Қоғам

Екпе алудың маңызы зор

Өткен тәулікте елімізде коронавирусты тағы 668 адам жұқтырды. Оның ішінде 21 шығысқазақстандық бар. Он науқаста коронавирус белгілері бар пневмония анықталды. Қазақстанда COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметтері бойынша, республикамызда пандемия басталғалы  ковидтің 1 385 023  жағдайы тіркелген.

2020 жылдың 13 наурызынан елімізде коронавирус белгілері бар пневмониямен 89 853 адам ауырды. Осы уақыт аралығында ковидті пневмониядан 84173 науқас жазылып шықса, 5357 адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің 24 тамыздағы мәліметі бойынша, еліміз бойынша 20 409 адам ковидтен емделіп жатыр. 729 науқас стационарда, 19 680 адам амбулаторлық деңгейде ем-дом қабылдауда. 18 адам ауыр жағдайда, 5 науқас өте ауыр жағдайда жатыр, 4 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Елімізде коронавирус инфекциясының таралу қарқыны төмендегенімен, дәрігерлер алда күздік маусымдық вирустар келе жатқанын еске салады. Олардың айтуынша, биыл тұмаудың жаңа штамдары күтілуде, бұл өткен жылдармен салыстырғанда көбірек проблемалар тудыруы мүмкін. Сондықтан қазір жасалатын алғашқы вакцина – бұл коронавирусқа емес, тұмауға қарсы вакцинация болуы керек дейді дәрігерлер.

Тұмауға қарсы иммунитет, коронавирусқа қарсы иммунитетке қарағанда әлсіз, сондықтан тұмау аурудың ауыр ағымын тудыруы мүмкін деп қауіптенеді мамандар. Тұмаумен әртүрлі жастағы адамдар ауырғанымен, балалар мен егде жастағы адамдар ең осал топтағылар болып қала береді. Иммунитеттің нашар екенін білетін бір жол бар екен. Егер денедегі жарақат ұзақ уақыт жазылмаса, ол иммунитеттің төмендігін білдіреді.

Медицина саласындағы сарапшылар күзгі кезеңге дейін вакцинацияның маңыздылығын айтады, бұл инфекция ықтималдығын азайтады.

Әлем бойынша коронавирустың алтыншы толқыны жүріп жатыр деп санайды шетелдік мамандар. Неміс ғалымдары ковидтің жетінші толқынының ықтималдығын азайту үшін міндетті түрде екпе салдыру қажет деген ұсыныс айтады. Олар қазіргі және бұрын белгілі болған вирустың штамдарына қарсы қолданылатын барлық шаралар шамамен бірдей екенін атап өтті. Олардың тиімділігі қазірдің өзінде дәлелденген. Сондықтан сарапшылар  алдын алу шараларының бірі ретінде екпенің маңыздылығын растайды.

COVID-19 түрін өзгертіп, мутациялануды жалғастыруда. Алайда жаңа штамдардың таралу қабілеті қанша жоғары болса да, оларды алдын алу шараларымен, оның ішінде вакцинамен сәтті басуға болады деген пікірде ғалымдар.

 Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button