Руханият

ӘКЕ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Молдабай жайлап көзін ашты да, оң қырына аунап түсті. Әлгінде көргенін айыра алмай жатыр, түсі ме, өңі ме? Жоқ, түсі екен, түс көріпті. Япыр-ау, әкем екен ғой түсіме кірген.  Жарықтық қайдан жүр?!                 

Астына мінгені, мұның торы аты екен дейді. Өңі жылы, торының тізгінін қыса ұстап, қамшысын сипай қамшылап, «Артыма ер!» дегендей ым қақты. Ер-тұрманы күміспен қапталып келіскен. Кесек денесі ат үстінде мығым отыр. Күмістей ақ сақалы желпілдеп батысқа жол тартты. Қызықты қараңыз, өткен қыста ғана соғымға сойған төл жылқысы, адал аты  – Боян кісіней шұрқырап салт атты әкесінің алдында сар желісіне салып барады. Ауылдан көшерде осы Бояны мен торысын ешкімге сатпай да, бермей алып келген.

Соңғы дем

Өне бойын тер жуып кетті. Түсін қалай жорырын білмей тұр. Әсілі, түс көргенде тез жоритын әрі үнемі жақсылыққа жоритын. Ешкімге тіс жармайтын, тек жұбайына, ұлына  айтатын. Әкесінің бар кезінде көрген түсін әдейі алдына барып жорытатын. Бүгінгі түсі өзгеше. Сонда қалай, демек сағынған, сағыныш сезімі түске айналған. Дүниеден озғанына да көп болмаған, сегіз жылдың жүзі болған шығар.

Таңдайы құрғапты, қасына келген жұбайының кешкі асқа шақырғанына әуелі сусын ішіп, сәлден кейін тұратынын айтты. Балаларын сұрады. Үйдің іші жылы ұядай, жанға жайлы. Жасы келгенде адал еңбегіне: «Қалған ғұмырын тыныштықпен, бала-немерелерінің тілеуін тілеп отырсам, солардың қуанышын осы шаңырақта өткізсем» деген ізгі ниетпен сатып алған ыстық ұясы.

Жүрегі шаншыды, ауырып жүр ме, қалай? Өзін қалайда жайсыз сезінді. «Осы мен қысылып қалған жоқпын ба?» дегендей көңіліне қауіп кіріп, секемденді.

Есіне кешегі күн түсті. Күннің шуағы мол түскен бөлмеде ұл-келін, немерелерімен шай іше отырып мамыражай әңгіме құрған. Өткен-кеткенді, шуақты күндерін айтқан. Бабалары жайлы сөз қозғаған. Ұлына Қыдыр Жарылғапберді бидің Найманға Құнанбайдың осы елге аға сұлтандыққа келісім беріп, сайлануға келгенде оның жолын кесіп, тоқтатқанын айтқан. Батырлығына ақылы сай, мәрт Құнанбай ұтымды тапқырлыққа, аталы сөзге тоқтаған, еліне қайтқан.

Асыр сап ойнап жүрген немерелерінің бұлардың әңгімесін қызыға тыңдап отырғанына қарап өзара күліскен. Әдемі жайма-шуақ түс кезі, шоқтан түспейтін Әсияның күрең шайы бабында, хош иісі бұрқырап тұр. Дастарқан бай, молшылық. Түс ауа балалар өз үйлеріне қайтуға далаға шыққан еді. Енді сенбіде келмек.

Неге екенін білмейді, қақпадан шығып, едәуір ұзаңқыраған балаларын қайта шақырып алып, үлкен немересін бауырына басқан күйі иіскеп-иіскеп жіберді.

– Атасы-ау, болды ғой, неге сонша емірендің енді екі күннен кейін сенбіде келеді ғой?! – деп таңдана қараған жұбайы Әсияның сұрағына жауап қатпады. Өзі де білмейді, неге сөйтті. Әдеттегіден тыс, тіпті босап кеткендей, таңданып жатыр…

Енді бір сәт жанындай жақсы көретін ақсақалдар Әкпар мен Арыстанбек ағаларының бейнелерін көріп қалды. Елес! Жүрегі тағы шаншыды.

«Осы мен бұл дүниеден баз кешіп бара жатқан жоқпын ба?» деген суық ойдан жүрегі аузына тығылды. Бәсе бір нәрседен жаны жай таппай жүр. Соңғы күндері жүрегі жиі шаншып жүргені де рас. Қой, үйдің ішіне ескертейін, бұл жатысым бекер емес.

