
Жазушы Қалихан Ысқақ: «Ашаршылықтан қырылған қазақ саяси қуғын-сүргін құрбандарына неге енбей қалды? Мұны біз әлі де ашып айта алмай жүргеніміздің себебі, күні бүгінге дейін орыстарға бас шұлғып отырмыз.
1918 жылдан 1920 жылдың қаңтарына дейін 2 миллион көшпелі халық аштықтан қырылды. Ол туралы біз тіс жармадық. Түркістан Компартиясының бесінші конференциясында Тұрар Рысқұлов осы мәселе жөнінде баяндама жасады. Өйткені, ол аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның төрағасы болатын. Ол осы шындықты айтқаны үшін де атылып кетті. Кейінгі 1930 жылдардың басындағы аштық туралы жай ғана айтып жүрміз. Ол туралы ешқандай ресми құжат қабылданған жоқ. Украина болса, орыстарға жалтақтамай, халқының басынан кешкен қасіретінің барлығын ашық айтты. 1931-32 жылдары басқалардан гөрі біздегі аштық әдейі жасалған еді.
Біздің малымызды сыпырып алып, траншея қазып, қырып салды. Одан кейін колхоздастыру науқаны басталып, қазақтың бәрін бір жерге жинай бастады. Ол жерде не үй жоқ, не қора-қопсы жоқ. Киіз үй тігіп отырды. Бүгін қуалап алып келген жұрт ертеңіне жоқ болды. Қытай көшті, Моңғолия көшті, Ресейдің Алтай аймақтарына кетті. Үдере көшкен елдің бетін қайтару үшін, енді олардың көлігі болған жылқыны қырып тастау керек болды. Сөйтіп, қазақ жылқысынан да айырылды. Ең негізгісі, сол кезде патша өкіметі: “Қазақтар қайда кетсе, онда кетсін, қайтарып алудың керегі жоқ”, – деген жасырын бұйрық шығарды. Совет өкіметінің кезінде мұндай бұйрық: “Ешқайда жібермеңдер, қайтарып алудың да қажеті жоқ”, – дегенге ауысты. Содан кейін асу-асудың ар жағына да, бер жағына да пулемет қойып, шатқалдың екі жағындағы орманға өрт қойып ары қашқанды да, бері қашқанды да қырды. Себеп – ол кезде “Лига наций” жұмыс істей бастаған. Олардың “Ресей қазақтарды жерінен қуып жатыр” деп шу шығаруынан тіксініп, не ары жібермей, не бері қайтарып алмай, халықты қырды. Бір ғана Жетісу өңірінен 300 мың түтін кеткен. Соның 40 мыңы ғана қайтып келді. Оның өзінде Совет өкіметі ата қоныстарын бермей, ол жерлерге переселендерді отырғызып қойған. “Барлық халық тең құқылы” дегенді алға тартып міз бақпаған. Сөйтіп, өзінің қонысына өзі ие бола алмаған жұрттың қашқаны да, қалғаны да көп қырылған…»
Дайындаған – Алтай Ғали-Асқар