Ағымдағы жылғы 5 қыркүйекте коронавирус індетіне қарсы екпе алған өскемендіктер арасында автокөлік ойнатылмақ. Бұл жөнінде Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жақыпов мәлімдеді.
Екпенің бір немесе екі компонентін алған, жасы 18-ден асқан Өскемен қаласының барлық тұрғындарына «Chevrolet Nexia» автокөлігінің ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік бар. Ұтыс ойынына 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Covid-19 вирусына қарсы вакцинациядан өткен облыс орталығының тұрғындары қатыса алады. Ол үшін ең алдымен https://vaccine-uk.kz сайтында тіркелу қажет. Ұтыс ойынының толық ережесі осы сайтта көрсетілген.
Аты-жөні мен тегі, ұялы телефонының нөмірі және екпе алған медициналық мекемесі, көшпелі медициналық пункті көрсетілгеннен кейін акцияның әр қатысушысына алты таңбалы нөмір беріледі. Сол нөмір бойынша автокөлік ұтысы ойнатылады. Ұтыс ойыны 5 қыркүйек, жексенбі күні кешкісін бәрі үйде болғанда онлайн режимде Instagram әлеуметтік желісіндегі @akimatoskemen парақшасында өткізіледі. Жеңімпаз лототрон арқылы анықталады.
– Халықты екпе алуға ынталандыру мақсатында біздің кәсіпкерлердің қолдауымен екпе алған өскемендіктер арасында осындай жеңіл көлікті ұтысқа ойнатып отырмыз. Ұтыс ойыны онлайн режимде әлеуметтік желілер арқылы өтеді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін қоғам белсенділерінен тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылған, олар конкурстың барлық кезеңінде бақылау жүргізеді. Сонымен бірге кез келген адам бақылаушы ретінде қатыса алады. Егер бір адамның нөмірі бірнеше рет тіркелген болса, комиссия мүшелері ол адамға хабарласып, бір ғана нөмірді тіркеу керектігін ескертеді, қалғаны жойылады. Ұтысқа бір нөмір ғана қатыстырылады. Ерекше атап өтер бір жайт, аталған ұтыс ойынына Өскемен қалалық әкімдігі аппаратының қызметкерлері мен жұмысшыларына және отбасы мүшелеріне қатысуға тыйым салынған. Сонымен қатар вакцинаның бірінші компонентін алған адам екіншісін де міндетті түрде алатын болғандықтан, оларды да ұтысқа қатыстыруды жөн деп шештік. Тағы да қайталап айтамын, ұтыс ойыны процесі бастан-аяқ өте жариялы әрі әділ өтетін болады, тіпті тілшілерді де шақырамыз, – деді Ерлан Жұмашұлы.
Өскемен қаласы әкімі орынбасарының айтуынша, тұрғындар бірінші кезекте бағалы сыйлықты ойламай, өз денсаулықтарына баса мән бергені абзал.
– Қазіргі таңда облыс орталығы тұрғындарының екпе алудағы белсенділігі жоғары. Бүгінгі күнге дейін вакцина алуға тиісті өскемендіктердің жартысынан астамы екпе алып үлгерді. Нақты айтар болсақ, 140 мыңға тарта адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 115 мың тұрғын екеуін де толық алды. Қаламыздың қоғамдық өмірі бұрынғы қалпына мейлінше тезірек оралуы үшін өскемендіктерді екпе алуға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын, вакцина жеткілікті, – деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Жақыпов.
Дәурен Аллабергенұлы