Қоғам

Экологиялық апаттың болуына жол бермеді

Ұзақ жылдар Семей тұрғындарының басын ауыртып, балтырын сыздатқан мәселе шешімін тапты. Биыл апаттық жағдайда болған кәріз дюкерін қайта қалпына келтіру жұмыстары соңына жетті.

Тихомир ағысы аумағында орналасқан төменгі дюкердің апатты жағдайы он бес жылдан астам уақыт бойы жанға батып келген болатын. Туберкулез диспансері, жедел жәрдем ауруханасы, Энергетик кентіндегі тұрғын үйлер, Солтүстік өндірістік торап пен 35-ші квартал аудандарын кәріз суларынан тазартып отырған дюкердің апаттық жағдайын  ескерген  жергілікті тұрғындар оны «уақыт бомбасы» деп атап кеткен болатын. Шынымен де ескірген кәріз дюкерінің жарылуы үлкен экологиялық апатқа айналып, арам су Ертіске құйылып, өзенді ластап жатыр.

Құбыр 1990 жылы салынған. Шақырымға таяу құбырдың 330 метр  бөлігінің Ертіс өзеніне жақын төселуі ел арасында үрей тудырды. Себебі төселген темір құбырлар мәңгілік емес, ерте ме, кеш пе тот басады, ауыстыруды қажет етеді. Шынында солай болды. Он  жыл өткеннен кейін экологиялық проблеманың алғашқы белгілері біліне бастады. 1996 жылы жүргізілген суасты зерттеуі кезінде дюкер желілерін Ертіс түбіне тас төсеу арқылы бекіту керектігі анықталды. Жөндеу жүргізілгенімен 2000 жылға қарай дюкер астында ойық қайта пайда болды. Оны бетон қоспасы бар қаптармен нығыздап жабуға тырысты. Бірақ бұл көмектеспеді.

2002 жылы дюкердің техникалық жағдайына зерттеу жүргізген «ПодводСтройСервис» ЖШС-нің сүңгуірлері құбырдың төменгі желісі астында ойықтың қайта пайда болғанын анықтады. Міне, нақты сол кезден дюкердің апатты жағдайда екендігі мойындалып, оның жарылып кетуіне жол бермеу үшін күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі туралы айтыла бастады. Алайда 2005 жылы ғана Семей бюджетінен техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге қаражат табылды. Техникалық-экономикалық негіздеме негізінде жасалған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге үш жыл уақыт жұмсалды. Сол уақыттағы есептеулерге сенсек, дюкерді қайта қалпына келтіруге 548 миллион теңгеден астам қаражат қажет болды. Қаражат табылмады. Уақыт өте берді. Жағдай одан әрі ушыға берді.  Ресми деректер бойынша соңғы сараптамалық зерттеу 2011 жылдың тамыз айында жүргізілген. Сол уақыттың өзінде сарапшылар оның техникалық жағдайын өте қауіпті деп бағалады. Сонымен қатар сүңгуірлер соңғы жылдары төменгі құбырдың ашық учаскесінің ұзындығы едәуір ұлғайа түскенін айтты.

Дюкерді жөндеу бойынша әзірленген алғашқы жобалық-сметалық құжаттама маңызын жоғалтты. Қаражаттың болмауына байланысты жұмыс жыл сайын кейінге шегеріле берді. Ал құрылыс материалдарының құны қымбаттай түсті. Апатты жағдайдағы кәріз дюкерін толықтай қайта қалпына келтіру қажеттігі күн санап арта берді. Ертіс түбінің шайылып, құбырдың тереңге бата түсуі кез келген уақытта жарылып кету қаупін арттырды. Жергілікті атқарушы билік  ұзақ жылдар бойы жанға батып келе жатқан мәселені түпкілікті шешуге тырысып та көрді. 2018 жылғы қыркүйекте Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына қаржыландыру туралы өтінім берді. Сұраным облыстық деңгейде құпталып, өткен жылы құбырдың бір желісін қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Ал биыл жоба толық аяқталды.

– Құбырдың Ертіс өзені арқылы өтетін екі желісі ауыстырылды. Ескі құбыр толығымен монтаждалып, жаңа шұңқырлар дайындалды. Жұмыс Ертіс өзенінің оң жағалауында, арал бөлігінде және тікелей өзен арнасында жүргізілді. Жұмыстың ең қиын бөлігі  өзен арнасында болды. Себебі ағыс өте қатты еді. Дегенмен біз шешімін тауып, барлық жұмысты аяқтадық. Сондай-ақ рельеф қалпына келтірілді, екі жағалауда  қорғаныс бөгеттері жасалды, сол жағалау нығайтылды. Кеме қатынастары үшін белгілер орнатылды. Диаметрі 720 миллиметрлік болат құбырлар екі қабат қорғаныс материалмен оралды. Дюкердің өткізу қабілеті 50 мың адамды қамтамасыз етуге артып, келісімшарт бойынша 2 жыл кепілдеме берілді. Ал тұтастай алғанда бұл нысан 25 жыл тұрақты жұмыс істейді, – дейді  «Промстройавтоматика» өкілі Дмитрий Козырев.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаевтың айтуынша, дюкердің тек қала үшін ғана емес, сонымен қатар көршілес елдер үшін де маңызы зор көрінеді.

– 2017 жылы осы жұмыс үшін 1 270 млн. теңге бөлінген. Өздеріңіз білетіндей, бұл жобаның Қазақстан үшін де, шекаралас республикалар үшін де маңызы зор. Жұмыс барысында проблемалық сәттер де болды. Атап айтқанда, желілерді тарту кезінде қиындық болды. Бірақ біз мәселенің оңтайлы шешімін таптық. Мысалы, салынып жатқан жерде саяжайлар орналасқандықтан оннан астам саяжайды бұзу қажеттігі туындады. Алайда біз техникалық шешім қабылдап, барлық проблеманы шештік, – дейді Амантай Өтелбаев.

Бүгінгі күні мердігер мекеме дюкер жұмысының жауапкершілігін өзіне алды және ақау болған жағдайда оны дереу жөндеумен айналысады. Нысан «Семейводоканал» МҚК-нің пайдалануына берілді.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button