Руханият

Екі жылда елеулі істер атқарылды

Екі жылда елеулі істер атқарылды


Осыдан тура екі жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірегей идея мен стратегиялық бастамасын халыққа жария етті. 2017 жылдың 12 сәуірінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді.

Елбасы бұл еңбегінде бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, еліміздің эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы секілді бұқаралық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттарын атап көрсетті. Аталған бағыттарды дамытуды қамтамасыз ету үшін Елбасы бірқатар арнайы нақты жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруды тапсырды. Бұл жобалар кейіннен біртұтас «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізілді. Содан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы түрлі түсті мозаикалық бүркіт бейнесіндегі логотипімен белгілі болып, «бестселлерге» айналды, ал қоғамдық сананы жаңғырту ұғымы еліміздің әрбір азаматының өміріне тереңдеп енді. Ең бастысы, адамдардың көзқарасы мен танымы, шынында да, өзгере бастады… Яғни, Тұңғыш Президенттің мақсаты – қазақстандықтарды қазіргі жаһандану заманындағы рухани құндылықтарға бастап апару болғаны ақиқат. Сырғып өткен 730 күннің ішінде аз нәрсе жасалған жоқ. Алда атқарылатын шаруалар да жетерлік. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста жүзеге асырылған жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова әңгімелеп берді.

– Әсем Бекқызы, екі жылдың ішінде қоғамдық сана жаңғырып, әлеуметтік өзгерулердің уақыты туды деп санайсыз ба?

– Бұған ешқандай да күмәнданбаймын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған алғашқы жылы-ақ өзгерістер байқалған болатын. Өйткені бұл барлық қазақстандықтардың көкейіндегісін дөп басқан ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба болды. Бұл бір жолғы ғана емес, ұзақмерзімге арналған перспектива. Адамдар, қоғам қазіргі тез өзгеріп жатқан жағдайларға дайын болуы керек. Қазіргі таңда рухани жаңғыру барлық салада ерекше маңызды, өйткені әлемнің дамуы бір орнында тұрмайды. Стандартты емес тәсілдер, инновациялық шешімдер мен IT технологиялар біздің өмірімізге тереңдеп енуде. Бірақ өз тарихыңды білу, туған өлкеңді зерттеу және сапалы білім – барлығының негізі болуы тиіс.

Айтыңызшы, ол үшін не істеліп жатыр? Екі жылдық мерзімнің нәтижелері қандай?

– Әрбір аймақта жобалық кеңселер ашылып, қазақ әліпбиінің латынға көшуі, «Жаңа гуманитарлық ғылым: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Киелі Қазақстан» секілді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша «Жол картасы» жасалды. Бағдарламаның барлық бағыттарын жүзеге асыру үшін 80 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Тек соңғы екі жылға 52 млрд. теңге бөлінсе, оның 20 млрд. теңгеден астамы бюджеттен тыс қаржы. Жалпы алғанда, біздің облыста республикалық реестрге енген 27 жоба және 18 кіші жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда үш жоба толық аяқталды. Олар ¬- «Әдеби Шығыс», «Қолөнер шеберханасы», халықаралық қоғамдық ғылыми-көпшілік «Таң» журналы. Тағы 16 жоба жүзеге асырудың кезекті кезеңіне өтті. Сонымен қатар ірі жобалардың негізгі индикаторлары мен көрсеткіштері асыра орындалып отыр. Таяу арада біздің өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шаралар үш мыңнан асып жығылады. Бұл тек қана жергілікті деңгейдегі ғана емес, республикалық, әлемдік маңызы бар шаралар. Осынау шараларға 647 890 облыс тұрғыны қатысты.

– Ауқымды және есте қаларлықтай іс-шараларды атап айта аласыз ба?

– 2018 жылдың қыркүйек айында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған елшіліктердің өкілдері, біздің республикамыздың еңбек сіңірген қайраткерлері, Қазақстан мен шет елдердегі археология және түркология саласындағы белгілі ғалымдар қатысты. Конференция шеңберінде археологияға, түркология тарихы мен туристік тақырыпқа арналған көрме ұйымдастырылды. Конференция нәтижесінде археология, түркология, алтайтану мен өлке тарихына арналған үш жинақ жарық көрді. Үш тілде «Тарихқа айналған мұра» атты деректі фильм түсірілді. Онда облыстың белгілі ескерткіштеріндегі археологиялық зерттеу жұмыстары көрініс тапқан.

