«Экомед-Шығыс» медициналық орталығы жұмыс істеген бес жыл ішінде облыста экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен бес жүзге жуық бала дүниеге келген. Бұл туралы «Бедеулікті емдеудегі заманауи тәсілдер» тақырыбындағы ғылыми-практикалық семинарда айтылды.
Гинекологтар, эндокринологтар, уролог-андрологтар, генетиктер, жалпы практика дәрігерлеріне арналған ғылыми-практикалық семинар Өскемендегі «Экомед-Шығыс» медициналық орталығының бес жылдығына және «Экомед» клиникалар желісінің отыз жылдығына орай ұйымдастырылды. Іс-шараға шығысқазақстандық дәрігерлермен өзге өңірлерден мамандар келіп қатысты.
– «Экомед-Шығыс» медициналық орталығы жаңа ғимаратқа көшеді. Бұл экстракорпоралдық ұрықтандыру үдерісін толығымен өңірде өткізуге мүмкіндік береді. Қазір кейбір кезеңдер Астана, Алматы қалаларында өткізіліп жүр. Егер ЭКҰ кезеңдері толығымен Өскеменде өтсе, пациенттер үшін өте қолайлы болар еді. Жалпы «Экомед-Шығыс» медициналық орталығы ашылғаннан бері 487 бала дүниеге келді. Бүгінгі семинар барысында сол балалардың ата-аналары келіп алғысын білдіріп жатыр. Біз бұған өте қуаныштымыз, – дейді елімізде экстракорпоралдық ұрықтандырудың негізін қалаған белгілі маман Салтанат Байқошқарова.
29 жыл ішінде елімізде ЭКҰ әдісімен 30 мыңнан астам бала өмірге келгенін айта кетейік. 2021 жылдан бастап Үкімет жыл сайын «Аңсаған сәби» бағдарламасына 7 мың квота бөліп келеді