Екі сәбиге ұлттық аспап сыйлады

Өскеменде Ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан сәбилерге қазақтың аспабы тарту етілді. Бұл күні Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұжымы облыс орталығындағы екі перзентханаға барып, жас аналарды құттықтап қайтты.
Ынтымағы жарасқан түрлі этнос өкілдері таңсәріден Ворошилов көшесінің бойында орналасқан №2 перзентханаға келді. Онда сол күні өмірге нәресте әкелген Еркежан Пазыловаға шығысқазақстандық шеберлердің қолынан шыққан домбыра тарту етілді. Осы орайда Шығыс өңіріне тән өзіндік нақышта жасалған музыкалық аспаптың нарықтағы құны шамамен – 30 мың теңге тұратынын айта кеткен орынды.
Бұдан соң аймақтық Ассамблея өкілдері ана мен бала орталығына барды. Онда ұлық мерекеде дүние есігін ашқан Айерке есімді сәбидің анасы Гүлназ Бабаханованы құттықтап қайтты.
– Қазақтың қоңыр үнді домбырасын тарту етіп, балама ақ батасын берген Ассамблея ұжымына алғыс айтамын. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді Гүлназ Бабаханова.
Сондай-ақ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында Ұлттық домбыра күнін ұлықтайтын мерекелік шара өтті. Оған оннан астам домбырашы жиналып, халыққа өнер көрсетті. Концертте «Алтай» ансамблі, «Жалында» би тобы мен Ерасыл Ринатов, Қуаныш Оралбаев, Ақерке Амалят, Нұргүл Қабдоллаева, Боранбай Қалибаев сияқты өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Шара соңы жас пен жасамыс сайысқа түскен домбыра-патиге ұласты.
Ажар Сағатбекова