. Өзінің атында телефоны болмағандықтан, басқа біреудің телефонынан кірсеңіз де, ол кісі туралы ақпарат шықпайды. Бұл мәселені қалай шешеміз деп жоғары жақтағылардан сұрап едім, әзірге жауап жоқ. Сондықтан мен ондай адамдарға «Вита» емханасында вакцина алғаны туралы анықтаманы  көк мөрді соғып, өзім беріп отырмын. Басқа амалым болмағандықтан.

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 60-65 пайызы вакцина алуы керек. Дұрыс түсіндіре білсек, оған қол жеткізуге әбден болады.

Рая Жанғалиқызы, әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

 

28 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен бейнеконференция режимінде кездесу өткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Гебрейесус QazVac вакцинасының әзірленуін құптап, оны төтенше жағдайларда пайдалану үшін ДДҰ ұсынған дәрі-дәрмектер тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button