Қоғам

Екейбай Қашағановқа ескерткіш тақта орнатылды

Екейбай Қашағановқа  ескерткіш тақта орнатылды

Қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Екейбай Қашағановқа арналған ескерткіш тақта М.Шәйжүнісов, 129 көшесіндегі мекенжайға орнатылды.

Екейбай Қашағановқа  ескерткіш тақта орнатылды

Екейбай Қашағанов туралы жиналған қауымға ардагер ақсақалдар Балтабек Ерсәлімов, Мұстафа Ильясов, Қожағұл Тоқабаев кеңінен әңгімелеп берді. Олар өткен ғасырдың 60-70 жылдары Екейбай Қашағановты көздері көріп, оның тамаша еңбек жолдарына куә болған екен. Кеңес үкіметі тұсында Екейбай Қашағанов Қазақстанның дамуына, Семей қаласының іргелі елге айналуына зор үлес қосты деп атап көрсетті қала әкімі Айбек Кәрімов ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында. Екейбай Қашағанов 1920 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Иірсу ауылында туып өсіпті. Н.Крупская атындағы педагогикалық техникумды тәмамдап, Киров орта мектебінде география, тарих, жаратылыстану пәні бойынша ұстаздық қызмет еткеннен кейін Кеңес Армиясының қатарына шақырылады. Қатардағы артиллерист ретінде Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, кейінірек 83-взводтың десант-атқыштар бригадасында командир көмекшісі болды. Ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және тағы да басқа медальдармен марапатталған.

Екейбай Қашағановқа  ескерткіш тақта орнатылды

Соғыстан кейін СОКП Орталық Комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебін аяқтап, партия жұмыстарына ден қояды. Луговое, Шу аудандық партия комитеттерінде бөлім меңгерушісі, Луговое аудандық партия комитетінде екінші, одан кейін бірінші хатшы болған. Тағы да басқа қызметтерді абыроймен атқарған. Осылайша еңбек сатысымен жоғарылап, 1968 жылы Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы болған. Екейбай Қашағановтың өмірі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Оның ел үшін атқарған шаруалары, ауыл шаруашылығын өркендеткендігі, халықты береке-бірлікке ынтымағын бастағаны семейліктердің жадында мәңгілікке сақталып қалды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button