ЭКОНОМИКАМЫЗДЫ АЛҒА СҮЙРЕЙТІН АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Өскемендегі облыстық драма театрында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылы алға қойылған мақсат-міндеттер туралы айтылған алқалы жиынға өңірдің аудан-қалаларынан келген өкілдермен қатар, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысты.
Биыл Тәуелсіздікке – 25 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан барлық жағынан кемелденіп, кешегі кеңес одағының құрсауынан құтылған мемлекеттердің көш басынан көрінді. Ең маңыздысы, жүзден аса ұлттың өкілдері тұратын еліміздің ынтымақ-берекесі артып, тұрақтылығы беки түсті. Бұл халқымыздың, оны басқарып отырған Президентіміздің зор жетістігі екенін айрықша атап өткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ: – Қазақстан бүгінде нарықтық экономикасы дамыған, өзіндік саяси және азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасқан мықты тәуелсіз мемлекет ретінде танылды, – деп бастады сөзін. – Елбасының экономикалық стратегиясы мен болашақты бағдарлай білген көрегендігінің арқасында биылғы мерейтойлық жылды біз «Қазақстан – 2050» стратегиясымен, яғни, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіруді көздеген биік арман-мақсаттармен бастап отырмыз. Биылдан бастап «Ұлт жоспарын» нақты іске асыру кезеңі басталады. Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы – ең алдымен дағдарыс кезінде экономиканың тұрақты дамуын сақтауға және халықты әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар. Мемлекеттің, экономика мен қоғамның дамуы үшін жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді.
Облыс әкімі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері төмендеген жоқ. Жалпы өңірлік өнімнің мөлшері 100,5 пайызға өсіп, 2,2 трлн. теңгеден асып жығылды. Өндірістің барлық салаларында экономикалық өсімнің оң қарқыны сақталды. Негізгі капиталға инвестиция 119 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 109 пайызға, бөлшек тауар айналымы 105 пайызға артты. Барлық деңгейдегі бюджеттерге 184 млрд. теңге салық аударылса, меншікті кірістер 105,5 пайызға өскен.
Жұмыссыздық деңгейі былтырғы 4,8 пайыз деңгейінде қалды. Өткен жылы сонымен қоса, орташа айлық жалақы мен халықтың ақшалай кірісі де өскені байқалды.
Облыс экономикасында басым салалардың бірі саналған ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 100,6 пайызды құрады.
Есесіне өнеркәсіп өнімінің өндірісі сәл бәсеңсіп, тоғыз пайызға төмендеді. Өндірістің төмендеуінің негізгі себебі машина жасау саласындағы өндіріс көлемінің 52% төмендеуі себеп болды. Оның 74 пайызын «Азия Авто» АҚ өнімдерінің көлемі құрайды.

– Өндіріс көлемінің бұлайша құлдырауы 2014 жылдың соңында ресейлік рубльдің құнсыздануына байланысты болды. Мұның соңы Ресей мен Қазақстандағы автокөліктердің бағаларында айтарлықтай айырмашылық туындатты. Екінші себеп – әлемдік нарықтағы түсті металл (мыс, мырыш, алтын, күміс, т.б.) бағасының арзандауы. Бұл тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің төмендеуіне ықпал етті, – деп түсіндірді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, инфляциялық үрдістерді тежеу мақсатында жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді. Былтырдан бері 650 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, тұрақтандыру қорының өнімдері сатылуда.
Алда тұрған баста мақсаттардың бірі – ел экономикасын алға сүйрейтін іргелі жобаларға басымдық беру екенін тілге тиек еткен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ: – Ең бірінші кезекте автомобиль кластерін құрамыз, – деп нақтылады. – Бұл бағытта біз әйгілі «Pricewater house Coopers (PwC)» халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп жұмыс істейміз. Аталған компания шағын және орта бизнес үшін өндіріс ұйымдастыру бойынша ұсыныстары бар шеберлік жоспарын ұсынды. Бүгінгі күні Өскеменде толық циклді автозауыт және автобөлшектер шығаратын технопарктің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл төрт мың жаңа жұмыс орнын ашуға және қазынаға қосымша 15 млрд. теңге көлемінде салық түсімдерін жинауға мүмкіндік береді. Жаңа өндірістің жылдық көлемі шамамен 1 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Атап өтерлік екінші ірі жоба – құны 364 млрд. теңгені құрайтын «Ақтоғай тау-кен байыту кешенінің құрылысы». KAZ Minerals компаниялар тобына тиесілі бұл жоба іске асырылғанда Аягөз ауданында 1,5 мың жұмыс орны құрылып, жылына 65 млн. тоннаға дейін кен өндіруге мүмкіндік болады.
Жалпы, ресми деректерге жүгінсек, өңірімізде ҮИИДБ-ның алғашқы бесжылдығында 226 млрд. теңгеге 48 жоба іске асырылып, жеті мыңнан астам жұмыс орны ашылыпты. Сондай-ақ, жеті млрд. теңгеден астам салық түсімдері аударылған. Биыл аймақтың алпауыт кәсіпорындарымен бірлесіп тағы тоғыз жоба іске асып, мыңға тарта жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар, маңызды бағыттардың бірі ретінде ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру болмақ. Қазіргі күні облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары отандық және шетелдік ғылыми, жобалық ұйымдарымен, академиялық жоғары оқу орындарымен, зерттеу институттармен және конструкторлық бюролармен бірлесіп, 5,4 млрд. теңгеге технологиялық процестерді оңтайландыруға, жаңа экономикалық тиімді қызмет бағыттарын дамытуға мүмкіндік туғазатын маңызды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар әзірленуде.
