Екпе салдыруда егде жастағы адамдар өте белсенді
Өскемен қаласында екпе салдырудың қалай жүріп жатқаны қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ельмира Рахимбаеваның берген мәліметтеріне сүйенсек, он үшінші мамырдағы деректер бойынша өңірдің 101 972 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін алды. 37862 тұрғын екпенің екі компонентін де салғызып, вакцинациялаудың толық курсынан өтті. Өскемен қаласына келетін болсақ, емдеу мекемелеріне 385 978 адам ресми тіркелген. Оның ішінде 18 жастан асқан 296 383 тұрғын екпе алуға тиіс. Ельмира Жанатқызы Өскемен қаласының он сегіз жастан асқан 208 260 тұрғынын екпемен қамтуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
–Облысқа вакцинаны бекітілген кестеге сай «СК-Фармация» компаниясы жеткізеді. Бүгінгі күнге дейін өңірге ресейлік, отандық және Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген вакциналар түсті. Осы жылдың ақпан айынан бастап Өскемен қаласына 1 компоненттің 34 100 дозасы, екінші компоненттің 11 300 дозасы бөлінді. Оның ішінде 30 100 доза Спутник V вакцинасы, 1000 доза Kaz-covid-in және 3000 доза Hayat Vax екпесі бар. Қазір мамыр айына Hayat Vax вакцинасының 64 мың дозасына келісімшарт жасалды. 14-16 мамыр аралығында жеткізіледі деп күтіп отырмыз, – деді Ельмира Рахимбаева.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілі сонымен қатар «Спутник V» вакцинасының екі компонентін салу кестесіне енгізілген өзгерістер туралы да айтып берді. Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, екі компоненттің арасы 45 күн болу керек, бірақ ерекше жағдайларда ұзартылуы мүмкін.
–Вакцинаның бірінші компонентін салғаннан кейін екіншісін 45 күннен кейін салады. Егер екінші компонентін салатын күн дәл 45 күнге сәйкес келмесе (демалыс не мереке күніне байланысты не басқа елді мекенге жету), онда арасын 90 күнге дейін ұзартуға болады, – делінген құжатта. Ельмира Рахимбаева соңғы зерттеулер екі компонент арасындағы интервал ұзағырақ болған сайын тиімділігі де артатынын көрсеткенін атап өтті.
Бүгінгі таңда облыс орталығында он үш екпе кабинеті жұмыс істейді. Халық ковидпен күресте ең тиімді жол – екпе салдыру екенін қазір жақсы түсінген. Сол себепті емдеу ұйымдарына келіп, вакцина салдыруға ниет білдірушілердің қарасы көп. Спикердің түсіндіруінше, бүгінгі таңда өскемендіктерге вакцина салдыру үшін кез келген емханаға Egov арқылы немесе келіп жазылуға болады. Тұрғынның дәл сол емдеу мекемесіне тіркелген болуы міндетті емес. Сонымен қатар келушілер қандай екпені алатындарын өздері таңдайды. Егер қалаған вакцина бұл емханада болмаса, басқасына бара алады.
Егу пункттері туралы ақпаратты емханалардың өзінен және қалалық әкімдіктің call-орталығынан төмендегі нөмірлер бойынша алуға болады: 8 (7232) 40 57 33, 26 85 68, 26 88 80.
Ельмира Жанатқызы егер жаппай вакцина салдырамын дегендердің қатары өсіп, емханалардың күші жетпей жатса, қосымша сауда орындарында да екпе пункттерін ашуға мүмкіндік бар екенін айтты. Ондай кезде сол нүктелерде міндетті түрде жедел жәрдем қызметі кезекшілік жасайды.
Облыс орталығындағы ірі өнеркәсіп орындары мен «Өскемен тазалық», «Водоканал» сияқты кәсіпорындардың басшылары жұмыс орнында екпе алуға жағдай жасап, ұжымдарда барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, екпе кабинеттерін ашты. Бұл пункттерде қызметкерлер ұйымдасқан түрде вакцина салдырып жүр.
Облыс орталығындағы №1 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Гүлнази Шарипова екпе салдырудың тәртібі туралы толық мағлұмат берді. Екпе салдырмас бұрын пациенттің денсаулығы толық тексеріледі, екпе салдырғаннан кейін отыз минут дәрігерлердің бақылауында болады, одан кейін үш күн бойы емхананың қызметкерлері телефон шалып, қадағалап отырады.
–Бір қызығы, екпе салдыруда егде жастағы адамдар өте белсенді. Бізге жетпістен, сексеннен асқан қарттар келіп, вакцина салдырғылары келетінін айтады, – дейді Гүлнази Мырзақанқызы.
Дәрігерлер сондай-ақ қандай жағдайда екпенің екінші компонентін алмауға болатынын да түсіндірді. Егер бірінші компонентін алғаннан кейін өзін тым жайсыз сезінсе, не аллергиясы қозып кетсе, болмаса сырқаттанып қалса, екінші компонентін салдырмауға болады. Алайда вакцинация паспорты тек екі компонентін алған жағдайда ғана беріледі.
Айна Ескенқызы