Қоғам

Екі мыңнан астам датчик сатып әперді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Белгілі болғандай, ТЖД мамандарының қатысуымен  өткен рейдтер, түрлі акциялар мен түсіндіру жұмыстары нәтижесінде тұрғын үй секторындағы өрт саны 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 15 пайызға азайған.

– Адам өлімі де 36 пайызға кеміді. Тағы бір атап өтерлік жайт, ағымдағы жылы өрт кезінде балалар өліміне жол берілген жоқ. Ал өрттің негізгі себептеріне келер болсақ, ол әдеттегідей – отты абайсыз қолдану (148 жағдай) және пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау сияқты факторлар (94 жағдай) болды, – деп атап өтті Нұржан Өміржанов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыста халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына кіретін азаматтар тұрып жатқан, пешпен жылытылатын 3 174 үй бар екен. Бүгінге дейін департамент мамандары жергілікті атқарушы билік органдары өкілдерімен бірлесіп, бұл үйлерді түгелдей аралап, тексеріп шығыпты. Осындай жұмыстың нәтижесінде 2 357 заңбұзушылық анықталған.

Сондай-ақ облыста жеке тұрғын үй секторын аралау жұмыстары да қызып тұр. Қазірдің өзінде үш мыңға жуық үй тексеріліп, көптеген өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі анықталған.

«Казцинк»  ЖШС-мен жасалған меморандумға сай, аталған компания 2 140 улы газ датчигімен қамтамасыз етті. Дәл осындай датчиктердің 200-ін Катонқарағай ауданының әкімдігі де сатып әперді. Барлық датчик қалалар мен аудандарға үлестірілді. Суық  түскенге дейін олар орнатылып қоюы тиіс», – деп хабарлайды ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Осы ретте, аталған датчиктер әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын адамдардың үйлеріне орнатылатынын айту керек.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button