ТОП

Екі жарым миллион теңге айыппұл салынды

Іргеден төнген індетті елең қылмай той тойлап, сейіл құрған сауықшыл ағайынға айтар сөз қалмады. Алды бір емес, бірнеше мәрте айыппұлмен жазаланып жатса да шектеудің шегінен шығып, сақтыққа салғырт қарауды қоймай тұр. Ал жауапты орындар болса, қауіпсіздік шараларын жүргізіп әлек. 

Елімізде және әлемде қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты Шығыс Қазақстанда қатерлі дерттің етек алуына тосқауыл қою мақсатында санитаритарлық іс-шаралар жалғасып жатыр.
Ел ішіндегі санитарлық нормалардың сақталуын бақылау үшін облыстың барлық қала-ауданында 46 мониторинг тобы құрылып, жұмысқа қызу кіріскен. Нәтижесі жаман емес. Биылғы 1 қазаннан бастап мониторинг топтарының жұмысы тіпті күшейтілген болатын.
Мәселен, Аягөз ауданында рейдтік шаралар 5 шілдеден бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін салынған айыппұлдардың жалпы сомасы екі миллион теңгеге жуықтайды. Қыркүйек айында екі мобильді топ мониторинг жүргізді. Олар 57 рет рейдке шығып, жиыны 171 нысан тексерілді. Нәтижесінде 25 бұзушылық анықталып, 1 902 930 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қоғамдық орындарда бетпердесіз жүріп, карантин талаптарын бұзған тоғыз адамға қатысты хаттама толтырылды. Сондай-ақ «Локомотик» компьютер клубына, «Құс жолы» мейрамханасына, «Алтын тас» мейрамханасына үш рет, «Әлем» тойханасына, «Маржан» дәмханасына, «Ақ ниет» мейрамханасына айыппұл салынды.
Аталған топтар қазан айында 77 рет рейд ұйымдастырып, 442 нысанды тексерді. Барлығын қосқанда 2 069 610 теңге көлемінде айыппұл салынды. «1001 түн» мейрамханасына екі рет, «Арлан» дәмханасына үш рет хаттама толтырылды. Тексеру барысында үйде той өткізгендер де белгілі болды. Қазіргі уақытта Аягөз ауданында 7 мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін 38 рейд жүргізіліп, 154 нысан тексерілді. Айыппұлдың жалпы сомасы – 1 125 090 теңге.
Мұндай жұмыс Көкпекті ауданында да атқарылуда. Барлық ауылдық округте мониторинг тобы құрылып, санитарлық талаптардың сақталуы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ әр ауылда волонтерлар түнгі кезекшілікке шығып, тұрғындардың қоғамдық орындарда ереже сақтауын бақылауда ұстайды. Аудан басшылығы әр топтың жұмысын жіті бақылауға алғанын айта кеткен жөн.
Шемонайха ауданы бойынша 12 мониторинг тобы жұмыс істейді. Рейдтік шаралар ауылдық округтерде тұрақты жүргізіледі. Қараша айының басынан бері 54 рейд өткізіліп, 218 нысан тексерілді. Нәтижесінде санитарлық нормаларды бұзу бойынша 90 факті тіркеліп, 49 айыппұл салынды. Айппұлдардың жалпы сомасы – 2 673 000 теңге.

“Didar” ақпарат

Осы айдарда

Back to top button