Облыс экономикасында маңыздылығы жағынан екінші орында тұрған агроөнеркәсіп кешенінің өткен жылғы көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Былтыр бұл салаға барлық қаржыландыру көздерінен 42 млрд. теңге тартылды. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 117 пайызға жоғары. Соның ішінде мемлекеттік қолдау барлық инвестициялардың үштен бірін немесе 14 млрд. теңгені құрады.
Өткен жылы табысты дамыған сала – мал шаруашылығы. Ет, сүт өндірісі, ірі қара мал, жылқы мен құс санының өсіміне қол жеткізілді.
Облыста сүт өндіру және қайта өндеу өндірісін ұлғайту бойынша негізгі бағыт сүтті мал шаруашылығын дамыту жобасы болып табылады. Осы орайда былтыр 37 тауарлы-сүт фермасының құрылысы және қайта жаңартылуы, 33 сүт қабылдау пунктін құру қолға алынды. Оған тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтары тартылды және осы негізде сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаты 34-тен 50 пайызға ұлғайтылды. 200 басқа арналған екі жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды, жұмыс істеп тұрған 3,5 мың басқа арналған 11 ферма қайта жаңартылды, тұрғындардан сүт сатып алу үшін 24 сүт қабылдау пункті ашылды.
Жалпы, өткен жылы агроөнеркәсіп кешенінде 5 млрд. теңгеге 94 жоба іске асырылды.
– Біздің облыстың әлеуеті өте жоғары. Білікті мамандарымыз жеткілікті. Сондықтан біздің өнімдер Ресейдің нарығында, әсіресе, Сібір бөлігінде жоғары сұранысқа ие болуы қажет. Сондай-ақ, әлемде бар өндірістерді дамытуымыз керек. Жаңадан бірдеңе ойлап табудың керегі жоқ. Қолда барды ұқсатсақ жеткілікті, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ауыл шаруашылығы саласын алға жетелейтін өзге жобаларға тоқталды.
Ағымдағы жылы аграрлық секторда экономикалық өсімге қол жеткізетін жобалар: Үржар ауданындағы жылына 30 тонна құс етін өндіретін фабрика мен Аягөз ауданындағы жылына 10 мың тонна қой және 12 мың тонна ірі қара малының етін өндіретін кәсіпорын. Сол сияқты Көкпекті ауданында жылына 6 мың тонна сиыр етін өндіруге әлеуетті «Елім-ай Көкпекті» ЖШС. Бұл алдағы үш жылда өңірімізде ет өндірісін 31,5 мың тоннаға дейін жеткізетін мықты ет қорын құруға жол ашады.
Аймақ басшысы баяндамасында суармалы жерлерді игеру мәселесіне де кеңінен тоқталды. Бұл бағытта былтыр біраз шаруа атқарылған сыңайлы. Суарылатын жерлерді түгендеу мақсатында қолданылмайтын және тиімді қолданылмай жатқан телімдер анықталып, оларды нарықтық ортадағы қаржылай тұрақты шаруашылықтарға өткізу шаралары басталды. Бұл жерлердің иелері меншікті қаражаты есебінен суарылатын телімдерді қалпына келтіру немесе қайта жаңартуды жүргізеді. Былтыр шамамен 10 мың га жер қайтарылып алынды, 35 мың га суармалы арқапқа қатысты жалдау шарттарын бұзу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биылғы басты міндет – инвестициялық бағдарламалар үшін 40 мың гектар суармалы жер беру. Нәтижесінде, ондаған инвесторлар пайдаға жаратылмай бос жатқан алқаптарды игеру үшін өңірімізге тартылатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, өткен жылы бюджет қаражатына Зайсан және Тарбағатай аудандарында жалпы аумағы 6,5 мың гектарды құрайтын екі бірдей сумен қамтамасыз ету нысаны қалпына келтірілді. Биыл 12,5 мың га аумақты құрайтын төрт нысанды қалпына келтіру көзделген.
Есептік кездесуде ерекше назар аударылған проблеманың бірі – балық шаруашылығы. Қазіргі уақытта балық саласын дамыту және бірінші кезекте балық аулау тәртібін өзгерту, қорларды толықтыру және қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде балық аулауға лицензияны бір адам алады, ал өмір бойы балық аулаумен айналысып келген балықшылар «көлеңкеде» қалуда.
