Қоғам

Экономиканы жаңғырту өмір сүру деңгейін жақсартады

Экономиканы жаңғырту өмір сүру деңгейін жақсартады


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауын көпшілікке жете түсіндіру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірлердегі жұртшылықпен кездесулерін жалғастыруда.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Қайназаров пен Василий Олейник облыс орталығындағы ірі өндірістік кәсіпорынның бірі – «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ жұмысшыларымен жиын өткізіп, онда Елбасы Жолдауы мен еліміздің басты заңына өзгерістер енгізу Қазақстанды әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіргізуге бағытталып отырғандығын жеткізді. Сонымен бірге, күтіліп отырған экономиканы жаңғыртулар азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік бермек.

– Денсаулық сақтау саласының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өтуі экономикалық тұрғыдан алғанда медициналық мекеменің жағдайына байланысты болмақ, – деді кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қайназаров. – Егер экономика дамитын болса, елдің табысы артатын болады. Ол арқылы медициналық сақтандыру қорына түсетін түсім көбеймек. Алайда, азаматтарға өзінің денсаулығы үшін бірінші кезекте өзі жауапкершілік алатынын, содан кейін ғана дәрігерлер мен мемлекет тұратындығын жеткілікті түрде түсіндіру қажет.

Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ұсталынатын қаражаттың қалай бөлінетіндігін, жаңа жүйеге қатысушы әрбір азамат оны қадағалай не қадағалай алмайтындығын сұрады. Депутаттар өз кезегінде көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды жинақтап, Үкімет сағатында министрдің алдына қоюға уәде берді.

Кездесу барысында зауыт еңбеккерлері қазіргі уақытта әлемде кейбір мемлекеттерде жүріп жатқан заңсыз әскери құрылымдардағы қарулы қақтығыстарға қатысқандарды азаматтығынан айыру мәселесінің де мән-жайын сұрады.

Бұған жауап берген депутат Василий Олейник егер олардың қатысқандары нақты дәлелденсе, тек қана соттың үкімі арқылы ғана азаматтығынан айырылатынын атады.

– Бұл өте қатаң жаза болып табылады. Сондықтан әрбір азамат осындай әскери қақтығыстарға қатысу туралы шешім қабылдамас бұрын, әбден дұрыстап ойланулары қажет, – деді ол.

***
Парламент мәжілісінің депутаттары Василий Олейник, Амангелді Дәуренбаев, Уәлихан Қайназаров секілді Өскемендегі №1 ауруханада өңірдің денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Ең алдымен сөз тізгінін Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Василий Олейник алып, биылғы Елбасы Жолдауының ел тынысын ашар маңызды құжат екеніне ерекше тоқталып өтті.

– Елбасының бұл Жолдауы – мемлекетіміздің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына ықпал етіп, экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған құнды құжат. Ең алдымен, Жолдауды іске асыратын сіз бен біздер екенін естен шығармағанымыз абзал, – деген Василий Олейник заңгер ретінде Елбасының билік тармақтарын бөлу жөніндегі Үндеуі мен Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жайын да тілге тиек етті. Депутат билік тармақтарын бөлу Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін арттыратынына сенімді.

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің де өзгеруі тиіс екенін ерекше атап айтқан болатын. Үстіміздегі жылдың 1-шілдесінен бастап мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Кездесуде бұл туралы депутат Уәлихан Қайназаров сөз қозғады.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл ең алдымен ел азаматтарын өз денсаулықтарына ерекше жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Біз өз денсаулығымызды бағалай білуіміз керек. Егер адамның өз денсаулығын түзеуге өзінің ниеті болмаса, оны ешкім де, тіпті ең таңдаулы дәрігердің өзі де емдей алмақ емес. Әрине, мемлекет ешқандай жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Экономикалық белсенді емес тұрғындар қатарына жататын балалар мен зейнеткерлер, жұмыссыздар мен студенттер, мүгедектер мен жүкті әйелдер секілді 14 топ тегін ем алуға құқылы. Елімізде экономикалық белсенді емес тұрғындар саны шамамен 10 миллионды құрайды, – деді ол.

Ал депутат Амангелді Дәуренбаев сөзін үлкен істі қолға алу үшін ең алдымен өзіміздің өзгеруіміз керек, үлкен істе ұсақ-түйек болмайды деп түйіндеді.
Кездесу соңында Парламенті Мәжілісінің депутаттары дәрігерлер қауымының сауалдарына жауап берді.

Дәурен Аллабергенұлы,
Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button