Елдар Оразалин: Әкемнің үйін мемлекет меншігіне тегін бердім
Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттер аз емес. Солардың бірі мәдениет қайраткері Елдар Кәменұлы Оразалин десек еш қателеспейміз. Елдардың өзі – ақын әрі әнші, сазгер әрі суретші. Өткен жылдың қараша айының 13-інде асқаралы 60 жасқа толған Елдар Кәменұлымен сұхбаттасудың сәті жақында ғана түскен болатын.
«Елдар деген есімді нағашы атам қойыпты»
– Елдар Кәменұлы, өткен жылдың соңында мерейлі 60 жасқа толуыңызға орай Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Жүректегі сөзді айтар өлеңім» атты шығармашылық кешіңіз өтті. Сол кезде сұхбат беруге уәде беріп едіңіз. Сәті енді түскендей. Осы орайда өткен өміріңізге 60 жастың биігінен қарап, бір шолу жасасаңыз қайтеді?
– Жалпы, менің туған жерім – Қарауыл ауылы. «Елдар» деп атымды нағашы атам Рақым Күзенбайұлы қойыпты. Ол кісі бір жағы өзімен замандас ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовті қадір тұтса, бір жағы өзінің туған күйеу баласы Кәмен Мұқаңның рухани шәкірті болғандықтан да болар, осы есімге тоқталса керек. Себеп, Мұхтар Әуезовтің Елдар деген ұлы болған, қызы Ләйладан туған Елдар деген жиен немересі тағы бар, мүмкін осы есімдерге орайлас қойған болар бәлкім, әкем де атасы ұсынған есімді құп алса керек. Бертін «Есімдер сыры» атты кітапты парақтап отырсам, «Елдар» деген есім – «елін, Отанын сүйетін отаншыл» деген ұғымды білдіреді екен.
1980 жылы Абай атындағы орта мектепті, 1986 жылы Семейдің педагогикалық институтының көркем-сурет факультетін бітіргеннен кейін өзім білім алған қара шаңырақ – Абай атындағы орта мектепке сызу, сурет және еңбек пәнінің мұғалімі болып орналасып, алғашқы еңбек жолымды бастадым және 1999 жылға дейін он үш жыл ұстаздық қызмет атқардым.
1999 жылдан бастап сол кездегі Абай ауданының әкімі Қонысбай Төлеубековтің тікелей шақыруымен мемлекеттік қызметке келіп, жиырма жыл осы салада табысты еңбек еттім.
Осы жылдар аралығында Абай ауданының мәдениеті мен өнерінің дамуына білімім мен табиғат берген іскерлік, ұйымдастырушылық, дарын-қабілетімнің арқасында айтулы еңбек сіңірдім. Сандаған дүбірлі мерейтойларды өткізудің іс-шара жоспарларын, бағдарламаларын және күн-түн демей сцеранийлерін жазып, үлкен дайындықпен лайықты дәрежеде өтуіне атсалыстым. Бүгінде Кәмен Оразалиннің музей-үйінің меңгерушісі болып қызмет жасаудамын.
Сайып келгенде, 60 жастың биігінен қарап, өткен өміріме көз жіберсем, ел игілігі үшін жасаған ұзақ жылғы жемісті еңбегіме шүкіршілік етемін!
Алғашқы өлеңі қабырға газетінде шықты
– Әке жолын қуып, әдебиетке кішкентай кезіңізден-ақ құмар болыпсыз. Алғашқы шығарған өлеңіңіз есіңізде ме? Қанша жыр жинағының авторысыз?
– 1977 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Абай атындағы орта мектепте, 7 «Б» сыныбының қабырға газеті дайындалатын болып, алғаш рет бір шумақ өлеңім шыққаны бар. Ол кезде өлең шығару, гитарада ойнау, ән айту деген он төрт, он бестегі бозбала біздер үшін сыныптастар алдында, тіпті, қыздардың мерекесінде үлкен мәртебе болатын.
Алғаш сол кезде:
«Қыздар, қыздар, 8-інші март бүгін!
Қабылдаңдар, ұлдардың сый – бақ гүлін!
Кластастар, қызықтайық мейрамды,
Көктем жылда сыйлай берсін шаттығын!» – деп, бір шумақ өлеңім қабырға газетіне шыққаны бар.
Жазған өлеңдерім әр жылдары аудандық, қалалық және облыстық газет беттерінде бірден, екіден жариялана бастаған болатын.
1998 жылы 23 қараша күні республикаға тарайтын «Семей таңы» газеті «Оқырман творчествосы» айдарымен біраз жырларымды жариялағаны есімде.
Бүгінде өлеңдерім мен әндер жинағым топтастырылған «Уақыт жемісі» атты кітаптың және «Шыңғыстау» атты жыр жинағының авторымын.
«Уақыт жемісі» атты тұңғыш кітабым 2013 жылы Шығыс Қазақстан Өнер музейінің демеушілігімен жарық көрді.
«Жүректегі сөзді айтар өлеңім» атты кітабым әзірге «уақыт кезегін күтіп», баспаға дайын тұр. Келер жылы өз оқырманына жол тартады деген ойдамын.
«13 жыл үлесімді қостым»
– Мектепте қызмет істеп жүрген кезіңізде мектеп жанынан шығатын «Абай ұрпақтары» атты қолжазба журналының көркемдік жетекшісі болғаныңызды да білеміз…
– 1986-1999 жылдары аралығында Ұлы Абайдың туғанына 95 жыл толуына орай М.Әуезовтің ақыл-кеңесімен 1939 жылдан бастап Абай ауданы, Абай орта мектебі жанынан үзбей шығып келе жатқан, оқушы-жастар шығармашылығын дамытуға арналған тарихи басылымның бірі «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының көркемдік жетекшісі болдым. Журналдың көркем де мәнді болып үзіліссіз шығуына он үш жыл қоғамдық негізде өз үлесімді қостым.
