COVID-19 

Екпеге ашық тыйым жоқ

Вакцинацияға деген көзқарас – халықтың сенуші бөлігі арасында жиі талқыланатын мәселелердің бірі. Пікірлер екіге бөлініп, әркім өз көзқарасын барлық жағынан қорғауға тырысып бағады.

Жұқпалы ауруларға қарсы епкені салдыру қажет пе? Кезінде бұл сұраққа белгілі теолог, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыздау және насихаттау бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров жауап берген еді. Осы уақытқа дейін оның жауабы өзекті болып отыр.

– Әдетте, вакцинациядан бас тартуды жақтаушылар «Ислам вакцинацияға тыйым салады», «Вакцина – шайтанның ісі», «Вакцинация Алланың алдын ала белгілегенін бұзады» және тағы басқа осы сияқты ұран сөздерді қолданады, алайда ресми медицина зерттеу нәтижелері мен статистикаға сүйене отырып, вакцинацияны қатаң түрде ұсынып келеді, – дейді Ершат Оңғаров.

Оның айтуынша, қасиетті Құран мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінде вакцинацияға ашық тыйым жоқ, керісінше оның қажеттілігін растайтын барлық алғышарттар бар.

– «Алла ауруды емдейтін зат жасамай-ақ, қандай да бір ауру жасаған жоқ» (Әбу Хурайра). Имам әл-Бұхари: «Әлбетте, медицина – ауруларды емдеудің құралы» деп қостайды бұл ойды. Сондай-ақ Әбу Хурайрадан берілген «Жердегі ауруларды жасаған Жаратушы оларды емдеу құралдарын да жасады» деген хадис және көптеген сенімді хадистер егер аурулар болса, онда оны емдеу құралдары да бар екенін көрсетеді. Сондықтан медициналық араласудан, атап айтқанда, вакцинопрофилактикадан бас тарту қажет деп дау айту негізсіз, – деп есептейді Ершат Оңғаров.

Сондай-ақ растау үшін ол келесі жолдарды келтірді: «Кімде- кім таңертең «Аджуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол кісі денсаулыққа зиян тиетін ауру-сырқаттардан сақтанған болады». Оның айтуынша, бұл хадис аурудың алдын алу бойынша шаралар қабылдағанымызды, сондай-ақ уланудың немесе аурудың алдын алуға болатындығын және қажет екенін көрсетеді.

Әріптестерінің пікірімен теолог Еркінбек Шоқаев та келіседі. Ол ислам шариғатын вакцинацияға қарсы деп айту қате деп санайды. Мысалы, қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмей жатады.

Сондай-ақ Әл-Азхар университеті ғұламалар кеңесі, Сауд Арабия, Марокко, т.б. мұсылман елдерінің пәтуа бөлімдері түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алудың шариғатқа қайшы келмейтіндігі жөнінде өз пәтуаларын берген. Себебі, екпе алу шариғат үкімі бойынша қандайда бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең.

Дінтанушылар мен теологтардың сөздерін тарихи деректер де растайды. Тырысқақ, шешек, сары безгек және басқа да қауіпті аурулар миллиондаған адамның өмірін қиды. Сол кезде көптеген адамдардың өмірін нақ осы вакцина сақтап қалған-ды.

Вакцинация әлемдегі көптеген елдерде шешек ауруын жоюда және полиомиелит, қызылша және сіреспе сияқты ауруларды шектеуде маңызды рөл атқарды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта иммундау жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен құтқаруда. Сонымен қатар вакцинациямен жаһандық қамтуды жақсарту тағы 1,5 миллион өлімнің алдын алып отыр.

– Иммундау миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуда және денсаулық сақтау саласындағы ең тиімді және шығыны аз шаралардың бірі ретінде кеңінен танылып отыр, – деп хабарлайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.

Әрине, вакцинация – бұл дәрігерлер мен ғалымдардың адамдарды қауіпті инфекциялардан қорғауға көмектесетін ғасырлық күш-жігерінің нәтижесі, сондықтан медицина және вирусология саласындағы мамандар вакцинаны алуға және сол арқылы өздерін және жақындарын аурулардан қорғауға кеңес береді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 13 сәуірінде ораза басталады. Ол 30 күнге созылады. Көптеген адамдар «Вакцина оразаны бұза ма?» деген сауалдар қоюда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге түсініктеме берді.

Шариғат ережелеріне сәйкес, ішке кіретін барлық нәрсе оразаны бұзады, ал егер зат денеге сыртқы қолдану арқылы енсе, онда ораза бұзылмайды. Бұл туралы «Фатава Хиндия» кітабында былай делінген: «Майлар сияқты заттың тері арқылы енуі оразаны бұзбайды» (1-том, 266-бет).

Имам Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед (с.ғ.с.): «Іш пен бастағы терең жараларды емдеу оразаны бұзбайды. Себебі, дәрі (оразаны бұзу үшін) негізгі (табиғи) жолмен енуі керек. Ішкі жолдардың тығыздығына және емдеу кезінде олардың бітелуіне байланысты дәрі-дәрмектің жара арқылы ішке енуі екіталай» («Әл-Фикх әл-Ханафи ва Адиллатуху», 1/392) дейді.

Қазіргі ғалымдар инъекцияларды екі түрге бөледі: құрамында қоректік заттар (дәрумендер) бар вакциналар және емдеуге арналған (құрамында қоректік заттар жоқ) вакциналар. Олар «Егер сіз тері астына және бұлшық етке емдік мақсатта (қоректік заттар мен дәрумендерсіз) инъекция жасасаңыз, онда ораза бұзылмайды» дейді.

Көптеген ғалымдар: «Тамырға енгізілген ине, егер ол қоректік емес, емдік мақсатта енгізілсе, оразаны бұзбайды» дейді (Аль-Муфассаль фи әл-Фикх әл-Ханафи, 276-бет).

Вакцина – бұл бактериялар мен вирустар сияқты микроорганизмдерден алынған және жұқпалы аурулардың алдын алу және иммундық қасиеттерін жақсарту үшін адам ағзасына енгізілетін дәрі. Вакцина ағзаны энергиямен қамтамасыз ететін қоректік ерітінді немесе витамин емес. Сондықтан вакциналар (тері астына, бұлшықет ішіне, көктамыр ішіне салынатын) оразаны бұзбайды.

 Әния Есмұхамет

Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button