– Мен бұған түбегейлі қарсымын. Біздің міндетіміз – балық аулауды ежелден кәсіп еткен ауылдардың тұрғындарына заңдастырып беру. Балық аулауға рұқсат қағазы бұрынғыдай екі-үш кәсіпкерге ғана беріліп, қалған адамдар табыссыз қалмауы керек. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан лицензия өзен-көлдердің жағалауында тұратын адамдарға берілетін болады. Ал инвесторлар олардың өнімдерін сатып алсын, өңдесін, сатсын. Қазір бұл мәселемен Күршім, Тарбағатай, Зайсан және Ұлан аудандарының әкімдері айналысып жатыр. Ұлан ауданында қомақты қаражатқа заманауи балық шаруашылығы құрылуда, – дейді облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Дағдарысқа қарамастан аймақтың шағын және орта бизнес субъектілерінде белсенді жұмыс істейтін адамдардың саны арта түскені қуантты бізді. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 600 шағын несие беріліп, 18 мың жұмыс орыны құрылды. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 34 млн. теңге көлемінде гранттар бөлінді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облыста 113 млрд. теңгенің 21 концессиялық жобасы аяқталуға жақын. Олардың ішінде былтыр Өскеменде құны 4,2 млрд. теңгеге алты балабақша, Семейде 2,6 млрд. теңгеге бес балабақша салуға концессиялық келісімдер жасалды. Биылғы мамырда Өскеменде бес концессиялық балабақша құрылысына конкурс жарияланады.
Сондай-ақ, Өскеменде 300 орындық көпсалалы аурухана мен Семейде 200 орындық қалалық балалар ауруханасы құрылыстарына конкурс жарияланды. Бұл жобаларға қазақстандық, түркиялық, қытайлық және корейлік инвесторлар қызығушылық танытуда.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Күршім ауданындағы құны 23,7 млрд. теңгені құрайтын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына байқау жарияланады. Өскемендегі Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін конкурсқа шығару жоспарланып отыр.
Жиын барысында аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдеріне әлемдік қаржылық институттармен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚҚД) жұмыс жүргізуді тапсырды. Былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкімен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бес маңызды жоба қолға алынды. Жалпы Еуропалық даму және қайта құру банкіне 154 млрд. теңгені құрайтын 124 жоба қарастырылуға жіберілді. Олардың ішіндегі 101 жобаның техникалық құжаттары толығымен дайын.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жол инфрақұрылымын жаңғырту мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл орайда күрделі жөндеу жұмыстарын оңтайландыра отырып, ағымдағы жөндеуге басымдық берудің тиімділігі анық байқалды. Соның нәтижесінде ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген көлік жолдары жақсарды. Мәселен, Өскемен-Риддер бағытындағы 120 шақырым тас жол қалпына келтірілді. Биыл тағы 700 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде Өскемен-Семей бағытындағы трассаның екі учаскесіне, Аягөз-Ақсуат, Өскемен-Сібе көлдері, Өскемен-Зырян бағытындағы трассадан Серебрянка қаласына дейінгі аралық жолдарын жөндеу, Осинов асуын қалпына келтіру жүргізіледі.
2016 жылы облыстың автокөлік жолдарында жалпы сомасы 19,9 млрд. теңгеге 288 шақырымда қайта жөндеу жұмыстары және 336 шақырымда орташа жөндеу атқарылады.
Бұған қоса облыс әкімі тұрғын үй құрылысына халықтың банктерде жинаған меншікті қаражатын тартудың маңыздылығын еске салды.
– Тұрғын үй құрылысында былтыр біз 2014 жылға қарағанда артық жұмыс атқардық. Ал биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан жоғары болуы керек. Бұл әрине, жаңадан жұмыс орындары мен экономиканың дамуы. Алайда, біз бұрын үй салуға бюджет қаражатын пайдаланып келсек, ендігі жерде тұрғындардың өз ақшасын іске жаратамыз. Бүгінгі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» адамдардың салымдары 21 млрд. теңгеден асып жығылады. Бұл аз сома емес. Дәл қазір Өскеменде 3,5 мың адам баспана сатып алуға дайын, Семейде олардың саны мың жарым. Сол себепті биылға жоспарланған 322,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің үштен бірі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өтуі керек. Оған қоса Өскеменде инфрақұрылым бойынша ешқандай проблема жоқ, – деп нақтылады облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Жиында өңіріміздің елді мекендерін, оның ішінде әсіресе, Өскемен мен Семейді әлемдік талаптар мен трендтерге сай үлгіде абаттандыру қажеттігі айтылды. Аймақ басшысы баяндамасында қалада демалыс орындарын, саябақтар мен субұрқақтар, балалар ойнайтын алаңқайлар, спорттық алаңдар, автокөлік тұрақтарын және басқа да қажетті орындарды салумен қатар, қаланың ішінде тегін интернет желісін тарататын Wi-Fi аймағы құрылатынын айтты.
Бюджет қаражатын үнемдеу басты назарда ұсталатынын қадап тұрып ескерткен облыс басшысы тиімсіз шығындарды қысқарту бойынша бірқатар міндеттер тұрғанын айтты. Мәселен, аймақта бүгінгі таңда бірнеше әлеуметтік мекеме (мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері) электр қуатымен жылынады. Оларға кететін шығын көлемі – 2,4 млрд. теңге. Осы нысандарды қатты отынға ауыстырса (қондырғыларды орнатуға кететін шығынды есепке алмағанда) қазына қаражатын 50 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізілмек.