«Шығысқазақстандық сазгерлердің шығармаларын сақтау және насихаттау, жергілікті халықтық және аспапты шығармашылықты, орындаушылық, хореографиялық, классикалық өнер мен театр өнерін дәріптеу мақсатында «Ертіс әуенінің әлемі» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға 2018 жылы бюджеттен 434,074 миллион теңге қаржы бөлініп, ол қаржы гастрольдік сапарларға, оның ішінде облыстың шалғай аудандарына шығуға жұмсалды. Сонымен қатар еліміздің әйгілі әртістері шеберлік сыныптарын өткізіп, филармониялар мен театрлардың әртістері байқаулар мен фестивальдарға қатысты. Материалдық-техникалық база нығайтылып, сахналық костюмдер жаңартылды, музыкалық жабдықтар сатып алынып, «Ертіс концерт» мекемесіне Орталық мәдениет үйі сатып әперілді. Сондай-ақ «Ертіс әуенінің әлемі» жобасы аясында Абай атындағы музыкалық-драма театры Моңғолияға, Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның «Кербез» фольклорлық ансамблі Польшаға гастрольдік сапармен барып қайтты.

Өткен жылы «Әдеби Шығыс» жобасы бойынша облыстық әдеби конкурстың жеңімпаздары атанған 2200 мектеп оқушысы Абай, Шәкәрім, М.Әуезов, Ф.Достоевский, А.Иванов секілді әйгілі ақындар мен жазушылардың өмірі мен шығармашылығына байланысты өңіріміздің киелі орындары мен нысандарын барып тамашалады.

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халықтарының мәдени мұрасы» атты жоба әзірленіп, жемісті жүзеге асырылды. Қазақ, орыс және татар халықтарының фольклорын зерттеу жұмысы негізінен осы халықтар жиі шоғырланған аудандарда жүргізілді. Экспедиция жұмысының нәтижесінде өздерінің сезімдерін «Сыбызғы» және «Қобыз» арқылы жеткізген ғашықтар туралы аңыздың желісі бойынша этнофестиваль өтті. Бұл – бес жылға жоспарланған жоба. Бұдан әрі «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқының фольклоры энциклопедиясын» шығару жоспарланып отыр.

Биыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сәйкес мұрағат істерін зерттеу жобасына өзгертулер енгізілді. Жоба аясында халықаралық фестиваль өткізу жоспарланып отыр.

Былтыр жазда «Алтай – Қазақстанның інжу-маржаны» атты суретшілердің республикалық пленэрі мен осы аттас көрме болып өтті. Экспозицияға «Көк-Тауда» өткен пленэрге қатысқан суретшілердің шығармалары қойылды. Алтайдың әдемі табиғаты суретшілерге шабыт сыйлады. Олар музейге Шығыстың әдемі пейзаждарын ғана емес, шеберханада жасаған еңбектерін де тарту етті. Олардың шығармаларын Шығыс Қазақстан өнер музейінің үш бірдей залынан тамашалауға болады.

Біз үшін мектеп оқушылары мен студенттердің ақпараттық технологияларға қатысты идеялары мен жобалары да – үлкен мақтаныш. Аймақта жыл сайынғы ҮІ «IT-білім – болашаққа жасалған қадам» атты IT фестиваль ұйымдастырылды. Өңіріміздің аудандары мен қалаларынан келген оқушылар 50 идея мен жобаларын ұсынды. Жыл сайын фестивальға қатысушылар соңғы жобалармен танысып, жаңа технологияларды бағалауына болады. IT-форумда роботтарды көріп қана қоймай, роботталған гидпен сөйлесуге, виртуалды көзілдірікті өлшеп көріп, 3D кітаптарды парақтауға да болады. Биылғы мамыр айында форум тағы да өтеді.

– Сіз 3D кітап туралы жақсы айттыңыз. Өткен жылы Шығыс Қазақстан өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығының осынау жобасы үздік IT-жоба болып табылды ғой.

