Қоғам

Екі отбасы баспаналы болды

Екі отбасы баспаналы болды


Марат Зайкеновтің айтуынша Ертіс тасыған кезде Пристаньдағы жер үйі су астында қалған. Ол балаларды сыртқа шығарып, құжаттарын жүгіріп алуға ғана шамасы келеді.

-Үйім жөндеуге мүлдем келмеді,-деді Марат Зайкенов,-өзім құрылысшымын ғой. Содан Семейдегі Юность кентінен Үкімет қаражаты арқылы пәтер сатып алуды жөн көрдім. Дәл бүгінгі уақытқа дейін «Семей» қонақ үйінде тұрып келдім.

Зайкеновтер мен Жұмаділовтер отбасының алған қос пәтеріне облыстық, қалалық мәслихат депутаттары Қайрат Мирашев пен Альбина Ахметова сый-сыяпат жасады. Қала әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, Жұмаділовтер мен Зайкеновтер отбасы осы ауданда тұруға келісіпті. Жұмаділовтер екі бөлмелі пәтерге, Зайкеновтер үш бөлмелі пәтерге ие болыпты. Оларға пәтерлерінің кілтін қала әкімі Ермак Сәлімов салтанатпен табыстады.

Бобровка тұрғындарының біразы әлі де болса қонақ үйлерде, туған-туыстарының үйінде тұрып жатыр. Себебі кейбірінің үйлері түбегейлі жөндеуді талап етеді. Қазіргі уақытта 134 үй қайтадан қалыпқа келтірілуде. Бұл үйлер бюджеттен тыс қаражатқа, яғни қоғамдық қор мен демеушілер арқылы жиналған қаржы бойынша жөнделіп жатыр. Қазір 117 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып қалды.

Қала әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, Семейде табиғи апаттан тоғыз жер үй мүлдем тұруға жарамсыз болып қалған. Мирный және Пристань аумағында 205 үй зардап шеккен. Олардың жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 343 млн 665 мың теңге бөлінген. Тағы да 58 млн. теңге үйлері жарамсыз болып қалғандарға жаңа пәтер сатып алу үшін қарастырылған. Пристань мен Мирный кенттерінде мердігер компаниялармен 127 келісімшарт жасалыпты. Зардап шеккендер өздері мердігер компанияны таңдап, қаланың ішінде өздері таңдаған жерден пәтер не үй сатып ала алады.

-Қазіргі уақытта зардап шеккен халыққа дүние-мүлік пен тұрмыстық техника сатып алу үшін де жәрдемақы бөлу мәселесі қарастырылуда,-деді қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов,-шығындарды есептейтін комиссия Бобровкадағы барлық проблемаларды назарға алып отыр. Қаражат адамдардың қолына берілмейтіндігі, тек Үкімет қаулысы арқылы ғана бөлініп, төлемақы түрінде болатындығы нақтыланды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button