Екпе алу үшін моральдық тұрғыдан дайындық керек
Облыстық ана мен бала орталығындағыекпе кабинетінде бүгінге дейін 160 адам коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны салғызды. Олардың басым бөлігі– осы емдеу ұйымының дәрігерлері, орта буын медицина мамандары, санитарлар. Сонымен қатар екепе салдырғандардың арасында әкімдіктің мамандары, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдері де болыпты.
Орталықта вакцина салғызуға келгендерді алдын ала тексеріп, рұқсат беретін терапевт арнайы бөлініп, екпеден кейін бақылайтын бөлме жабдықталған. Екпе кабинетіне вакцинаны сақтайтын мұздатқыш алыныпты.
Алғашқы күндері вакцина алуға күніне елу, қырық адам келсе, қазір сәл саябырлаған. Екпе кабинетінің медбикесі Гуля Омарова екпе салудың тәртібін айтып берді.
–Бізге ресейлік «Спутник V» вакцинасының 270 дозасы жеткізілген болатын. Олар -18 градуста, мұздатқышта сақталады. Бір құтыда 3 мл бар, ол бес адамға салынады. Бұл вакцинаны мұздатқыштан бес адам жиналған соң ғана алып шығамыз, 15 минуттан кейін сала беруге болады. Ашылған вакцинаны бөлме температурасында екі сағат қана ұстауға болады. Ашқан мезгілде құтының сыртына күні мен уақытын жазамыз. Сонда бес адам осы екі сағаттың ішінде екпе алуы тиіс, – деп түсіндірді Гуля Омарова.
Медбике екпе салардың алдында қандай жанама әсерлері болуы ықтимал екенін айтып түсіндіреді. Мысалы, екпе салған жер қызаруы, дене қызуы аздап көтерілуі мүмкін, екпенің нұсқаулығында үш күн ішінде 40 градусқа дейін көтерілуі де мүмкін екені жазылған. Бұлшық еттері ауырып, сүйектері сырқырауы мүмкін. Екпе алғаннан кейін жарты сағат көрші бөлмеде дәрігерлердің бақылауында отырады. Одан кейін үш күн бойы телефон арқылы хабарласып, қал-жағдайларын біліп тұрады. Осы уақытқа дейін бұлшық еттері ауырғандар, дене қызуы аздап көтерілгендер болмаса, ауыр жағдайлар тіркелмепті.
Салтанат Қызырова 2019 жылдан педиатр-дәрігер болып істейді. Негізгі жұмысы кішкентай пациенттермен байланысты болғандықтан, екпе салу бастала салысыменвакцина салғызыпты.
–Әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі болуы қажет, оның үстіне, медицина қызметкері болған соң, басқа адамдарға көмек көрсету үшін өзіміздің деніміз сау болу керек қой. Басқа адамдар бізге қарайды, кейбіреуі телефон соғып, осы екпе туралы сұрап жатады. Мен оларға «ештеңеден қорықпаңыздар, екпе тиімді» дегім келеді, – дейді Салтанат.
Дәрігер Ақбөпе Тұрсынбаева вакцинация басталғалы келгендерді тексеретін терапевт қызметін атқарып жүр. Оған дейін алғашқылардың бірі болып, өзі де екпе алған. Айтысына қарағанда, екінші күні аздап әлсіздік, ұйқы басу сезіліпті, дене қызуы сәл көтерілген.
–Бұл –ағзаның екпеге реакциясы, яғни қалыпты жағдай. Өз-өзінен басылып қалды, мен жұмысымды тоқтатқам жоқ, – дейді дәрігер.
Екпеден бас тартатындар да кездеседі екен. Біздің көзімізше бір медбике келіп, өзінің тұмауратып жүргенін айтты. «Онда жазылған соң келерсіз» дегенде, «жоқ, мен салғызуға мүлде қарсымын» деп қолхат жазып берді. Вакцинация ерікті болғандықтан, олардыешкім қыстамайды, қудаланбайды да.
–Бұған дейін де бас тартқандар болған. Екпе алу үшін адам моральдық тұрғыдан дайын болуы керек. Кейбіреуі жүкті екенін не болмаса бала көтеруді жоспарлап жүргенін айтты, денсаулығына байланысты салғызбағандар бар. Бірақ мен бір нәрсені түсіндіре кетсем,екпені салуда басымдық берілген сегіз контингент бар. Медиктер, педагогтар, полиция қызметкерлері. Сонымен қатар қант диабеті бар, қан қысымы жоғары, өкпенің созылмалы аурулары, бронхиалды демікпесі бар адамдар бірінші кезекте алуы тиіс,өйткені олардың иммунитеті төмен, инфекцияларды тез жұқтырып алады. Маған келіп,«созылмалы ауруым бар, алуға болмайды» дейтіндер бар. Мен ондайда, керісінше, алулары керектігін түсіндірем, – деп түйіндеді Ақбөпе Тұрсынбаева.
Айна Ескенқызы