– Иә, бүгінгі күні де олар Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына байланысты төрт интерактивті кітап шығарды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орай елордада ұйымдастырылған көрмеде алғашқы «Менің туған өлкем», «Абай әлемі», «Қазақ халқының дәстүрлері мен ғұрыптары» атты үш кітаптың таныстырылымы болып өтті. «Менің туған өлкем» кітабының мазмұны Шығыс Қазақстан облысының тарихы мен мәдениетін, географиясын, табиғи байлығын 3D форматта тамашалауға үлкен мүмкіндік береді. Ал «Абай әлемі» интерактивті кітабы ұлы ақынның шығармашылығына қызығушылықты арттырады. Материалдарды бейнежазбада беру ақпаратты сапалы сіңіруге ықпал етеді. «Қазақ халқының дәстүрлері мен ғұрыптары» кітабы адамның ішкі жан дүниесін толық ашып, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін терең білуге жетелейді. Бұлар алғашқы үш тілдегі 3D-кітаптар.

Биыл Шығыс Қазақстан өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығы «Шығыс Қазақстан халықтары» атты тағы бір 3D кітабын әзірледі. Онда сөйлейтін гид біздің өңірде тұратын этностармен таныстырады. Мұның барлығы бейнеанимациямен жабдықталған.

Екі жылда елеулі істер атқарылды

– Әсем Бекқызы, шығысқазақстандықтардың пікірінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қызықты бағыттарының бірі – киелі жерлер географиясы. Сіз осы оймен келісесіз бе?

– Шынымен, аталмыш жоба маңыздылардың бірі болды. Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы жылында-ақ әр өңір аймақтағы ғажайып орындар жайлы айта бастады. Біздің облыста археологиялық зерттеулер жүргізіліп, түрлі тарихи-мәдени нысандарды абаттандырып, аспан асты музейлері салынды… 2017 жылдың қыркүйек айында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары өңіріміздегі бірқатар киелі орындарды аралап, мемлекеттің қолдауымен жақын уақыттарда өңірге келетін туристердің саны артатындығын айтқан еді. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен Абай ауданындағы Ақтас тауында орналасқан Қоңыр Әулие үңгірі, «Туған жер» жобасы аясында аумағы абаттандырылған Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай Досханаұлы кесенесі сияқты орындарды киелі жерлер қатарына қосу үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар Шығыстағы киелі жерлердің өңірлік картасына Шілікті жазығы, Берел қорымы, Аблайкит бекінісі және басқа да тарихи нысандар енгізілді.

Бұл жерде жуықта Мәскеу қаласындағы Ресейдің қазіргі заманғы тарих мұражайында өткен «Ұлы дала алтыны» көрмесі жайлы айта кеткен жөн. Көрмеге 25 мыңнан астам экспонат қойылған. Ғылыми жұмыстар Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарындағы экспедицияларға жетекшілік еткен әйгілі қазақстандық археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың басшылығымен жүргізілді. Көрмені ашқан Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов ұсынылған экспозиция Қазақстан аумағында мыңжылдықтар бойы қалыптасқан байырғы көшпенділердің зор тарихи және мәдени мұрасы екендігін ерекше атап өтті.

Көрменің орталық элементі 2003 жылы Әбдеш Төлеубаев Шілікті қорымынан тапқан біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырлардағы «Алтын адамның» қалпына келтірілген экспозициясы болды. Көшпенді бейнесінің реконструкциясын жасаған – танымал шебер Қырым Алтынбеков.

Көрмеде Зейнолла Самашевтың Берел қорғанынан тапқан заттары, әсіресе салтанатты әбзелдері бар Берел жылқысының (б.д.д. IV-III ғ.) реконструкциясы үлкен қызығушылық туғызды. Ал Зейнолла Самашевтың Елеке сазы қорғанынан тапқан жәдігерлері сенсациялық жаңалық болды. Аталмыш қорымнан б.д.д. VIII-VII ғасырларға тиесілі жаңа «Алтын адам» табылған. Қазіргі уақытта ғалымдарымыз ресейлік әріптестерімен бірге мүрдеге антропологиялық және морфологиялық зерттеулер жүргізуде.

– Өңіріміз әйгілі ғалымдардан кенде емес. «Туған жерге туың тік» демекші, өзінің кіші отанына, туған жеріне қол ұшын беріп жүрген кәсіпкерлер, меценаттар аз емес болар?

– Әрине, облыс кәсіпкерлері «Туған жер» арнайы жобасына бір кісідей жұмылды. Меценаттар көмегінің есебінен және мемлекеттік-жеке меншік серіктестіктің аясында 2 355 465 219 теңге қаражатқа 63 нысан салынды. Бұлар – балабақша, балаларға арналған ойын алаңдары, мектептер, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары. Сонымен қатар көптеген нысандар қалпына келтірілді. «Менің мектебім» акциясын ерекше атап өткен жөн. Бұл жоба 2017 жылы өткен «Туған жер» кәсіпкерлер форумында жиналған 2,8 миллиард теңге қаражат есебінен жүзеге асырылған болатын.

