Екінші компонентін егіп жатыр
Бүгін елімізде медицина қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» екпесінің екінші компонентін сала бастады. Препарат екі компонентті, 21 күн аралықпен енгізіледі. Облыста 1-19 ақпан аралығында барлығы 1300 адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Оларда асқынулар анықталған жоқ. Ревакцинация жүргізу үшін облысқа 1300 доза вакцина жеткізілді (Өскемен қаласында-650, Семей қаласында-650). 22 ақпан күні егу кабинеттеріне бірінші ақпанда вакцина салдырғандар шақырылды.
Облыс орталығындағы №1 емханада алғашқы компонентті жоспарланған 135 адам салғызған болатын. Осы жолы да сонша доза бөлінуге тиіс.
-Бүгін 20 адамға жоспарлаған едік, әзірге сонша доза жеткізілді. Алғаш рет салғызғандардың ішінде екіншісінен бас тартқандар әзірге жоқ. Тек екі қызметкерге медициналық көрсетілімдер бойынша салынбайтын болды. Оның біреуінде артериялық қан қысымы жоғарылап кетсе, екіншісінде өзінің созылмалы дерті – аллергиясы қозған, – деп түсіндірді Гүлнәзи….
Бірақ екпені шығындауға жол берілмейді. Препараттың бір құтысы бес адамға есептелгендіктен, медициналық қарсы көрсетілім шыққан медиктердің орнына басқаларына егіледі.
-Мен бірінші екпеден кейін өзімді жақсы сезінгендіктен, екіншісін алуға келдім. Жаз кезінде өзім де, отбасы мүшелері мен ата-анам да осы індетпен ауырды. Сол себепті мен вакцина алудың қажеттілігін жақсы түсінемін. Екпе сараптамадан өткен, қарсы көрсетілімдері зерттелген, қауіпсіз препарат. Әлеуметтік желілерде тарап жүрген жалған ақпаратқа сенбеу керек. Егер кейін халықтың барлығына екпе салу міндеттелсе, мен отбасымның мүшелеріне еш ойланбастан вакцина салғызар едім. Медициналық қызметкер ретінде айтамын, екпе алу тиімді, – дейді облыстық аурухананың фельдшері Дамир Сарсенбаев.
Екпе салдырған әріптестерінің арасында кері әсері болмағанын көрген басқа медицина мамандары да алдағы уақытта вакцина салғызуға өтініш беріп жатқан көрінеді.
№2 емхананың екпе кабинетінің алдында да екінші қайтара вакцина салғызуға келгендердің қарасы көп.
-Ақпанның бірі мен он тоғызы аралығында біздің кабинетте 245 медикке екпе салынды. Бірінші ақпанда ғана қырық қызметкер індетке қарсы егілген болатын. Сол себепті бүгін де тура сонша адамды күтудеміз. Бірінші екпе мен екіншісінің арасында тура жиырма бір күн болуға тиіс. Денсаулығының нашарлауына байланысты бас тартқандар, не медициналық көрсетілімдер бойынша рұқсат берілмегендер әзірге жоқ. Жаңа ғана бір әріптесімізге вакцина салдық. Ол бүгін операцияға жатпақшы. Соған қарамастан, екінші компоненттің уақытын жіберіп алмас үшін келіп, екпесін алды, – дейді аға медбике Алма Тоқанқызы.
Ардагер медбикенің осы емханадағы жұмыс өтілі 36 жыл. Бар ғұмырын медицинаға арнаған маман бүгінде жастардың тәлімгері, ақылшысы. Оқуын бітіріп келгеніне жарты жыл ғана болған медбике Талшын Мұратқызына білгенін үйретуде.
Екпе салғызғандардың бірі – Дәурен Ақботаұлы, Алтай қаласындағы медициналық колледждің 2019 жылғы түлегі. Еңбек жолын облыс орталығындағы жедел жәрдем стансасының фельдшері ретінде бастаған. Күнделікті қызметі адамдармен тығыз байланысты болғандықтан, алдымен өзін, одан кейін пациенттерін қауіпсіздендіру мақсатында екпе салғызған.
– Алғашқы екпеден кейін аздап дене қызуым көтерілгені болмаса, басқа жанама кері әсерлері білінген жоқ. Жалпы жағдайым жақсы болғандықтан, екінші компонентін салдыруға келдім. Мен жерлестеріме келешекте екпе салғызу мүмкіндігі берілсе, бас тартпаңыздар дегім келеді, – деген тілегін жеткізді Дәурен Ақботаұлы.
– Біз алғашқы екпе жасағандардың қатарында болдық. Менде жанама әсерлер болған жоқ. Температура көтерілмеді. Қазір вакцинаның екінші дозасын алдық. Мұнда ең бастысы – біз өзімізді коронавирус инфекциясынан қорғай алатын моральдық сенімділікті сезінеміз. Семей қаласының перинаталдық орталығы қызметкерлерінің 75%-ы вакцина алды, – деп хабарлады Семей қаласындағы перинаталдық орталықтың директоры Арқат Дайрбеков.
Облыстық Ана мен бала орталығының учаскелік терапевтік қызметінің меңгерушісі Ақбөпе Тұрсынбекованың айтуынша, вакцина алған дәрігерлер алғашқы жолғыдай 38 градустан жоғары температурада бірден хабарлап, аурухана парағын аша алады.
– Менде алғаш рет инъекция орнында бұлшық еттің аздап ауыруы және қызаруы болды. Кейбір қызметкерлердің қызуы көтерілді. Барлық осы белгілер 1-3 күн ішінде басылып қалды. Жалпы дәрігерлердің жағдайы қалыпты. Болашақта барлық әріптестерімізді вакцина алуға шақырамыз, – деп қосты дәрігер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс емханаларында егу кабинеттері барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай дайындалды.
Айна Ескенқызы