– Әсия! Балаларды шақырасың ба? Мен едәуір қысылып жатырмын. Қуаныш қайда? Бәрін шақыршы жаныма, деуге шамасы әзер жетті. Оқыс шыққан дауыстан жұбайы селк етіп, қосағының жүзіне көзі түскенде өңі боп-боз боп кетті. Тумысынан қайратты, жігерлі ерінің отасқалы бері ширек ғасырда қоштасқандай, өтінгендей, қимағандай шыққан дауысынан, бозарған өңінен қатты секем алып, басын сүйеп бауырына баса берді. Көкесі, не болды? Ауырып тұрсың ба? Жаныңа бірдеңе батты ма? Бисмилла! Бисмилла! – деп сасқалақтап, жүзіне қарай берген.

Көзін ақырғы рет ашып, аялай қараған ерінің көзі жұмылып, демі үзіліп бара жатыр еді. Саусақтары дірілдей жұбайының қолын сипай берді, қиналған жоқ. Бірер минут ішінде ұлы дене дүниеден баз кешіп, алыс сапарға, мәңгілік мекеніне жол тартты.

Қаралы хабар

Жүрегім ойнақшып ала-бұртып, аяқ астынан болған бір сезім бір орнымда отырғызбады. Сағат кешкі 9-дан асқан. Дәліздегі телефон безілдеді. Көтергім келмеді әлде көтергім келмегендей. Аппаратқа жақындағым келмеді, бірақ қоңырауға жауап беру керек. Көтердім, тұтқаны құлағыма тостым. «Көкем қысылып жатыр, тез жетіңдер!» деген жездем Нұрғазының бір ауыз сөзінен қатты шошындым.

– Тез балаларды жинап киіндір, көкем қатты қысылып қалыпты, жылдам жетейік, – деуге шамам келді. Үрейлі жүзімнен жолдасым да бірденеңі сезгендей тез жиналды. Үйден тез шығып кеттік. Ары қарай ата-анамның үйіне қалай жеттік, есімде жоқ. Үйге кіріп босағадан аттаған анамның жоқтаған дауысын естігенде асқар тау әкемнің дүниеден өтіп кеткенін сездім.

Көрші ақсақалдың бауырына басып, әкемнің бақилыққа аттанғанын естірткенін білемін.

– Әттеген-ай! Жүзінді көріп ақырғы сөзіңді ести алмағаным-ай. Неге асықтың, неге бізді ерте тастап кеттің? – деп, сене де алмай, булығып, егіліп жылағаным есімде.

Өзіңсіз өтті міне ширек ғасыр

Содан бері міне, пәниден бақиға аттанғаныңа 25 жыл болыпты. Уақыт өтіп жатыр. Сенсіз 25 жыл өтті. 25 жаз өтіп, 25 күз келді. Өзің кеттің, артыңнан Нұрғазы марқұм жөнелді. Тым жас кетіпті, аяқ астынан. Өкініш өзегімізді өртеді. 2001 жылы көктемде тәтем де озды өмірден. Ұзақ ауырды, қиналды анам жарықтық…

Улап-шулап қала бердік. Көке! 2003 жыл. Туысың, сырласың, досың Малдыбай қажы дүниеден озды. Мәңгілік мекеніңді белгілеп, арулап, піл сауырлы қара жер қойнына өз қолымен жөнелтіп еді. Ардақты Малдыбай қажы әкеміздің жаны жаннатта, иманы жолдас болсын! Артыңнан тағы да туыс-жақындарың, жерлестерің о дүниелік болып кетті. Бәрі айналаңда қатар жатыр. Ыстық-суыққа бірдей бала сияқты, ақкөңіл Нұртаза әйем біраз жасады. Қарайып ортамызда жүргені дәтке қуат еді. Мәңгілік ешкім жоқ. Атам өткенде ортамыз шын ойсырап қалды.

Алдымыз жетпіске, артымыз елуге жақындады. Аман-сау жүріп жатырмыз. Өзің көргендей бір қалада жақын тұрамыз. Немерелерің азамат болды, шөберелеріңізбен ойнап жүрміз.

Сендерді сағындым ғой асылдарым

Самайыма қырау түсті. Шашыма ақ кірді, алпысқа аяқ бастым. Атам жарықтық айтып отырушы еді ғой, есіңде ме?

– Ғұмыр деген өте шығады, көрген түстей. Артыңа қарасаң, осы жасқа келгеніне сенбейсің. «Қайран жастық, қайран өмір-ай!» деп қиналасың, – дейтін.