-Сіз аймақ басшысының әлеуметтік сала бойынша орынбасары болғандықтан, білім сапасын арттыруға, мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне және инновацияға көп көңіл бөлесіз. Соңғы жылдары облыстағы білім жүйесінде не өзгерді?

-Түбегейлі өзгерістер орын алды. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында білім мекемелерінде «Өлкетану», «Саналы азамат» және «Отаным – тағдырым» атты бағыттар бойынша үш бірегей жоба, 18 кіші жоба және 65 іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Мұның барлығы білім, патриоттық тәрбие, рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға және насихаттауға бағытталған. Ең ірі және маңызды жобаларға тоқталып өтейін.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – үш тілде білім беруді енгізу. Осы мақсатта облыста үш тілде білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып, тілдік пәндерді оқытатын жетекші мұғалімдерден жасақталған жұмыс тобы құрылды. Облыстағы барлық мектептер оқушылардың тілге бейімділігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілінен бірыңғай оқулықтармен қамтылды. Екі жылдың ішінде 3700 тілдік пәндердің мұғалімі (61 пайызы) курстық дайындықтан өтіп, оқыту әдістемесін жақсы меңгерді. ТКТ (Teaching Knowledge Test) халықаралық емтиханының қорытындысы бойынша 363 ағылшын тілі мұғалімі мен 196 пән мұғалімдері сертификатталды.

Биыл көптілді білім беруді дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспары жасалды. Мұнда мұғалімдерге жоғарыда аталған үш тілді ғана емес, сонымен қатар француз және неміс тілдерін де үйрету көзделген. Облыстағы 11 мектепте француз тілін оқыту енгізіле бастады. Әзірге 200 оқушы үйреніп жүр. 1 қыркүйекке дейін 500 балаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Жоғары білімді, білікті кадрларды даярлау және мектеп түлектерінің шет елдерге кетуін төмендету мақсатында 2017 жылдан бері «Білікті маман» жобасы жүзеге асырылуда. Ең алдымен, мамандар қажеттілігін ескере отырып, грант саны жыл сайын артуда. Өткен жылдан бері өңірдегі еңбек нарығына қажетті жоғары білімді мамандарды мақсатты түрде оқытуға мемлекеттік білім тапсырысын беруді бастадық. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында «Археология» және «Мұражай ісі» мамандықтары бойынша оқытады. Бұл мамандықтар қазір сұранысқа ие, ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда тіптен қажет.

Бұл шаралардың оң нәтижесі де жоқ емес. Соңғы екі жылда мектеп түлектерінің шетелдің жоғары оқу орындарына кетуі үш есе азайды.

Өңірімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылуда. Мектеп түлектерінің 40 пайыздан астамы қазір саналы түрде колледждерде оқуды таңдайды. Сондықтан да жыл сайын мемлекеттік тапсырысты он пайызға көбейтеміз. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту жұмыстары, атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі оқу орындарын профильдеу, колледждердің материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттарға сай жабдықтау, кадрларды дайындауда World Skills халықаралық стандарттарын енгізу, колледждерді басқару жүйесін жетілдіру шаралары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта облыс колледждері базасында төрт орталық ашу, аймақтық колледждер құру және ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіптегі мехатроника сияқты болашақтың мамандығын оқыту жоспарланып отыр.

Дінтану, исламтану саласында білікті мамандар даярлау мақсатында дін істері басқармасымен бірлесіп «Рухани білім беру» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоғарыда атап өткен «Менің мектебім» жобасы облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған болатын. Осы жоба аясында өңірдегі 277 толық жинақты орта мектеп интерактивті тақталары бар заманауи кабинеттермен, Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттарына сай роботтық техника кластарымен жабдықталды. Семейдегі Электротехникалық колледждің базасында қосымша қаржылық шығынсыз балаларды роботтехникасы, бағдарламалау, 3D модельдеу, мехатроника, WEB-дизайнды оқытуға арналған модульдік бағдарлама жасалды.

