COVID-19 

Екпе алған аналар өзін қалай сезінеді?

Айна Ескенқызы

Облыста 12-мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға коронавирусқа қарсы екпе салу жалғасуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 19 желтоқсандағы мәліметі бойынша, бүгінге дейін 48 мыңнан астам бала, 1 100-ге жуық жүкті және 3700-ден астам бала емізетін әйел вакцинациядан сәтті өтті.

Емханалардағы мамандар қазір осы санаттарға жататын азаматтардың препараттың екінші компонентін алып жатқанын айтады. Егер дәрігерлердің сөзіне сенсек, әсіресе болашақ аналар мен бала емізіп жүргендер вакцина салдыруға көп  қарсылық білдірмейді. Уақыт өте келе олардың көпшілігі вакцинаның пайдасы мен тиімділігін өздері байқап, қасындағыларға айтып, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптастыруға өз үлестерін қосып жүр.

Абай ауданында қазіргі таңда 108 жүкті әйел есепте тұр. Олардың ішінде 48 әйел вакцина салдыратын мерзімде. Ауданда болашақ аналарды вакцинамен қамту жайында аудандық емхананың акушер-гинекологы Әнизат Ахатқызы айтып берді.

–Ауданымызда жүкті әйелдер арасында екпе салдыру өте белсенді жүріп жатыр. Мамандарымыздың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарынан басқа, жас келіншектердің өздері де белсенділік танытуда. Осы уақытқа дейін «мен мүлде алмаймын» деген қарсылық болмады. Қазір екпе салдыруға тиіс жүкті әйелдердің 80 пайызы вакцинаның бірінші компонентін алды, жуықта екінші кезеңін бастаймыз. Әзірге әртүрлі себептермен сегіз әйел ғана алған жоқ, оларды тосып жүрміз. Ал жаңадан есепке тұрған жүкті әйелдердің барлығы дерлік жүктілікке дейін «Спутник», «Казвак» вакциналарын алыпты. Енді оларға «Pfizer» компаниясының перепаратымен ревакцинация жүргізу керек. Арнайы бұйрықты тосып отырмыз, – деп түсіндірді акушер-гинеколог Әнизат Мақсұт.

Акушер-гинеколог коронавирусқа қарсы екпенің кәдімгі тұмаудан да, жіті респираторлық жұқпалы инфекциялардан да қорғайтынын айтады. Вакцина алған әйелдерде жүктілік кезінде  гинекологиялық асқынулар, қан кету азаятынын айтып түсіндірді. Соның нәтижесінде абайлық болашақ аналар екпе салдыруға біркісідей жұмылып келіп жатыр. Екпе салдырғандардың бірі  Айгерім Қайратқызы Қарауылда тұрады. Алла бұйыртса, үшінші бөпесін тосып жүр екен.

–Төртте және екіден асқан екі бүлдіршініміз бар. Үшінші балаға аяғым ауыр. Емханада дәрігерлер екпе салдырудың маңызы, тиімділігі жайында ақпарат берген соң, салу керек деген шешімге келдік. Жолдасым жұмыс істейді, ол да екпе алған. Мамандарға сенгендіктен шығар, ешқандай қорқыныш болған жоқ. Өзімді жақсы сезінемін, екпе салдырғанымды мүлде сезгем де жоқ. Тек адам өзі іштей дайын болу керек, сонда бәрі ойдағыдай болады, – дейді  Айгерім.

Бесқарағайлық Гүлжан Мұхангалиеваның он айлық нәрестесі бар, бұл отбасындағы екінші бала. Үлкені төртке толыпты.   Жас ана жуықта «Pfizer» компаниясының «Comirnaty» вакцинасын салдырыпты.

–Індетке қарсы жаппай вакцинациялау басталған кезде менің аяғым ауыр болды да,  медициналық қарсы көрсетілім болды. Қазір ғой жүктіліктің 16-37 апталығында екпе сала береді. Үйде кішкентай балаларымыз болғасын, әрине, қауіпсіздікті көбірек ойлаймыз. «Pfizer» препараты келген соң, вакцина алған дұрыс деп шештік. Жолдасым өзін-өзі қамтитындар тобына жататындықтан, жұмыспен көпшілік ортада жиі болады. Ол да алғашқылардың бірі болып екпе алған. Осының барлығын сараптай келе мен де вакцина салдырдым. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Туғаннан екпелердің әртүрлісін алып жүрміз ғой. Менде тіпті жанама әсерлері де білінген жоқ, – дейді Гүлжан.

Айтысына қарағанда, ата-анасы, туыстары мен таныстарының барлығы вакцина салдырып алған.

–Мен жүкті құрбыларыма, бала емізіп жүрген жас аналарға егер медициналық қарсы көрсетілімдері болмаса, вакцина салдырған дұрыс дер едім, – деген кеңесін берді жас ана.

 

Осы айдарда

Back to top button