Қоғам

Экономикалық дағдарыс тәуекелі күшейді

Экономикалық дағдарыс тәуекелі күшейді

«Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемде экономикалық дағдарыс тәуекелінің күшейе түскенін ескертіп, сол себепті сұранысты ынталандыру үшін тезірек тиісті шараларды қолға алу қажеттігін айтады», деп жазады «Financial Times» газеті.
Басылым таратқан ақпаратқа сүйенсек, ХВҚ-ның басқарушы-директорының бірінші орынбасары Дэвид Липтон бүгінгі таңда жаћандық экономика шынымен де қиын жағдайға душар болғанын мәлім етті.
– Әлемдік саясаткерлер экономикалық дамудың тежелуіне қарсы және шикізаттық, қаржылық нарықта болашақта болуы ықтимал қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған шұғыл қадамдар жасауы тиіс, – деп атап көрсетті Дэвид Липтон.
Ол да тегін емес. Өйткені статистикалық деректер әлемдік нарыққа әсер етер алпауыт мемлекеттердің өзі тығырыққа тірелгенін айғақтайды. Халықаралық валюта қорының бұған дейінгі хабарлауынша, жаћандық экономиканың бәсеңдеуі қазіргі уақытта 3,4 пайызды құрайтын әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсуіне кедергі келтірмек.

Миллиардерді байлығы құтқара алмады

Иран елінің соты миллиардер Бабака Занджани мен тағы екі адамды өлім жазасына кесті. Оларға мұндай аса ауыр үкім мұнайды сату кезінде сыбайласқан жемқорлыққа барғандары үшін шығарылып отыр.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, Занджани Ирандағы ең ауқатты адамдардың бірінен саналады. Оның жиған-терген байлығы 14 миллиард доллар көлемінде бағаланған. Сот процесі барысында ұсынылған деректерге қарағанда, ол аталған елдің бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежад үкіметінің атынан қара алтынды саудалау кезінде 2 миллиард долларды жымқырған.
Осыдан екі жыл бұрын Иранда алпауыт банктерден 2,6 миллиард доллар көлемінде несие алу мақсатында жалған құжат жасағаны үшін Махафарид Амир Хосрави дейтін тағы бір миллиардер өлім жазасына кесілген-ді.

Ресейді кедейшілік жайлауы мүмкін

Ресейді жаппай кедейшілік жайлауы мүмкін. Сарапшы мамандардың болжамынша, әлемдік нарықтағы мұнайдың баррелі 50 долларға көтерілсе де экономикалық ахуалдың оңала қоюы екіталай.
Экономика жоғары мектебін дамыту орталығының мамандары алдағы дағдарыстың салдары бүгінгіден де қиын болатынын және ол біраз жылға дейін созылатынын айтып отыр. Соның салдарынан мемлекеттің әлеуметтік міндеттері шектеліп, жұрттың жағдайы күрт төмендеу қауіпі бар.
Сарапшылардың есебінше, қара алтын баррелі 35 доллар болса, Ресейдің ІЖӨ 1,6 пайызға төмендейді. Ал егер 45-50 доллар болса бұл көрсеткіш 0,8 пайызды, бюджет тапшылығы 2,7 пайызды құрайды. 2015-2016 жылдары Ресей экономикасында ІЖӨ 5,6 пайызға дейін құлдырамақ.
Ең қиыны, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерінен бас тартып, көптеген мемқызметтер ақылы түрге ауысуы мүмкін екенін айтады мамандар. Мұның соңы айналып келіп тұрғындар табысының 22-30 пайызға дейін кемуіне әкеліп соқпақ. Биылдың өзінде ресейліктердің қалтасы 5 пайызға жұқарып, зейнетақы 3 пайызға төмендемек.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button