Екі жатақхана ашылды

Облыс əкімі Даниал Ахметов Д.Қалматаев атындағы медициналық колледжі мен Семей электротехникалық колледжі жатақханаларының ашылу салтанатына қатысты. Бұл – Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асырудағы маңызды қадам.
Бүгінгі күні Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғарғы медицина колледжінде 1300-ден астам студент оқиды, олардың жартысы – еліміздің басқа қалаларынан келген жатақханаға зәру жастар.
Медицина колледжінің 90 жылдық тарихы бар. Осы уақытқа дейін 40 мыңнан астам маман даярлаған оқу орны. Соңғы жылдары мұнда көптеген жағымды іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, оқу корпусы қайта жарақтандырылды, колледждің материалдық-техникалық базасы нығайды жаңа заманауи тренажерлар, манекендер орнатылды. Колледж халықаралық ынтымақтастыққа үлкен мән беруде. Колледж институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан сәтті өтті, сонымен қатар, жоғарғы колледж мәртебесіне ие болды. Соңғы үш жылда колледж студенттері мен оқытушылары түрлі деңгейдегі жарыстарға белсене қатысып, жеңімпаз атанды.
Бұл жатақхананы студенттер көптен күткен еді.
– Ел болашағы үшін қызмет ете беріңіздер. Дәрігер мамандар аса қажет. Сіздерге біз алдағы уақыттада қолдау көрсетіміз, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов жатақхана студенттеріне кілт тапсырылды. Жатақхананы аралап көрді. Облыс əкіміне Талдықорғаннан келген студент Зарина Бертісбаева ризашылығын білдіріп, жаңа жатақханада барлық жағдай жасалғанын айтты.
Ал жаңадан ашылған Семей электротехникалық колледжіне облыс әкімі плазмалық теледидар тарту етті.
-Алдағы уақытта жұмысшы мамандар даярлайтын осындай оқу орындары жаңаша жұмыс істейтін болады,-деді аймақ басшысы. – ІТ сыныптар мен робот сыныптар ашу үшін осы электротехникалық колледждің мамандары аса қажет. Себебі, бұл колледж тек облыс қана емес, республика көлемінде жаңа технологияны меңгерген мамандарды оқытады. ІТ технология мен робот техникасын мектептерге енгізу – Елбасының тапсырмасы. Бұл туралы Жолдауда нақты айтылған. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан елімізде көш бастап тұр.
Жатақхана заманауи стандартқа сай. 140 бөлме 350 орынға лайықталып жабдықталған. Ғимаратта асхана, кең акт залы, оқу залы бар, компьютерлермен жабдықталған, интернетке қосылған, Сoworking орталық бар. Тұрмыстық бөлмелер душ кабиналарымен, кір жуу машиналармен, киім кептіргіштермен, асхана жабдықтарымен, тоңазытқыштармен, бөлмелер жиһаздармен толық қамтылған, 26 бейнебақылау камералары орнатылған.
Облыс əкімі сондай-ақ «WorldSkills Kazakhstan 2018» чемпионатына қатысқан осы колледждің жеңімпаздарымен кездесті. Олар жеті алтын медальға қол жеткізген-ді. Электротехника колледжінің директоры Азат Сарпековтің айтуынша, жалпы командалық есепте Шығыс Қазақстан облысы 1-орынды жеңіп алды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.