Бірақ шүкір, тәуба дейсің. Алланың берген ғұмырына ризамын. Ұрпағымды көріп, марқаям, қуанам. Ағайын берекелі болса, ынтымағы жарасты деген сол. Елім, жұртым аман болсын, шүкіршілік қылам. Әр пенденің өзіне өлшеп берген ғұмыры бар. Сыйласып жүргенге не жетсін. Бес саусақ бірдей емес, кешірімді, кең болу керек дейтін.

Көке! Сен туысыңа бауырмал, ағайынға адал болдың. Талай-талай қайтарымсыз жақсылық жасадың. Пенделіктен биік тұрдың. Ешкімді алаламай бәрін жақын тұттың. Немере-шөберелеріңнің өзіңнен алар үлкен өнегесі, осы бауырмал-туысшыл мінезің болар. Текті атадан тараған бабаларыңның жолын қуған намысты ұрпағы сен едің.

– Шіркін-ай! – деймін кейде. – Әке-шешем тірі болса, немере-шөберелерінің қызығын қызықтаса. Әрине, бұл қиялым. Сендерді аңсау, сағыну. Сол жазда 1997 жылы, өмірден өтер алдында ауылға бардың. Нәби ағамның атымен өзің көзін ашқан Суықбұлақтан бастап, бүкіл далаңды шарлап шығыпсың. Шымырлап шыққан мөлдір бұлақтан шөліңді қандырып, шалғыныңа аунап, таудың басына шығып, төңірегіңе көз салыпсың. Жүрегің сезді, білдің бұл жалғаннан өтеріңді. Елмен, жермен, туған-туыс, жерлестеріңмен қоштасуың екен. Соңғы рет қауышуың. Артынан естіп, ұзақ жыладым, еске түскенде де көңілім бұзылады. Сол жолы нендей ойларға түстің. Айтарың болды, айта алмаған шығарсың, арманың ішіңде кетті.

Мен де өзің басып өткен жерлермен өттім. Әдейілеп бардым. «Шалғында қалған белгі бар ма? Су ішкен бұлақта табаныңнан аяғыңның ізінен қалған із бар ма? Басына шығып, тауда тартқан темекіңнің күлі бар ма?» деп іздедім, қиялдадым. «Әкем осы жерге аунады, осы бұлақтан су ішті. Осы таудың төбесінде тұрып, төңіректі тамашалады. Соңғы рет қоштасты…» деп жорамалдадым.

Айта берсем, айтар жайлар көп, тағы бірде айтармын. Биыл тура 90-ға толар едің. Қайтеміз, жазмыш. Құран бағыштап еске аламыз. «Бала әкесіне қандай сыйлық жасаса болар еді?» деп ойланам ғой. Ойлана келе сағыну, аңсау сезімімді ақ қағаз бетіне түсіріп естелік жазу керек деп шештім. Ұлының – әкесіне деген мәңгілік сағынышы. Толғану, жазу үстінде көзімнен аққан жас қағаз бетіне моншақтай болып түсті.

Әлсіздігімді айып етпе, – Көке!

Жуасты, жасықты жақтырмайтыныңды білемін. Бәрі есімде, езді әсте ұнатпайсың. Қайратты, жігерлі, намысты болуымызды қалайтынсың.

Төмендегі үш жол көңіл-күйім, дүниеден озғаныңа 10 жыл толғанда жазылған еді. Арада тағы 15 жыл өте шықты. Уақыт озды. Ол кезде жас едім. Міне егде тарттық. Бірақ өзіңе деген сезім, сағыныш сол қалпында.

Он жыл болды бұл фәниден өткеніңе,

Көп жыл болды арамыздан кеткеніңе.

Жүрек шіркін сонда да сенбейді екен,

Жолаушылап кеткендейсің алыс елге.

 

Ортадан сәл жоғары бойың келген,

Иықты мығым еді шалқақ кеудең.

Салалы саусақтарың мұқалмаған,

Артық ет жоқ салмақты шымыр денең.

 

Сағынып, сағынышпен көп ойлаймын,

Түндерді таңға атырып қиялдаймын.

Мейірімді асыл бейнең көз алдымда,

Елестетпей жүзіңді тұра алмаймын.

 

Жатқан жерің жайлы, топырағың нұрға толсын!

Жүрегімнің төріндесің – Әке!

Советхан Молдабайұлы

Семей қаласы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button