ҚоғамТОП

Экологиялық акция: 10 миллион теңге тігіп отыр

Ежелден жер төсін еміп, табиғатпен тамырлас өскен бабаларымыз оның тазалығына да ерекше мән берген. Көктемнің лебі сезілсе болды үйінің айналасына тазалық жүргізуді әдетке айналдырған. Осы бір дәстүрлі үрдісті жаңғыртып, елімізде «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция басталды.

Биылғы сенбілік әдеттегідей бір аптамен аяқталмайды. Екі айға жуық уақыт еліміздің түкпір-түкпірінде экологиялық акция аясында жұмыстар атқарылмақ. Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді. Ендігі кезекте елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналмақ. Сол үшін өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керектігі айтылған.

Бүкіл ел бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әр аптаға бөлініп, арнайы тақырыптар аясында атқарылады.

Алғашқы апта 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» атауымен өтіп жатыр. Бұл аралықта тұрғындар, ұйымдар мен кәсіпорындар өз аумақтары мен аулаларын тазалайды. Ал 20-27 сәуір аралығындағы екінші апта «Киелі мекен» атауына ие. Онда тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру, мәдени мұрамызды сақтау және оны аудан тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді әрі тартымды ету мақсатында істер атқарылмақ. Ел тұрғындары үшінші аптада, яғни, 27 сәуірден 4 мамырға дейін – «Жасыл аймақ» күндерін өткізеді. Онда көшеттер отырғызу және бұрыннан бар жасыл желектерге мұқият күтім жасау негізгі міндетке айналады. Ал 4 мамырдан 11 мамырға дейінгі төртінші апта – «Өнегелі ұрпақ» күні біздің қоғамға үлес қосқан адамдарға қамқорлық пен құрмет көрсете отырып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауды және абаттандыруды ұйымдастыруға арналған.

Сонымен қатар 11-18 мамыр аралығында бесінші апта – «Мөлдір бұлақ» күні өтеді. Онда су ресурстары және өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілмек. Осылайша Жаңа Қазақстан тұрғындары табиғаттың да жаңаруына үлкен үлесін қоспақ.

Өңірде 82 мың тұрғын үйдің ауласы тазартылады

Шығыс өңірінің тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене кірісіп кетті. Өңірде өткізіліп жатқан сенбілік барысын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов баян етті.

– Аталмыш акцияға еліміздің әрбір өңірі қосылып жатыр. Науқанның алғашқы күнінен 13 сəуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Яғни, бір апта ішінде тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды қоқыстан тазартуы керек. Алғашқы күннен бастап үш күн ішінде экологиялық акцияға 20 мыңнан астам адам қатысып, 27 техника жұмылдырылды. Тұрғын үй аула аумақтарынан 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Өңір тұрғындарынан акцияға белсене қатысып, өз аулаларыңызды тазартуды сұраймыз, – деді Нұрлан Рамазанов.

Осылайша акция аясында 82 мың тұрғын үй ауласы мен 89 мың жеке үй ауласына тазалық жүргізілмек. Ал экологиялық акция аясында өңіріміздегі киелі жерлер мен мәдени ескерткіштердің аумағы да тазартылмақ.

– Экологиялық акцияның өту барысына орай 15-20 сəуір аралығындағы екінші аптаға «Киелі мекен» деп атауы берілген. Бұл күндері тарихи-мəдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жүргізіледі. Біз өңірдегі 60-қа жуық тарихи-мəдени ескерткіштің аумағын тазартып, абаттандыруды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Осылайша облыс аумағында экологиялық акцияға орай рет-ретімен бірқанша жұмыс атқарылмақ.

Ең таза ауылға – 10 млн теңге

Ел көлемінде өтіп жатқан экологиялық акцияға аудандар мен ауылдар да белсене қатысуда. Тіпті, кейбір аудандар жыл соңында ең таза ауылдарды арнайы марапаттайтынын хабарлады.

Осы қатарда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Тарбағатай ауданы белсенді бастағанын айта кеткен жөн. Аудан басшысы акция соңында ең таза ауылға 10 млн теңге сыйақы беретінін хабарлады. Нақтырақ айтқанда, аудан басшылығы тазалық акциясы қорытындысында «Ең таза ауыл», «Ең таза көше», «Ең үлгілі аула» номинациялары бойынша марапаттау туралы шешім  қабылдаған.

 

«Ауылдық округ әкімдеріне  ауыл тұрғындарын және ерікті жастарды ұйымдастыра отырып «Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы аясында елді мекендерді, көшелерді, саябақтар мен алаңдарды, жайылымдарды, өзен-көлдердің жағалауына сенбіліктер ұйымдастыру, тазалық жұмыстарын жүргізу туралы тапсырмалар берілді. Яғни тұрғын үйлердің сыртқы  қақпалары мен қоршаулары әдемі әрі түзу орнатылып, сырланған, үйлердің қасбеті  әктелген, арықтардың жиегі түзу тартылған, көшелері тазаланып сыпырылған, көшелерде күл-қоқыстар жатпаған,  ағаштардың түбі әктеліп, гүлдер отырғызылған ауылдардың 10 млн теңге ұтып алып, ол қаражатты ауылдың ажарын айшықтап, абаттандыруға  жұмсауға мүмкіндіктері бар», – деп жазды Тарбағатай ауданы әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар Зайсан ауданы да экологиялық акция аясында үздіктерді марапаттайтынын хабарлады. Аудан әкімдігі әр тұрғынды «Таза Зайсан – таза табиғат» тазалық акциясына жауапкершілікпен қарап, бір кісідей қатысуға шақырды.

Үздіктер жыл соңында аула сыртын гүлмен көмкеріп, көпке үлгі болғандар «Үлгілі үй», «Үлгілі мекеме», «Үлгілі көше», «Үлгілі мектеп», «Үлгілі ауыл» аталымдары бойынша арнайы жүлделермен марапатталмақ.

– Шығыстың алтын қақпасы атанған Зайсан жерінің тазалығын сақтау баршамыздың міндетіміз. Экологияны, табиғатты таза ұстауға, сақтауға арналған бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы керек. Біздің көрікті атамекеніміз Зайсан өңірі – ежелден қойнауы құтқа, өрісі малға толы, берекелі, мерекелі жер. Зайсан ауданы жылдан-жылға көркейіп, дамып, гүлденіп келеді. Ауданымыздың таза, көрікті болғаны – баршамызға ортақ мақтаныш. Әр тұрғынның аудан тазалығына, гүлденіп, көркеюіне қосатын үлесі орасан зор. Сондықтан аудан тұрғындарын, кәсіпкерлерді, меншік нысанына қарамастан мекеме, кәсіпорын, ұйымдар мен ұжым қызметкерлерін тазалық жұмыстарын жасауға, белсенді қатысуға шақырамыз, – деп үндеу жасады Зайсан аудан әкімдігі тұрғындарға.

Иә, осылай өзге аудандар да экологиялық акцияға белсене кірісіп, әртүрлі марапаттау критерийлерін жариялап жатыр. Жеріміз таза болса, деніміз де сау болмақ. Сондықтан да тазалық акциясына әр тұрғынның белсене атсалысқаны абзал.

 

Осы айдарда

Back to top button