«Екібастұзды» оғадай жапырды

«Алтай» екінші орында. Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының кезекті турында қонақта «Екібастұз» командасын 0:4 есебімен ойсырата жеңген жерлестеріміз 16 ұпай жинап, турнир кестесінде тағы бір сатыға жоғарылады.
Әзірге біздің ұжым көш басындағы шымкенттік «Қыраннан» алты ұпайға қалып тұр. Келесі турда Сергей Тимофеевтің шәкірттері өз алаңында өкшесін басып келетін Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдайтын болады. Бұл матч 19 мамыр, сенбі күні ойналады деп жоспарлануда.
Ал Екібастұз қаласында өткен кездесудің тағдыры алғашқы жарты сағатта-ақ шешіліп қойды. Бұл ойындағы есепті кездесудің 17-ші минутында жартылай қорғаушы Владимир Вяткин ашса, төрт минуттан кейін Константин Заречный екінші гол авторы атанды.
Ал үзілістен кейін бір-бір мәрте көзге түскен Арман Нүсіп пен Жандос Сұлтан таблодағы есепті 0:4-ке дейін жеткізді. Бұл есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ.
Нұржан Кенжеұлы