Қоғам

Екі облыста бірлескен жұмыс топтары құрылады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскеменде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдап, өңірлерді бөлуді үйлестіретін бірлескен топтар құруды талқылады.

Бұл топтардың мақсаты – өтпелі кезеңді үйлестіру және бұл үшін қолайлы жағдай жасау. Облыс әкімінің бастамасын абайлықтар қолдады. Жаңа облыстың бюджеті әлі айқындалмаған осы кезде тіршілікті қамтамасыз ететін барлық объектілер мен жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуі, сондай-ақ жаңа өңір үшін маңызды барлық жобаларды аяқтау өте маңызды. Даниал Ахметовтің айтуынша, бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы, ол орындалуы қажет.

– Біз аудандарға көмір жеткізуді, Семейдегі Өскемен көшесін жөндеуді, Степное кентіндегі мектеп құрылысын аяқтауды мойнымызға аламыз. Күн сайын барлық басқарма басшыларының есептерін тыңдайтын боламын. Бұл жұмыс – екі өңірдің ынтымақтастығын нығайтуға жасалған тағы бір қадам, – деді Даниал Ахметов.

Екі өңірдің барлық басқармалары салдарсыз бөлінуге жауап бермек. Облыс әкімі білім мен медицина саласына тоқталды. Сондай-ақ жаңа оқу жылының басында Абай облысының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының барлық балалары мектеп формасымен, оқулықтармен, керек-жарақпен қамтылады. Барлық денсаулық сақтау объектілері штаттық режимде жұмысын жалғастырады, инженерлік инфрақұрылымға, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар жұмыс топтары осал тұстарды анықтап, осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін барлық ағымдағы жағдайды егжей-тегжейлі талдайды.

Бүкіл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның қалыпты жұмыс атқаруы маңызды. Екі облыстық топтың басшылары бірнеше күнде барлық объектілердің жүйелі жұмысын қамтамасыз ететін бірлескен жоспар әзірлеуге тиіс.

Абай облысының басшысы кездесуде ұсынылған барша бастамаларды қолдады.

Сондай-ақ екі облыс әкімі «Халифа Алтай» мешітіндегі ислам мәдениеті мұражайында, жаңа теннис орталығында болды.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button