Білім беру саласында да біраз шаруа тындырылыпты былтыр. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде лицейлер мен гимназиялардың бірсыпырасы өзінің мәртебесіне лайықты емес болып шыққан. Алайда, атына заты сай емес білім ошақтары құжатта көрсетілген мәртебелеріне лайықты екендіктерін дәлелдеуге уақыт алды. Осы уақыт аралығында білім сапасын арттырмаса, «лицей» немесе «гимназия» деген атауынан айырылады. Алдағы уақытта мұндай тексерулер әр үш жыл сайын өткізіліп тұрмақ.
Ұлт Көшбасшысының үштілділік жөнінде айтқан сөзін негізге ала отырып, облысымызда тілді оқытудың тың тәсілі қолға алынды. Былтырдан бастап үш тілде білім беруді енгізу тәжірибелік алаңын құру жұмысы басталды. Аталмыш бағдарлама тілдерді оқытудағы проблемаларды жоюды көздейді. Үштілділікті дамыту аймақтық бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында еліміздегі британдық білім беру бағдарламалары кеңесімен және Назарбаев университетімен байланыс орнатылған.
Ауызша сөйлеу тәжірибесі мен сабақ беру әдістемесін дамыту үшін 79 ағылшын тілінде сөйлейтін оқытушыны тарта отырып ағылшын тілінің мұғалімдері үшін Өскемен, Семей және Зайсанда үш оқыту орталығы құрылады. Жоғары көрсеткіштер көрсетіп жүрген ағылшын, қазақ тілі (орыс сыныптарында) орыс тілі (қазақ сыныптарында) мұғалімдері үшін материалдық ынталандыру жүйесі енгізіледі. Үш мыңға жуық мұғалім (1200 ағылшын тілінің мұғалімі, 900 қазақ тілі мұғалімі және 800 орыс тілінің мұғалімі) қайтадан білім алатын болады.
– Ағылшын тілін оқытудың жаңа әдістемесі «Кембридж юниверсити» бағдарламасына негізделген. Онда грамматикадан гөрі ауызша сөйлеп үйренуге басымдық берілген. Ауқымды реформа қазақ тілін оқытуға да қатысты болмақ. Біз қазір қазақ тілін оқытудың бағдарламасын толық жасап шықтық, ол құжат тиісті министрліктермен және институттармен келісілді. Алдымен ұстаздарды оқытамыз, ал олар балаларға үйретеді, – деп түсіндірді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Алдағы екі-үш жылда облыста балабақша мәселесін түбегейлі шешуге барлық мүмкіндіктер бар. Бұл орайда Риддер қаласының әкімдігі жақсы жұмыс істеуде. Балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін қосымша 40 мектепке дейінгі білім беру нысаны ашылды: барлығы 980 орынды құрайтын бес балабақша салынды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 28 балабақша іске қосылды, жеті білім ошағы мектеп-балабақша болып қайта құрылды.
Биылғы қыркүйекте Өскеменде (тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған), бірақ ойлау қабілеті сақталған мүмкіндігі шектеулі 100 балаға арналған пансионат пайдалануға беріледі. Мекеме негізінде кәсіби білім беру ұйымдастырылады, яғни балалар пансионатты бітіріп шыққанда, кәсіп иесі болып шығады.
Аймақтың денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобаның бірі – өңірлік онкологиялық диспансердің ядролық медицина ғимаратының құрылысы. Ол жерде радиоизотопты диагностика бөлімі және Қазақстанда алғаш рет радиойодтерапия бөлімі жұмыс істейді.
Сол секілді аудандарда отбасылық-дәрігерлік амбулаториямен және медицина мамандарымен қамтамасыз ету мәселесі де өзінің шешімін табады биыл. Ең бастысы, денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер жақсы. Нақты деректерге сүйенсек, өлім-жітім және онкологиялық аурулардан болған өлім-жітімді бес пайызға, сәби өлімін сегіз пайызға, дәрігер мамандар жетіспеушілігін 25 пайызға азайтуға бағытталған іс-шаралар жалғасуда. Бүгінде облыстың денсаулық сақтау мекемелері 210 жас маманмен толықты, оның ішінде 38-і ауыл квотасымен және 32-сі грант бойынша.
2016 жылы 1300-ге жуық адамға облыстан шықпай жоғары мамандандырылған көмек көрсетіліп, соның ішінде 340 адамға ашық түрде жүрекке ота жасалды. Былтыр он нысан пайдалануға берілді. Олар: облыстық қан орталығы, Өскемендегі оңалту орталығы, Семейдегі жедел медициналық көмек станциясы, жеті ауылдық дәрігерлік амбулатория.
Қазіргі уақытта медициналық мекемелерді біріктіретін медициналық кластер құрылуда. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім беруді дамыту және әлеуметтік бағдарламалар қоры Катар мемлекетінің даму қорымен бірлесіп, Семей полигонынан зардап шеккендерді емдейтін оңалту орталығын салу көзделіп отыр.
