Экоқағазға көшетін болды
Ержан Әбіш
Бюджетті оңтайландыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы жартылай ағартылған целлюлозадан жасалған экоқағазды пайдалануға көшті. Ол сарғыш болғанмен, басылған мәтіннің сапасына әсер етпейді. Сондай-ақ экоқағаз кез келген принтер мен ксерокске жарамды. Қазір мемлекеттік органдардың, университеттер мен банктердің көбі экоқағазды қолданады.
Корпорация мемлекеттік қызметтердің көбін қағазсыз форматқа ауыстырмақ. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында сегіз қызмет бойынша қағаз түрінде берілетін қолхатты қысқартты. Жақында барлық мемлекеттік қызмет қолхатсыз көрсетілетін болады.
– Мемлекеттік аппаратты цифрландыру және бюрократиясыздандыру аясында миллиондаған тонна қағазды технологиялар мен онлайн-сервистерге ауыстыру басталды. Енді азаматтарға құжаты дайын болғанда қай ХҚО-ға бару керектігі және уақыты көрсетілген СМС келеді. ХҚО операторына клиент қолхаттың электронды нұсқасын көрсетсе болды. Қағазсыз қызмет көрсетуге көшу бірнеше кезеңмен жүзеге асады, – дейді корпорацияның облыстық филиалындағы мамандар.
Қолхат берілмейтін қызметтердің ішінде тұрғылықты жер бойынша тіркеу және тіркеуден шығару, соттылықтың болу-болмауы туралы анықтама беру, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру, жылжымайтын мүлік объектісі техпаспортының телнұсқасын беру сынды жиі көрсетілетін сервистер бар.
ХҚО мамандары азаматтарға тек сегіз қызмет бойынша жылына 6 миллионға жуық қолхат береді, бұл – барлық қолхаттардың 40%-ы. Енді клиенттер құжаттарын алу кезінде қағаз қолхатты көрсету қажеттілігінен құтылды. Қағаздың күрт қымбаттағанын ескерсек, қағаз қолхаттан бас тарту корпорация шығынын қысқартады.