Қоғам

Екі жарым жылға сотталды

Риддерде 31 тұрғын үй мен 276 гектар орманның өртенуіне кінәлі деп танылған азамат екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ айыпталушыдан жалпы сомасы 125 378 367 теңгенің залалы өндірілмек.

Естеріңізге салайық, тура бір жыл бұрын Риддерде алапат орман өрті болып,  қалада төтенше жағдай жарияланған-ды. Отқа оранған аумақтың жалпы ауданы 276,4 гектарды, материалдық шығыны 252 472 463 теңгені құраған. Өрт салдарынан 31 тұрғын үй өртеніп, 37 шаруашылық құрылысы, алты автокөлік пен өзге де мүлік өртенген болатын. Бұған қоса, тілсіз жау екі адамның өмірін қиған.

– Қалалық сот 1986 жылы туған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады. Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі және 104-бабының 2-бөлігіне сәйкес, күдікті кінәлі деп танылды. Сот бірнеше жайтты ескере отырып, сотталушыға екі жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот үкіміне сәйкес, айыпталушы жалпы сомасы 125 378 367 теңгенің залалын өндіруі тиіс, – делінген облыстық соттың хабарламасында.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button