Ағымдағы жылы «Жаңару» бастамасының шеңберінде, аудандардағы 50 отбасы-дәрігерлік амбулаторияларды жөндеу үшін қаржы бөлу шешімі қабылданды. Басты бағыт медицина қызметкерлерін оқыту болып табылады, мысалы, өткен жылы онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтау бойынша 500 маман, туберкулезді анықтаудан 1500-ға жуық маман оқытылды. 2016 жылы Еуропалық медициналық орталықтар негізінде медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру жоспарлануда. Оқыту Германия, Австрия, Испания елдерінде тәжірибелік білім берумен қатар 6-12 айға дейін созылады. Бұл мақсатта ағымдағы жылы 340 млн. теңге бөлінеді.
Сонымен қатар облыс әкімі есептік кездесуде тұрғындарды жұмыспен қамту, экология, мәдениет, спорт, туризм сияқты салаларда атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда тұрған міндеттерді атады.
– Ағымдағы жыл оңайға түспейді. Әлемдік дағдарыс еліміздің экономикасының, оның ішінде біздің индустриялық облысымызға өз ықпалын тигізіп отыр. Алайда біз осыған дейінгі ширек ғасырда Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ басшылығымен талай қиындықтарды бірлесе жеңе білдік. Біздің ендігі мақсатымыз «Ұлт жоспары: бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамын» орындауда ауызбіршілік танытып, жұдырықтай жұмыла әрекет етуіміз керек. Сонда ғана жарқын жетістіктерге жетеміз. Өңірдің дамуы өзіміздің қолымызда, – деп сөзін түйіндеген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ кездесудің келесі бөлігінде тұрғындар тарапынан қойылған әртүрлі сауалдарға жауап берді.
Қойылған сауалдардың дені бүкіләлемдік проблемаларға да, жеке түйткілдерге де қатысты болды. Аймақ басшысы сұрақ қойғандардың әрқайсысын мұқият тыңдап, барлығына толық жауап берді.

Владимир Дмитриев, кәсіпкер, Зырян ауданы:
– Әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты еліміздің билігі қандай шаралар қабылдауда? Нақты біздің өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы бағдарлама Бес институционалдық реформаны жүргізуді қарастырады. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесіндегі түбегейлі өзгерістер, индустрияландыру, болашағы біртұтас ұлтты және транспарентті есеп беруші мемлекет құру. Осы реформаларды іске асыру үшін 59 заң қабылданған. Мұнымен қоса, инвестицияларды белсенді тарту жүріп жатыр, биыл олардың көлемі екі триллион теңгеден аспақ. Қаражат шағын және орта бизнесті қолдауға, аграрлық салаға, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы іскерлік белсенділікті ынталандыруға және өзге де басым бағыттарға жұмсалмақ.
Егер Шығыс Қазақстан туралы айтар болсақ, біздегі негізгі бағдар – бұл инвесторларды тарту. Үкіметтен сұрау тәжірибесін доғарған жөн. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тегершігін қарқынды қолданып, халықаралық институттармен, атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастықты күшейткен абзал. Екінші бағдар – максимальды мультипликативті әсері бар нысандарды салу, мәселен, толық циклды автозауыт және автобөлшектерді шығару жөніндегі технопарк. Бұл нысандар өз айналасында көптеген шағын кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыстың ресурстық мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Бұл балық саласына, Үржар ауданындағы құс фабрикасы құрылысына, сүт өңдеуге қатысты. Сүт өңдеу саласында тұрғындардан сүт сатып алу ісін жолға қою керек. Тұрғын үй құрылысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» жұмысты ширату қажет. Тұтас алғанда, дағдарысқа қарамастан, барлық экономикалық көрсеткіштер өткен жылғымен салыстырғанда жоғары болмақ.
Ирина Немченко, аудандық газет редакторы, Глубокое ауданы:
– Шығыс Қазақстанның аудандарында үштілділік бағдарламасы қалай енгізілетін болады?
– Республикалық және шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізіліп қойды, үздік педагогтар іріктеліп алынды. Олар біздің қазақ, орыс және ағылшын тілі оқытушыларына білім беретін болады. Өскеменде, Семейде және облыс аудандарының бірінде кем дегенде үш оқыту орталығы құрылады. Қазірдің өзінде жаңа әдістемелік бағдарламалар әзірленіп жатыр. Табысқа үш алғышарт қажет, олар – материалдық-техникалық база, атап айтсақ, біз тілдік пәндер бойынша жаңа оқулықтар сатып аламыз, білікті мамандар және оқытудың жетілдірілген әдістемесі. Үштілділік болашағы біртұтас ұлттың іргетасына айналуы тиіс. Біздің тәжірибе еліміздің өзге өңірлері үшін үздік үлгі болатынына сенеміз.
Ольга Ушакова, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы, Шемонайха ауданы:
– Өскеменде абаттандыру жұмыстарының қалай атқарылып жатқанын бәріміз көріп жүрміз. Дәл осындай жұмыстар аудан орталықтарында іске асырыла ма?
– Бұл дұрыс және уақтылы қойылған сауал. Расында да, аудан орталығы ауданның бетке ұстар елді мекені болуы тиіс. Әкімдер жақсы мысалдарға қарап үйренулері керек. Біз адамдарға арналған қала туралы айтқанда, әлемдік тәжірибеден тек ең үздік үлгілерді ғана алу керек екенін айтқымыз келеді. Бұл мақсаттарға бюджеттен қаржы барлық аудандарға бөлінетін болады. Атап өтерлік жайт, абаттандыру тұрғындардың әлжуаз топтарына бағытталуы тиіс. Айталық, осы жылы Семей мен Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңдары пайда болады. Мұндай бастамалар аудан орталықтарында да қолға алынуы қажет.
