ТОП

Екі жәрдемақы кімдерге тағайындалады?

 Отбасында мүмкіндігі шектеулі сәби өмірге келген сәттен бастап ата-анасы ерекше баланың қиындықтары мен оған  мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен жеңілдіктерге тәуелді болып қалады. Өткен жылдың қазан айынан бастап заңнамаларға енгізілген өзгертулердің нәтижесінде енді мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың қаржылық жағдайы аздап болсын жақсарады. Олар енді бір мезгілде екі жәрдемақы ала алады.

Өзгерістер «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу  жағдайы бойынша берілетін  мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы»  Заңына 2021 жылдың 12 қазанында енгізілген.

– Бұрын өзі мүмкіндігі шектеулі әрі асыраушасынан айырылған тұлғаларға осы екі мемлекеттік жәрдемақының біреуі ғана тағайындалатын. Тұрғындар қай жәрдемақының мөлшері көп, соны таңдайтын. Енді ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасында ата-аналардың біреуі қайтыс болса, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақыны да ала алады, – дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау  және көші-қон комитеті облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Жанна Самұратова.

Бұл жерде оқырманға түсінікті болу үшін айта кету керек, Заңдағы өзгерістерге сәйкес,  екі жәрдемақы  18 жастан асқан бала кезден мүгедек тұлғалар мен 7-18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға  тағайындалады.  Жаңа нормаларға сәйкес, күтімі бойынша арнайы жәрдемақы тек бірінші топтағы мүгедектерге ғана, мүгедектігінің себебіне қарамастан беріледі.

Оңалту орталығына барып көрмеген

Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны 46 жастағы Мереке Жолкенов бала кезінен мүгедек. Балалардың сал ауруымен туған оған оған бірінші топтағы мүгедектік тағайындалған. 2004 жылы анасы қайтыс болғаннан кейін әкесі екеуі ғана тұрып жатады. Биыл әкесі де бақилық болыпты. Енді Мерекені үлкен әпкесі өз қамқорлығына алған.

– Тұрмысқа шыққанымша бауырыма өзім қарап, кішкене күнінен анама  бағып-қағуға көмектестім. Ақыл-есінде аздап ауытқушылық болғанымен, қоғамға зиянсыз. Жазып-сызуды, оқуды үйреткенімізбен, нәтиже шықпады. Онға дейін аздап санай біледі. Сөздерді қосып сөйлей алмайды. Айтқанымызды еріндеріміздің қимылына қарап түсінеді. Соңғы жылдары құлағы да нашар естиді, буындары қақсайды. Тістері де емдеуді қажет етеді. Бізге, әсіресе, стоматолог дәрігерге бару мұң. Инеден қорқады, талып қалады, – деп бауырының жағдайынан хабардар етті әпкесі Жанар Қабылқызы.

Бауыры бала кезден мүгедек болғанымен, осы уақытқа дейін оны дәрігерлердің іздегенін не қандай да бір оңалту орталығына емделуге шақырғанын естімепті. Бала кезінде, сегіз-тоғыз жасында болса керек, анасының Алматы қаласындағы Ақсайдағы оңалту орталығына бір апарғаны ғана есінде қалыпты. Ине салдырудан қорқатындықтан  Мереке системамен, инемен дәрі жіберу сияқты ем-дом алып көрмепті, тек таблетка түріндегі дәрілермен ғана емделеді.

– Бұл кісінің бірінші топтағы мүгедек ретінде алатын жәрдемақысы 69 155 теңге. Бүгінде анасы да, әкесі де қайтыс болған, тұлдыр жетім.  Екі асыраушысынан да айырылған тұлға ретінде енді оған  40 477 теңге жәрдемақы тағайындалады. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, бір уақытта осы екі жәрдемақыны да ала алады.  Бұдан басқа, бұл кісі өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтындықтан,  үлкен әпкесі оның қамқоршысы, күтушісі болып бекітілді. Қамқоршысына күткені үшін 50 426 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді, – деп түсіндірді  департаменттің бөлім меңгерушісі Жанна Самұратова.

Жанар Қабылқызы жәрдемақыларға құжаттарды рәсімдеп, өткізгенін айтады.

–Құжаттарды өткіздім, тағайындалды деген жауап келді. Бауырыма асыраушысынан айырылғанына байланысты тағайындалған  қосымша жәрдемақы бірталай көмек дер едім. Таблеткалары мен дәрумендеріне қаншама қаражат кетеді! Құлағына есту аппараты қажет. Ертеректе біреуін берген, бірақ ол өте сапасыз болып шықты. Шиқылдап, басын ауыртқан соң, тақпай қойды. Мемлекеттен есту аппаратын тегін алу үшін бауырыма жеке оңалту бағдарламасын жасатуым керек екен. Ол  үшін тағы да жүгіру керек, оған менің уақытым жоқ, өзім жұмыс істеймін, – деп жалғастырды әпкесі.

Жанар Қабылқызы мемлекеттік қызметші, жолдасы, екі баласы бар. Үлкен ұлы отбасын құрып, бөлек шыққан екен. Үш бөлмелі пәтерде жолдасы, кенже баласы және бауырымен тұрып жатыр.

