Қоғам

Екі жүзді адам

Екі жүзді адам


Жер бетіндегі жаратылысы бөлек адамдардың бірі – XIX ғасырда өмір сүрген Эдвард Мордрейк есімді ағылшын азаматы. Англиядағы аса бақуатты әулеттің мұрагері саналған бұл жігітті жанын жегідей жеген қасіреттен ата-бабасынан жалғасқан аста-төк байлық та, табиғат сыйлаған асқан талант пен ақыл-парасат та еш құтқара алмаған.

Иә, Эдвард жастайынан көрікті келбетімен, туабітті ғаламат дарынымен, ақыл-ойының тереңдігімен қатарластарынан ерекшеленіп өсті. Бірнеше музыкалық аспапта шебер ойнайтыны тағы бар. Осындай екінің біріне қона бермейтін ерекше қабілеттерге ие Эдвардтың жалғыз ғана қасіреті ол – екі жүзділік. Тура мағынасында айтып отырмыз. Мұндай патологияны медицинада «Craniopagus Parasiticus» деп атайды. Дәрігерлердің түсіндіруінше, бұл бір денеде сиам егізінің бастары өсіп шығу барысында пайда болған деседі. Ағылшындық жігіттің шынымен де екі бет-әлпеті болған. Екіншісі шүйде тұсында орналасқан. Көрген адамдардың айтуынша, шүйдедегі жүзінің түсі тым суық, қатігездікті сездіріп тұрады екен. Куәгерлердің айтуына қарағанда, екінші бет ешқашан сөйлемеген, тамақ та ішпеген. Алайда екі көзі айналасында болып жатқанның бәрін ұдайы бақылап, кейбір сәттерде эмоциясын да байқатып қалады екен. Мәселен, Эдвард қатты мұңайып, көңілсіз күйге түссе, артындағы беті керісінше көңілденіп, қуанатын болған. Бір қызығы, түн әлетінде шүйдедегі беті оянып алып, өзінен-өзі сыбырлап, сықылықтап күліп, иесіне маза бермейтін көрінеді. Жиырма жылдан астам уақыт бұл қасіретті арқалап келген Мордрейк бұдан арыға төзімі жетпей, ота жасату арқылы екінші беттен құтылуға бел буады. Бірақ ешбір дәрігер күрделі отаны жасауға тәуекел етпеген. Ақыр-соңында ешкімнен көмек болмаған соң, Эдвард өз-өзіне қол жұмсап (екінші бетіне тапаншамен оқ атқан) өмірмен қош айтысқан. Өлгеннен кейін, туыстары оның жазып кеткен хатын тауып алады. Хатта Эдвард өзін жерлеген кезде «шайтани» жүзін отамен алып тастауды өтінген. «Оның жан түршіктірер сөздері мені көрде де тыныш жатқызбайды әйтпесе» деп жазып кеткен екен хатта.

Осы айдарда

Back to top button