Василий Гречкин, Семей:
– 50-80 жылдары салынған үйлердің аулаларындағы көлік қою орындарының жоқтығы мәселесі қалай шешілетін болады?
– Бұл мәселені шешу үшін қала әкіміне экономист немесе құрылысшы болудың қажеті шамалы, оның іскерлік қарымы болуы тиіс. Осы жылы Өскеменде үйлер аулалардағы жолдардың ені алты метр болатындай, ал көлік қою орындарының саны бір пәтерге 1,5 мәшіннен келетіндей етіп салынатын болады. Семейге келер болсақ, тек осы жылдың өзінде шаһарды абаттандыру үшін 1,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Сонымен бірге, алғаш рет барлық қаланың табысы өзінде қалмақшы. Әкім экономикалық тегершіктерге қол жеткізеді және ол бәрінің салықты уақытында төлегеніне мүдделі. Алғашқы міндет – бұл Семей орталығын қайта жарақтандыру және жолдарды жөндеу. Бұдан соң біз өзге ықшам аудандармен шұғылданатын боламыз.
Өтеш Сағындықов, №12 жергілікті өзін-өзі басқару комитеті өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесі, Өскемен:
– Өзен-көлдерімізден ауланған балық өнімдерін жергілікті дүкен сөрелерінен таппайсыз. Олар көшеде антисанитариялық жағдайларда саудаланады. Осымен қалай күресуге болады?
– Мен өз баяндамамда балық саласына түбегейлі тоқталып өттім. Жуырда Тарбағатай ауданына барамын, онда 156 адам менімен кездесуді күтіп отыр. Олар балық аулауға рұқсат алуды қалайды. Көше саудасы туралы айтар болсақ, бұл жағдай менің өзіме де ұнамайды. Бірақ оған тыйым салу – мәселені шешу емес. Тыйым салу қиын емес, біздің балықшылар үшін тиісті жағдай жасау қиын. Біз «Метро» сауда орталығының артынан сауда алаңын қарастырып қойдық. Онда базар ашылып, ауылшаруашылық өнімін өндірушілер өз өнімдерін заңды бұзбай, өркениетті түрде сата алатын болады. Балық аулауға рұқсатнама бір кісіде болғанда ол өз шартын мыңдаған адамдарға қояды. Ал мұндай құжат мыңдаған адамда болғанда, олар аулаған балықтарын қалай өткізуді өздері шешеді – қайта өңдеуге тапсыра ма, дүкенге сата ма немесе арнайы базарға келіп, сатып, пайда таба ма?
Ақмарал Жұмағалиева, Семей:
– Семейдегі балалар бақшасына кезек мәселесі қалай шешілуде?
– Биыл біздің алдымызда 2700 орынға балабақша салу міндеті тұр, соның 1000-ы Семейге тиесілі. 6 мектепке дейінгі мекеме түрік компаниясымен концессия аясында салынатын болады. Мұнымен қоса, мен барлық аудан-қала әкімдеріне егер ыңғайлы орынжай бар болған жағдайларда жергілікті кәсіпкерлер арасынан инвестор іздеуді тапсырдым. Ол инвесторлар сол орынжайда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде балалар бақшасын ашуға келісім берулері тиіс.
Лариса Вдовина, «Қазцинк» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, Риддер:
– Медициналық қызметтер сапасының мәселесі ұдайы өзекті қалпында қалуда. Бүгінде облыстың көптеген тұрғындары астаналық немесе шетелдік клиникаларда диагностикадан өтуді және қиын оталар жасатуды қалайды. Шығыс Қазақстанда медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Медицина – ерекше қамқорлықты қажет ететін сала. Бүгінгі таңда өңірде жоғары кәсіби құрал-жабдықтар жетерлік. Алайда, дәрігерлердің біліктілігі аздау. Бұл бізге кадрларды дайындауға және қайта дайындауға үлкен көңіл бөлу керек екенін білдіреді. Табыстың кілті – шетелде қосымша білім алу. Біз шетелдік клиникалардағы ұзақмерзімді (жартыжылдан көп) оқытуды ұйымдастыруға баса назар аударып отырмыз. Бұл үшін жас мамандар қазір ағылшын тілін үйренуде. Мұнымен қоса, мамандандырылған клиникалар құру қажет, бүгінде қан ауруын емдейтін медициналық мекеме салу жөнінде жоба әзірленіп жатыр. Ол мекеме барлық халықаралық стандарттарға жүз пайыз сәйкес келетін болады, бұл ауруханада сүйек кемігін трансплантациялауға арналған бірегей аппаратура мен техника орнатылады. Сондай-ақ, медициналық кластерді құру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, аталмыш кластерде емдеудің бір түрі өзге дерттерді де жазады. Мұндай байланыстың мысалы – ядролық және оңалту орталықтары. Денсаулық сақтау саласын дамытудың тағы бір басым бағыты ауылдық амбулаторияларды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтау болып табылады. Бұл шалғай елді мекендердің тұрғындары білікті медициналық жәрдем үшін аудан орталығына бармас үшін қажет.