Қазіргі медицинада науқастарды сауықтыруға, оңалту шараларына басымдық берілген. Өскемен қаласында екі бірдей оңалту орталығы жұмыс істейді. Біреуі – республикалық, екіншісі Кореяның жеке клиникасы. Соңғысы тірек-қимыл аппараттары бұзылған  және инсульт алған шығысқазақстандық науқастарға медициналық сақтандыру жүйесінде мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін қызмет көрсетеді. Өкініштісі, науқастарды қойып, емханадағы дәрігерлердің өздері осындай оңалту орталықтары бар екенінен, ол жерге мұқтаж жандарды емдеуге жіберуге болатынынан хабарсыз. Әрине, бала кезден мүгедек жандар құлантаза жазылып кетпес, бірақ денсаулықтарын аздап болсын түзеуге, оңалуға барлық жағдайлар жасалған. Алдағы уақытта жергілік дәрігерлер осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланады деп сенеміз.

Қайырымды жандардан көмек күтеді

 Біз хабарласқан тағы бір өскемендік отбасының  қыздары – Әсем Райысова  да  бала кезден мүгедек, туғанынан есту қабілетінің кемістігі бар, сөйлей алмайды. Анасы Фаина Мұхаметкәрімқызы баласы іштен  денсаулығындағы кемістікпен туғанына қарамастан, өте қабілетті әрі еңбекқор болғанын айтады.  Ақыл-есі дұрыс қызы кішкентайынан қол еңбегіне әуес болып өсіпті.

– Алтай қаласындағы арнайы мектеп-интернатта оқыды, кейін оқу-өндірістік комбинатта жұмыс істеді. Қолының ебі бар, қабілеті жоғары қызыма жұмыс орны Алматы қаласындағы сервистік колледжге жолдама беріп, оны модельер-дизайнер мамандығы бойынша тәмамдап шыққан еді. Алайда уақыт өте келе  қызымның көз жанары күрт нашарлап, көрмей қалды, қазір бірінші топтағы зағип. Жанары солған қызым жұмыс істегенді қойып, енді өзіне-өзі қызмет те көрсете алмайды. Мен оның қамқоршысы болып саналамын. Өзіне де, екі немереме де өзім қарап отырмын, – дейді анасы.

Әсем денсаулығындағы кемістікке қарамастан,  жас кезінде өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жігітпен көңіл жарастырып, тұрмыс та құрған екен. Екі баласы бар. Қызылордалық азаматпен алдымен  күйеуінің елінде, кейін Катонқарағайда тұрыпты. Біртіндеп өзінің көз жанары сөне бастаған  соң, жолдасы да шығыстың суығына шыдамай, аяқ-қолдарының буындары сырқырап,  еліне қайтып кетеді. Қазір қырық үш жастағы Әсем екі баласымен туысқандарының пәтерінде тұрып жатыр. Үлкен ұлы тоғызыншы сыныпта оқыса, қызы бес жаста. Әсемнен басқа үш баласы бар анасы – Фаина апай көрші үйде, екі бөлмелі пәтерде тұрады. Фаина апайдың жолдасы осыдан алты жыл бұрын қайтыс болыпты. Заңға өзгерту енгізілгеннен кейін, қызына мүгедектігіне және асыраушысынан айырылғанына байланысты екі жәрдемақыға өтініш бере алатыны туралы хабарлама келген. Жуықта құжаттарын рәсімдепті, енді бұл отбасы да жауабын күтіп отыр.  Әсем Раисова бірінші топтағы мүгедек ретінде 69 155 теңге жәрдемақы алады, енді  асыраушысының біреуінен айырылғаны үшін  қосымша  30 976 теңге жәрдемақы тағайындалуға тиіс.

– Қазір қызыма да, немерелерім мен өз балаларыма да қарап отырмын. Әсемнің өз баспанасы жоқ, туысымыздың пәтерінде тұрып жүр. Ең қиыны – көз жанарынан айырылғаны болып тұр.  Әйтеуір балалары дүниеге дендері сау болып келді. Соған да шүкіршілік деймін.  Өзім 119 мың теңге зейнетақы аламын.  Қызымның  күтімі үшін  қамқоршысы ретінде 50 мың теңгенің үстінде  арнайы жәрдемақы тағайындалған. Қызыма асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін екінші жәрдемақы біз үшін көп-көрім сеп. Дегенмен қызым екеуіміздің барлық жәрдемақыларымызды, менің зейнетақымды қосқанның өзінде қажеттіліктерімізді толық өтеуге жетпейді, – деп күрсінді анасы.

2004 жылы Әсемнің  көзі енді сыр бере бастағанда  бір көзіне отаны  Ресейде квотамен тегін жасатқан екен. Сол кезде екінші көзіне дәрумендер жазып берген, әлі күнге соларды сатып алып, ішеді. Өте қымбат, пайдасы да көп емес қазір. Әсемнің үлкен ұлы колледжге дайындалып жүр, қызы миниорталыққа барған, енді қыркүйекте дайындық сыныбына баруға тиіс.

Фаина апай балалардың әкелерінен бір тиын да алимент алмайтындарын айтады. Оның өзі жарымжан, екінші отбасын құрыпты деп естіпті. Қазіргі басты мақсаты – Әсемнің екінші көзіне ота жасатсам дейді. Бұл жолы да Ресейдің мамандары көмектесуге дайын екен, тек енді қаражат керек.

– «Аманат» партиясынан көмек сұрасам ба?  –  дейді амалы таусылған ана.

Мүмкін қайырымды жандардың шапағаты тиер деп те үміттенеді Фаина апай.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button