Биыл «Менің мектебім» акциясының екінші кезеңі басталды. Қазір білім сапасын арттыру мен шағын жинақты мектептерді жабдықтау басты назарда. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап 378 мектепте, оның ішінде 351 шағын жинақты мектепте оқушыларға роботтехникасын, бағдарламалауды, 3D модельдеуді үйрету басталды. Осылайша, барлық 655 мектепте IT-сыныптар жұмыс істеп тұр.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен инклюзивті білімді дамытуға көп көңіл бөлінуде. Ерекше балалармен жұмыс істейтін 1200 мұғалім даярлау, 38 жалпы білім беретін мектеп аумағында кедергісіз орта қалыптастыру, 495 орта мектепті арнайы коррекциялық құралдармен, оқулықтармен қамту жоспарда бар. Семей, Өскемен, Шемонайха, Аягөз бен Тарбағатайда психолог-педагогикалық коррекция кабинеттерін ашу да – маңызды істердің бірі. Алғашқы коррекция кабинеті былтыр Семейде ашылды, ал биыл облыс орталығында зағип балаларға арналған бірінші сынып ашылды.

Шығыс өңірі мақтана алатын тағы бір жетістік – өлкетану оқулығы. «Алтын адам» республикалық жобасы аясында авторлар ұжымының қатысуымен және тарих ғылымдарының кандидаты, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Ж.Әубәкированың редакциялауымен 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану. Шығыс Қазақстан облысы» оқулығы жарық көрді. Оқулық материалдарын әзірлеуде жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, өлкетанушылар, мұражай және мұрағат қызметкерлері тартылды. Сараптамадан өткеннен кейін былтыр оқулық Білім және ғылым министрінің бұйрығына енгізілді. Бүгінде облыстың барлық мектептері осы жаңа оқулықпен қамтылды. Алдағы қыркүйекте «Ең үздік өлкетану сабағы» атты облыстық байқау өтеді.

Екі жылда елеулі істер атқарылды

«Тарих мұрасы» республикалық жобасы бойынша «Мектеп мұражайлары фестивалі» атты жаңа форматтағы іс-шараны өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тағы бір жаңа жоба – «Өз жеріңді таны» 2019-2020 жылдарға арналған «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы іс-шаралар жоспарына енді.

Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға білім саласында 22289 педагог, 35518 колледж студенттері мен 184671 оқушы тартылды.
– Идеологиялық маңызы ескірген көше атауларын өзгертуде де біршама жұмыстар атқарылғаны белгілі…

Былтыр облыстық ономастикалық комиссияның бес отырысы өтті. Бұл жиындарда идеологиялық мәні ескірген 296 көше, 14 әкімшілік-аумақтық бірлік және 17 нысанның атауын өзгерту жөніндегі ұсыныс-пікірлер қаралды. Атап айтқанда, Семейдегі Ленин көшесі – Мәңгілік Ел, Полковничий аралы – Бейбітшілік, Комсомол көшесі – Жібек жолы, Кутузов көшесі – Ардагерлер, Социалистическая көшесі – Самал, Колхозная көшесі – Берел, Крупская көшесі Әзілхан Нұршайықов болып өзгерді.

Өскеменде 55 көше мен екі саябақтың атауы өзгерді. Карл Маркс даңғылына – Қазыбек би, Ворошилов көшесіне – Шәкәрім, Питер Коммунарлары көшесіне – Лев Толстой, Революционная көшесіне – Қалихан Ысқақ, Орджоникидзе көшесіне – Сағадат Нұрмағамбетов, Дзержинский көшесіне – Әміре Қашаубаев, Киров көшесіне – Антон Чехов, Октябрьский көшесіне Мұхамеджан Тынышпаевтың есімі берілді. Атауы жоқ 41 көшеге жаңа атаулар берілді.

Көше атауларын өзгерту жұмысы облыс аудандарында да жүргзілді. Глубокое ауданында төрт әкімшілік-аумақтық елді мекеннің атауы ауысты. Бородулиха ауданындағы төрт ауылға тарихи атаулары қайтарылды. 2018 жылғы 28 желтоқсанда Зырян қаласы мен Зырян ауданын Алтай деп өзгерту туралы Президенттің Жарлығы шықты.

– Еліміздің жарқын келешегі үшін Шығыста атқарылып жатқан шаруа көп, жоспарлар да аз емес…

– Шындығында, қыруар жұмыс атқарылды. Былтыр біз өңірлер рейтингінде алдыңғы орында болдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырған екі жылда қоғамдық сананы жаңғыртудың барлық бағытында нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Алдағы уақытқа нақты жоспарларымыз да бар. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін әлі де талай жетістіктерге жететінімізге сенімдімін.
«Дидар»-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button