СпортТОП

Екі жыл күттірген жеңіс

Соңғы рет Галышева халықаралық жарыста 2019 жылдың 2 наурызында топ жарған.

2018 жылғы Ақ Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева АҚШ-тың Дир-Вэлли тау шаңғы курортында фристайлдың могул түрінен өткен FIS Open халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды.

Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша 81,63 ұпай жинаған жерлесіміз күміс және қола медаль еншілеген АҚШ-тың қос өкілі Эвиталь Кэррол (79,69 ұпай) мен Элизабет Лэмлидің (77,76 ұпай) алдын орады.

Айта кетейік, бұл – Юлия үшін биылғы маусымдағы алғашқы жүлде. Бұған дейін Әлем кубогы үшін жарыстың бес кезеңінде бақ сынап үлгерген ол аталған сайыстардың бірде-бірінде үздіктер қатарынан көріне алмады. Еске салайық, осыдан бірер күн бұрын дәл осы Дир-Вэлли бөктерінде жаһандық доданың төртінші және бесінші кезеңдері ұйымдастырылған-ды. Бұл жарыстарды өскемендік фристайлшы жүлдеге қол созым жерде аяқтауға мәжбүр болды. Алдымен жекелей сында бесінші нәтиже көрсеткен ол артынша параллельді могул сайысында төртінші орында қалып қойды.

Тағы бір айта кетер жайт, соңғы рет Галышева халықаралық жарыста 2019 жылдың 2 наурызында топ жарған екен. Дәл сол кезде Алматының Шымбұлағында Әлем кубогының кезеңі өткен болатын. Демек, жерлесіміз осындай ірі додаларда жеңіске жетпегелі екі жылға таяп қалыпты.

Америка жеріндегі турнирге Галышевадан бөлек тағы екі аруымыз қатысқанын айту керек. Олар – жарыс қорытындысы бойынша 15-ші орынға табан тіреген Аяулым Әміренова мен сайысты 41-ші болып аяқтаған Анастасия Городко болды.

Ал ерлер арасындағы жүлделі орындарды АҚШ спортшылары бөліп алды. Атап айтсақ, бірінші орынға Джоэль Хедрик ие болса, екінші орынға Коул Макдональд көтерілді. Ал үздік үштікті Алекс Льюис түйіндеді. Бұл сында ел намысын қорғаған жерлестеріміз Павел Колмаков, Сергей Романов пен Антон Бондарев сәйкесінше 8, 15 және 20-шы орындарға жайғасты.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button