Екпеге eGov арқылы жазылуға болады

Елімізде өз еркімен екпе алып жатқандардың қатары да күн санап өсіп келеді. Екпе алу үшін емханаға барып тіркелуді ойлап жүрген адамдарға өте қолайлы жоба әзірленіп жатыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзіне сенсек, егер қолға алынған жоба сәтті іске асып, тиімділігін көрсетсе, тұрғындар екпе алуға онлайн да жазыла алатын болады. Таяуда аталмыш қанатқақты жоба сынақтан өткізіледі.
Ведомство басшысының айтуынша, онлайн жазылу «eGov mobile» қосымшасы арқылы жүргізіледі. Техникалық мәселелер толық шешімін тапқан. Денсаулық сақтау министрлігі келісімін берсе, еліміздің бірнеше қаласында мобильді қосымшаның қанатқақты нұсқасы іске қосылады. Осы қызмет арқылы тұрғындар екпе салдыруға онлайн жазыла алады. Сондай-ақ екпе алатын емхана мен уақытын да дәл солай білуге болады.
Балауса МЭЛСҚЫЗЫ