– Ертіс өңірі композиторлар одағының мүшесі екенсіз…
– 1980 жылы «Өмір» атты алғашқы әнім дүниеге келді. 1991 жылы 3 шілдеде Қазақстан Композиторлар одағының Ертіс өңірі бөлімшесінде менің «Арман», «Өмір», «Ескерткіш», «Бір өзіңе» атты әндеріме тыңдау болып, тыңдаудан кейін Ертіс өңірі Композиторлар одағының төрағасы О.Жанияровтың «Елдар Оразалиннің әндерінен музыка тілінің өзгеше жаңашылдығы мен әуезділігін табуға болады» деп арнайы пікір жазып бергені есімде.
1994 жылы «Өмір», «Бір өзіңе» атты әндерім, 1996 жылы «Атамекен», 1997 жылы «Ұлылыққа тағзым» атты әндерім нотасымен республикалық «Қазақстан мектебі» журналында басылып шықты. 1996 жылы Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында осы әндерім алғаш орындалып, қала жұртшылығы алдында тұсауы кесілді.
2004 жылы Ертіс өңірі Композиторлар одағының мүшелігіне қабылдандым. Жалпы, бүгінге дейін отызға тарта әндерім бар. Негізінен шығармаларымның әні мен сөзін өзім жазамын.
Сурет өнері нағашыларынан дарыпты
– Шығыс жұрты сізді кәсіби суретші ретінде де жақсы біледі…
– 1945 жылы Алматыдан қазақтың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеев Абай еліне келіп, Құндыздыдағы біздің үйде қонақ болып, дастарханнан дәм татқан екен. Сол уақытта түскен тарихи сурет бүгінде үйімізде сақтаулы тұр және тарихи маңызы жылдан-жылға артып отыр. Ырым тұрғысынан алғанда ойлап қарасам, шаңырағымызға суретшілік өнердің «құты да қонған болар» деген ішкі ой түйсігіндегі тәтті жорамалдар да жоқ емес.
Дегенмен сурет өнері менің нағашы жұртымнан келді ғой деп ойлаймын. Себебі нағашы атам Рақым Күзенбайұлы, анам Лиза Рақымқызы да тәп-тәуір сурет салатын. Әсіресе үйіміздің ішкі қабырғасына анамның майлы бояумен әдемілеп табиғат көріністерін, оның аясында жұбымен жайылып жүрген еліктер мен көлде жүзіп жүрген аққуларды салғанда біз балалар таң-тамаша болатынбыз. Және апа-қарындастарым бар, бәріміз бір-бір парақ қағазды алып ап, анамыздың салған суреттерін жарыса көшіріп салуға тырысатынбыз. Анамның туған бауыры Риза нағашымыз да дарыны мен қабілеті жоғары кәсіби суретші болды. Жалпы, жоғарыда айтқандай сурет салуға құштарлығым бала күнімнен басталды.
2014 жылы Абайдың 170 жылдығы қарсаңына орай Шығыс Қазақстан Өнер музейінің ұйымдастыруымен өткізілген «Абайды танып, біл!» атты облыстық суретшілер байқауына қатысып, сертификат пен «Алғыс хатқа» ие болдым. Бейнелеу өнерінің басты саласының бірі – пейзаж жанрында кенепке майлы бояумен салынған «Сырт Қасқабұлақ – ұлы Абайдың туған жері» атты картинам Шығыс Қазақстан Өнер музейінің құнды жәдігерлер қорына алынды.
– Көп жылдар мәдениет саласында жүрген азаматсыз. Айтыңызшы, ауыл мәдениетін қайтсек көтереміз?
– Тоқсаныншы жылдардың басындағы кезеңмен салыстырсақ бүгінгі таңда ауыл мәдениеті әлдеқайда түзелді. Ауыл мәдениетін көтеру үшін мәдениет үйлері мен клубтардың, кітапханалардың бүгінгі талапқа сай болуы және материалдық-техникалық базасын нығайту, ауылдағы өнерлі жастарды ұстау, кәсіби мамандығы бар жас кадрларды ауылға тарту, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, пәтер мәселесін шешіп, толыққанды жұмыс жасауына мүмкіндік туғызу, әр кез елеулі еңбегіне орай марапатқа ұсынып, рухани қолдаған жағдайда ғана ауыл мәдениеті көтеріліп, ілгері жылжуға жол ашылады.
– Өткен жылы «Дана Мұхтардың дара шәкірті» атанған әкеңізКәмен Оразалиннің музей үйі ашылыпты. Оқырмандарымызға осы туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Ұлт руханиятының әдеби алтын қорына тарихи көркем повестер мен эпикалық романдар көшін жеткізген көрнекті халық жазушысы, әкем Кәмен Оразалиннің 1950 жылы өзі салып, 2008 жылға дейін өзі тұрған үйін, артына қалдырған тарихи мол мұрасы мен құнды жәдігерлерін жазушының мұрагері ретінде мемлекет меншігіне тегін бердім және өткен жылы 11 қарашада Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының бөлімі – «Кәмен Оразалинің музей-үйі» болып ресми түрде ашылды.
Кәмен Оразалиннің музей-үйі бүгінгі таңда халыққа рухани-танымдық қызмет көрсетіп, тәлім-тәрбие беру тұрғысында қалыпты жұмыс жасау үстінде. Жазушының музей-үйіне келушілерге қашанда есігіміз айқара ашық.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали