Қоғам

Екі оттың ортасында қалды

Көктемде алдын ала жолдама алып қойған туристер үшін биылғы демалыстары бұзылғаны былай тұрсын, турға төлеп қойған қаражаттарын қайтарып алудың өзі екіталай болып тұр. 

Әлемдік пандемияның кесірінен тұтынушыларына қызмет көрсете алмаған өңірдің туристік агенттіктері мен операторлары да екі оттың ортасында қалды. Алда жаңа маусым басталады. Бұл тығырықтан шығатын жол бар ма?

Әрине, коронавирустың салдарынан шетелге шығу азайып, ішкі туризмді дамытуға қолайлы сәт туғаны түсінікті. Бірақ осы ұтымды мүмкіндікті пайдаланып қалуға жергілікті туристік агенттіктердің қауқары жете ме?

Жергілікті  «Limpopo travel» туристік фирмасының  директоры Мария Русинаның пікірінше, агенттіктер үшін қиын сәт келді.

-Демалыстары төтенше жағдай мен карантин кезіне келіп, алдын ала алып қойған жолдамаларын пайдалана алмаған тұтынушылар қазір біздерден қаражаттарын қайтарып беруді талап етуде. Ол түсінікті. Бірақ турагенттіктерде ешқандай қаржы жоқ. Біз бар болғаны тұтынушы мен туроператорлардың арасын жалғастырушы көпірміз. Біз клиенттен түскен қаражатты туроператорларға аудардық. Олар болса өз кезегінде тұтынушыларға қызмет көрсететін  авиакомпаниялар мен қонақ үйлердің қызметіне төлеп тастады. Тұтынушы келісімшартқа бізбен туристік фирмалармен отырғандықтан, олар карантин мерзімі аяқталған соң бізді, туристік агенттіктерді жаппай сотқа беруге құқылы. Ондай күнде біз сот отырыстарынан көз ашпайтын боламыз. Ең бастысы – бізде бәрібір де ақша жоқ,-дейді Мария Русина.

– Еліміздегі барлық туристік агенттіктер Zoom алаңында бас қосып, осындай өзекті мәселелерді талқылап отырамыз. Осы жағдайда бізді құтқаратын бір-ақ нәрсе бар. Ол -банкроттыққа мораторий жариялау. Бүгінгі таңда Президент банкроттыққа мораторийді 1-қазанға дейін жариялағаны белгілі. Алайда туропеараторлар мүмкіндік дәлізін 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ашық деп отырғандықтан, туристік операторларға қатысты мораторийдің мерзімі осы датаға дейін ұзартылса деген ұсынысымыз бар. Сол кезде біз клиенттерге «қорықпаңыздар, олар міндетті түрде қызмет көрсетеді немесе қаражаттарыңызды қайтарып береді» деп, сеніммен айтар едік.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button