Марина Соловьева, «Поколение» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Өскемен:
– Сізге тұрғын үй қорын басқаруды жаңарту бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін алғыс айтқым келеді. Инженер-ғалымдардың бірі Анатолий Белослютцев сізбен жолыққысы келетінін айтты, сол адаммен кездесуіңізді сұраймын. Ол электр қуатының тапшылығы орын алған жағдайдағы Бұқтырма СЭС бойынша бірегей жоба жасап шықты. Бірақ оны іске асыру үшін қаражат қажет.
– Ғалыммен кездесуге әзірмін, өйткені, егер аталмыш жоба расымен де қызықты болса, оны жан-жақты қарастырған жөн.
Амангелді Уәлиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлан ауданы:
– Қоғамдық кеңес не үшін құрылды және оның қызметі қандай?
– Бәрі де бес институционалдық реформаға негізделген. 99-шы қадам – бұл қоғамдық кеңестер құру. Оның мақсаты – азаматтардың әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша пікірлерін қаперге алу. Мониторинг қорытындылары жергілікті атқарушы органдарға белгілі бір мәселелерді шешудің дұрыс жолын таңдау үшін ұсынылуы керек. Мемлекеттік органдар қоғамдық кеңестердің өкілдері үшін жүз пайыз ашық болуы тиіс және оларға барлық қажетті ақпаратты ұсынулары тиіс. Олардың жауапкершілігі үлкен, өйткені, көп жағдайда нақ осы қоғамдық кеңестердің арқасында транспарентті есеп беруші мемлекет және азаматтық қоғам құрылатын болады.
Чернобыль апатын жоюға қатысушылар облыстық одағының мүшесі, Өскемен:
– Биыл Чернобыль АЭС-індегі апатқа 30 жыл толады. Былтырдан бері біз осы апатты жоюшыларға ескерткіш орнату қажеттігін айтып жүрміз. Бізге облыстық ауруханаға қарама-қарсы жерден орын бөліп берді, бірақ іс бұдан әріге жылжымай отыр. Атап өтерлігі, осындай монумент өткен жылы Батыс Қазақстан облысында орнатылды, ал Оңтүстік Қазақстанда чернобыльдықтар мерейтойлық медальдармен марапатталды.
– Қала әкімдігінің осы мәселеге көңіл бөлмей келетіні дұрыс емес. Сізбен келісемін, жеке кездесу барысында осы түйткілдің шешімін табатынымыз анық. Ескерткіш орнатылуы тиіс.
Нұрсұлтан Молдаханов, Зайсан ауданы:
– Зайсан өңірінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін бола ма?
– Шығыс Қазақстан – бай тарихқа ие, аңыздарға толы өлке. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай біз аса ауқымды археологиялық қазбалар жүргізбекпіз. Олар үш жылға созылады, біз үздік әлемдік археологтар мен тарихшыларды тартамыз бұл іске. Үш орын анықталып отыр, олар – Катонқарағай (Берел қорғаны), Зайсан және Ұлан аудандары. Қыркүйекте дүние жүзіне аттары мәлім мамандар біздің әлеуетке және тарихи құндылықтарға білікті баға беретін форум өтеді. Әлемдік қауымдастықтың назарын Қазақстан тарихына аударту өте маңызды. Ғалымдар таңғажайып жаңалықтар ашарына сенімдімін. Өйткені, екінші Берел қорғаны аршылады, онда тарихшылардың мәліметі бойынша 17 алтын мүйізді жылқы сақталған.
Юлия Кунст, облыстық кәрістер қауымдастығы басқармасының төрайымы, Өскемен:
– Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім үйі жуырда бұрынғы драма театры ғимаратына көшкенін бәрі де біледі. Барлық ұлттық-мәдени және қоғамдық бірлестіктер өкілдері атынан сол ғимаратты жөндеуге және қайта құруға көмек көрсетуіңізді сұрағым келеді.
– Мен Жаңа жылдың алдында ғана ол ғимаратта болдым. Ғимарат жөндеуді қажет етеді, онымен толық келісемін. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу керек. Біз бәріміз этномәдени бірлестіктердің жаңа үйде өздерін жайлы сезінгенін қалаймыз. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы, мемлекеттік сараптама қорытындысын дайындауды және конкурстық процедураларды жариялауды созбауларыңыз қажет екенін ерекше атап өткім келеді. Мәселені келесі жылға қалдыруға болмайды.
Владимир Тарасов, Белоусовка кенті, Глубокое ауданы:
– Шығыс Қазақстан құқық қорғау органдары жұмысында жекелеген олқылықтар мен қателіктер бар. Біз ұлымыздың өлімі туралы істе әділдік іздейміз деп өзіміз осындай жайттарға тап болдық. Осы мәселені қалай шешуге болады?
– Бұл мәселені мен сізбен азаматтарды жеке қабылдауда талқылаған болатынмын. Қазір қылмыстық іс қайта қозғалды, қайта тексерулер жүріп жатыр.
