Екі мәрте «Даңқ» орденін кеудесіне тақты

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс…» деп Қасым ақын жырлағандай, адамзат тарихындағы жойқын соғыстың Жеңіспен аяқталғанына биыл 77 жыл. Аз уақыт емес. Бомбалар түскен окоптарға гүл өсіп, көзден аққан жас тамшылары әлдеқашан кеуіп кетсе де, соғыс салған жан жарасы жазылар емес. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, себебі соғыстың аты соғыс.
Соғыс зұлматы алыстап, жыл өткен сайын оның зардабын тартып, қиыншылығын басынан өткерген аға ұрпақтың өкілдері – соғыс ардагерлерінің де, соғыс балалары саналатын тыл ардагерлерінің де қатары сиреп барады. Сын сағатта суырылып алға шығып, елін қорғауға аттанған ерлердің қатарында ауылдасымыз, соғыс ардагері Әбілхан Дүйсежанов та болды.
Сегіз танкімен бетпе-бет айқасты
Қан майданда Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгер 1909 жылы округтегі Қуаныш ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда Рожков (қазіргі Біржан) ауылында еңбек етіп жүрген Әбілхан ата ауылдағы ер-азаматтар сияқты ел қорғауға аттанып, Белоруссия жерінде майданға кіреді. Сұрапыл соғыста неміс басқыншыларына қарсы шабуылға шыққан топтың арасында болған жас жауынгер талай зұлмат сәттерді басынан өткізіп, қайсарлық пен батылдығының арқасында ерлікке толы қадамдардың бастаушысы бола білді. Алапат соғыста әлденеше рет жараланған. Қиян-кескі ұрыста ерлік көрсетіп, III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Ұрыста алғы шептен көрініп, жаудың бірнеше танкісін қиратқан ерлігі үшін II дәрежелі «Даңқ» орденін кеудесіне тағады. Кескілескен жорық жолдары, соның ішінде жаудың сегіз танкісімен бетпе-бет келген айқасы, оның осынау ерлікке толы майдан жолдарын әйгілейді.
Атамыз 1944 жылы аяғынан ауыр жараланып, елге оралады. Ауылына келіп бір жыл емделіп, қайта соғысқа барамын деп жатқанда, Жеңістің қуанышты лебі есіп, 9 мамыр – Жеңіс күнін отбасымен туған ауылында қарсы алды.
Еңбек майданында да ерлік көрсетті
Оқ пен оттың ортасынан аман оралғаннан кейін сол кездегі замандастарымен иық тіресе еңбек майданына кірісті. Бейбіт өмірде шаруашылық жұмыстарына араласып, мал бақты. Соғыс жылдарында әлсіреген шаруашылықты озаттар қатарына шығаруға көп еңбек сіңірді. Алдымен бақташы таяғын, соңынан жылқышының құрығын қолына ұстады. Мұнда да абыройсыз болған жоқ. Қоғам малын аман сақтап, ел құрметіне бөленді. Еңбегінің нәтижесін көріп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Соғыста алған жарақатына қарамастан, құрметті демалысқа шыққанға дейін мал шаруашылығын өркендету жолында абыроймен еңбек етті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпақ қызығын көріп, бақытты өмір сүрді. Ұрпақтары, ауылдастары үшін Әбілхан ата – кешегінің батыры, ауылымыздан соғыс шебіне аттанған ержүрек жауынгер. Майданда да, еңбекте де ерлік көрсеткен, еліне қалтқысыз қызмет еткен жан. Соғыс зардабын аз тартпаған қария көп қиындықтарды бастан өткерсе де, ұзақ жасап, 1998 жылы 89 жасында мәңгілік сапарына аттанды. Ардагердің ерлігі кейінгі толқындарға үлгі болмақ. Ер есімі – ел есінде.
Майдангердің саябағы жайқалып тұр
Біржан ауылында батыр атамызды кейінгі ұрпақ мәңгі есінде қалдыру үшін орталық көшенің біріне аты берілген. Біржандықтар ауыл ортасына жайқалтып бақ өсіріп, оны ардагердің құрметіне атады. Саябақтың сырты заман талабына сай әдеміленіп, қоршалып, баққа әртүрлі ағаштар, гүлдер егілді. Бүгінде жайқалып өсіп, ауылға көрік беріп тұр.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы шығар. Ұрпақтары әрдайым аталарын мақтаныш етеді. Аталарының атындағы көшені көркейтуге аянбай тер төгуде. Келіні Бақтигүл Шалбарбаева баққа гүл егіп, жайқалтып өсіруді жыл сайын дәстүрге айналдырды.
Саябақтың кіреберісіне ардагердің ұрпақтары ескерткіш тақта орнатты. Ауылдық округ әкімінің бастамасымен саябақ ішіне адамдар демалатын орын, мәдени іс-шаралар өтетін, концерт тамашалайтын сахна орнатылды. Майдангердің саябағы алдағы уақытта бұдан да көркейе түспек.
Отан қорғау жолында күрескен батырлардың есімі жадымызда мәңгі сақтаулы, тарих беттерінде қаттаулы болмақ. Жеңіс құнының қаншалықты қымбатқа түскенін ұмытпау, қаза тапқандарды еске алу, ардагерлер мен тыл ардагерлеріне үнемі қамқорлық көрсету – біздің парызымыз. Соғыс және тыл ардагерлерінің өнегелі өмір жолдары батырлық пен рух табандылығының, жауынгерлік және еңбек ерлігінің ғасырлық дәстүрлерінің көрінісі ретінде ұрпақтар есінде мәңгі қалады.
Нұргүл Медеубаева, кітапханашы
Біржан ауылы, Зайсан ауданы.