ҚоғамТОП

Екатерина Беспалова, ТЖД қызметкері: Диспетчер болу да оңай емес

Төтенше жағдайлар саласында диспетчер болып жұмыс істеу – анау айтқандай оңай шаруа емес. Бұл – нағыз кеңпейілді, мейірімі мол жандарға арналған жұмыс. Себебі соғылған әр қоңырау үні – біреудің аман қалған жаны болуы мүмкін.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің диспетчері Екатерина Беспаловамен 10 минуттық әңгіме барысында оған тоғыз қоңырау келіп түсті. Ал енді тәулік бойы қанша қоңырау шалынатынын елестетіп көріңіз…

– Сіз кіммен және немен мақтанасыз?

– Өз жұмысыммен, қызметіммен мақтанамын. Жалпы, төтенше жағдайлар қызметінде басқалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан етуге даяр адамдар ғана жұмыс істеуі керек деп ойлаймын.

– Адамдарға қандай үш кітапты оқуға кеңес берер едіңіз?

– Әлбетте, тіл үйрену мен дұрыс сөйлеу қабілетін дамытатын кітаптарды оқуға кеңес берер едім. Соңғы оқыған кітабым ерекше ұнады. Ол кітап «Зулейха көзін ашады» деп аталады, авторы – татар жазушысы Гүзәл Яхина. Негізі, кітап оқу адам баласы үшін ең пайдалы істің бірі деп санаймын. Өйткені кітап оқу ойлау қабілетін дамытады, оған қоса, стресті де азайтады.

– Сізге шынымен көмектескен ақыл-кеңес туралы айтып берсеңіз.

– Бәлкім, «бөтендікін алма, өзіңдікін берме» деген әжемнің айтқан ақылы болар.

– Болашақта нені үйренгіңіз келеді?

– Әрине, адам болған соң, жан-жақты дамығың келетіні рас. Өз басым маркетолог болғым келеді. Зейнеткерлікке шыққан соң осы бір іспен шұғылдансам деген ой бар, қолымнан келетін сияқты.

– Ең алғашқы еңбек күніңіз қалай өтіп еді, тәлімгеріңіз кім еді және сізді неге үйретті?

– Сонау 2002 жылы қызметке келген кезімде алғашқы тәлімгерім Вячеслав Рафисович Нуртдинов деген азамат болды. Өз ісінің нағыз майталманы деп сол кісіні айтар едім. Маған дүрбелеңге бой алдырмауды, әрдайым сабырлы болып, кезекшілікке жақсы көңіл-күймен келуді үйретті.

– Жақсы диспетчер атанудың құпиясы неде?

– Бәрі адамның өзіне байланысты, ең бастысы, өз жұмысыңызды жан-тәніңізбен жақсы көруіңіз керек. Азаматтық борышыңызды адал орындауыңыз шарт. Реттеуші құжаттарды бес саусақтай біліп, Конституцияны сақтауыңыз керек. Осылай ғана офицер атағына лайық бола аласыз.

– Отбасыңыз қызметіңізге қалай қарайды?

– Әрине, түсіністікпен қарайды, себебі менің жолдасым да бір кездері өрт сөндіру қызметінде еңбек еткен, өзімнің әріптесім деуге де болады. Ол бәрін біледі, бәрін түсінеді. Ал ағам кезінде «сен жұмысқа емес, қызметке барасың, сондықтан адал қызмет ет», – деген еді. Мен мұны ешқашан естен шығармауға тырысамын.

– Қызмет барысында болған ең ауыр жағдай туралы айтып берсеңіз.

– Ол оқиға есіме түскен сайын көзіме жас аламын. 2020 жылы қыс кезінде Шемонаиха ауданында қар үйіндісінің астында қалып қойған баланы іздеу жұмыстары жүргізілді. Көп ұзамай құтқарушыларымыз баланы тапты, бірақ тым кеш еді. Оның өміріне араша түсу мүмкін болмады. Өзім ана болған соң бұл жайт маған өте ауыр тиді. Жалпы, менің диспетчер ретіндегі басты міндетім – оқиға орнына күштер мен құралдарды уақытында бағыттау, жедел жәрдем мен өзге де шұғыл қызметтердің жұмысын ұйымдастыру. Рас, диспетчер болу көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес, бұл асқан жауапкершілікті қажет ететін жұмыс.

– Хоббиіңіз туралы айта кетсеңіз.

– Шынымды айтсам, хоббиге уақыт бола бермейді. Бірақ қолым босай қалғанда, балалармен велосипед тепкенді ұнатамын. Кез келген әйел адам секілді тамақ әзірлегенді де жаным сүйеді. Жаңа рецепттерді игеремін. Ұлым да әрдайым анасынан жаңа аспаздық шедеврлер күтеді (күледі).

  • Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Осы айдарда

Back to top button