Бұл мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Таимбетов те пікірін білдірді. Ол осы қылмыстық іс бойынша барлық тұжырымдармен арнайы құрылған комиссия жұмыс істегенін атап өтті. Сонымен қатар, ол қоғамдық кеңеске осы жайтты айрықша бақылауға алуды ұсынды.
Кәдірбек Айдарханов, Күршім ауданы:
– Күршім ауданының және өзге өңірлердің тұрғындары үшін Бұқтырма су қоймасы арқылы көпірдің құрылысы өмірлік маңызға ие. Сіз бұл туралы өз есебіңізде айтып өттіңіз, бірақ біз нақты білгіміз келеді. Осы жылы көпірдің құрылысы бастала ма?
– Мәселе шешілу кезеңінде тұр. Оқиғаларды асықтырмай-ақ қояйық. Еуропалық қайта құру және даму банкімен жұмыс жүргізілуде. Жуықта малайзиялық компания өкілдері келуі тиіс. Жоба көптеген себептер мен факторлар бойынша қажетті болып табылады. Күршім ауданында мыстың үлкен кені бар. Сонымен бірге, көпірдің жоқтығы тұрғындар үшін үлкен мәселе болып табылады, өйткені, олар қыста өмірлерін қатерге тіге отырып мұз үстімен, ал жазда пароммен жүруге мәжбүр.
Төлеген Кінәсілов, кәсіпкер:
– Туризмді дамыту өңір үшін қандай маңызды рөл атқаратынын жақсы атап өттіңіз. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Жазғы мезгілде көптеген адамдар сенбі-жексенбі күндері демалыс базалары мен үйлері орналасқан Сібе көлдеріне жол тартады. Бірақ жолдың жағдайы сын көтермейді, сол себепті сізден көмек сұраймыз.
– Әр жұма-сенбі күндері мәшіндердің үлкен ағыны қаладан Самар тасжолы арқылы сол жаққа бағыт алады. Жол ондаған жыл жөндеу көрмеген. Осы жылы біз орташа жөндеу жүргіземіз. Мәселе шешіледі. Бұл – бір. Екіншіден, Осинов асуы арқылы өтетін жол туралы айта кеткім келеді. Мен сол жерден өткенде арнайы уақытты есептедім. 16 шақырымдық жолды 38 минут еңсеруге тура келді. Биыл жол жөнделеді. Сонымен қатар, негізгі жолдан Серебрянка қаласына дейінгі жолды да жөндейміз.
Бақытөмір Шалғынбай, «Мөлдір сана» газетінің редакторы, Аягөз ауданы:
– Құрметті Даниал Кенжетайұлы! Бізді көп жылдан бері Аягөз бен Ақсауат арасындағы жолдың сын көтермейтін жағдайы алаңдатып келеді. Таяу арада осы жолды күрделі жөндеу жөнінде қандай шаралар қабылданатын болады?
– Аталмыш жолдың жағдайы туралы жақсы білемін. Былтыр жазда мен арнайы Аягөзден Ақсуатқа дейін көлікпен жүріп өттім. Автокөлікпен осы жолмен жүру үшін үш жарым сағат уақытымыз кетті. Жылдар бойы жөндеу көрмеген осы жолды қалпына келтіру мәселесі міндетті түрде шешіледі. Қаражат қарастырылып қойған, күн жылына салысымен Аягөз жағында жөндеу жұмыстары басталып кетеді. Келесі учаске – нақты Ақсуатқа дейінгі жол да қалпына келтіріледі. Онымен де көліктер тиісті жылдамдықта қозғала алатын болады.
Тұрғындар алдындағы есепті кездесудің қорытындысында Даниал АХМЕТОВ азаматтардың барлық сұрақтарын жазып алғанын айтып, аудандарға іссапары кезінде олардың шешілу үрдісін бақылайтынын атап көрсетті.
Керек дерек
Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚҚДБ) инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша құны 154 млрд. теңгенің 124 жобасы көзделген.
Семейдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға ЕҚҚДБ-ның 11 млрд теңге қаражаты тартылған.
ҮИИДБ аясында 2015 жылы 5,5 млрд теңгенің 7 жобасы іске асырылып, 562 жаңа жұмыс орыны құрылды.
ҮИИДБ арқылы 2016 жылы 9 млрд теңгеге 9 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 900-ден астам жұмыс орыны ашылады.
* * *
2015 жылы орман шаруашылығын дамыту бойынша шеберлік-жоспарын жасау қолға алынды.
Екі тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталып, жұмыс істеп тұрған 11 тауарлы-сүт фермасына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардан сүт сатып алу үшін 24 сүт қабылдау пункті құрылды.
***
2016 жылы жалпы сомасы 7 млрд. теңгені құрайтын 7 жаңа тауарлы-сүт фермасын іске қосу және 17 ферманы қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
2015 жылы агроөнеркәсіп кешені бойынша 5 млрд. теңгенің 94 жобасы іске асты.
Пайдаланылмай жатқан 9,7 мың га суармалы жер қайтарып алынды.
***
2015 жылы 43 әлеуметтік сала нысаны пайдалануға берілді.
Алдағы 3 жылға аймаққа 200 млрд. теңге шетелдік инвестицияны тарту міндеті қойылып отыр.