Екі жүз адамға дастархан жайды
Қасиетті Рамазан айында Ақсуатта жүз және Ақжар ауылында жүз адамға ауызашар берілді.
Ақсуат төріндегі салиқалы жиынға ұйытқы болған – Қайнар Дүйсен есімді азамат. Ауызашарға ауылдың ораза тұтқан үлкен-кішісі тұтас шақырылған екен. Осы игі істің басы-қасында жүрген белгілі айтыскер, Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров Ақсуат өнер мектебіне бес домбыраны сыйға тартты.
Сондай-ақ ақсуаттықтарға құрылыс жүріп жатқан медресенің жоба-жоспары таныстырылғанын айта кеткен жөн.
Келесі күні Ақжар ауылына ат басын бұрған азаматтар жаңа медреседегі балаларымен кездесіп, оларға кітап сыйлады. Ал Ақжар саз мектебінің шәкірттеріне Абай қорының атынан бес домбыра сыйға тартылды. Кешкісін Аслан Ғафуров пен медресені салған Дарын Шалғынбаев есімді кәсіпкер азамат бірлесіп ауызашар берді.
– Ауылдың ақсақалдарынан бастап, ауыз бекіткен жастарына дейін шақырылды. Әртүрлі саланың өкілдері – жалпы саны жүз адам бас қосты. Қасиетті Рамазан айында ел-жұртпен қауышып, үлкендердің батасын алып қайтқанымызға қуаныштымыз, – дейді А.Ғафуров.
Сәрсен Қабылым